Нұралықтар Қайролла Бекішевті туған жерінің нағыз жанашыры санайды
Бақиына қайтқанына 40 күн болған Қайролла Бекішев белгілі ғалым, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, жоғары оқу орнының үздік оқытушысы, Нұра ауданының Құрметті азаматы болатын.

Қара Нұраның қасиетті топырағында жарық дүние есігін ашып, орта мектепті аяқтады. Жоғары білімді маман болып оралғаннан кейін еңбек жолын туған жерінде бастаған Қайролла ағамыздың білімге құштарлығын, аса жоғары ұйымдастырушылық қабілетін байқаған ұстаздары оны өзі бітірген Қарағанды мемлекеттік педагогика институтына жұмысқа шақырады. Осы оқу орнында бес жыл қызмет етіп, педагогикалық еңбегімен қатар ғылыми ізденіске қабілетін танытқан талапты жігітті ЖОО басшылығы Мәскеу мемлекеттік университетінің зоология кафедрасына аспирант етіп жібереді. Қайролла ағамыз сол кездегі Кеңестер Одағының астанасына қонақ болып емес, білім қуып келгенін үлкен жауапкершілікпен сезініп, уақытын зая жібермей, ғылыми ізденіспен өткізді. Маңдай тер, еңбек зая кетпей, 1979 жылы Мәскеудің Северцев атындағы ғылыми-зерттеу институтында кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Сөйтіп, жас ғалым елге абыроймен оралып, жұмысын әрі қарай жалғастырды.
Халқымыз «Білім – инемен құдық қазғандай» тегін айтпаған ғой, Қайролла ағамыздың ғылымдағы жолы үнемі қажырлы еңбекпен, ізденіспен, студентерге дәріс бере жүріп, шаршамай-талмай білімін шыңдаумен өтті. КСРО-ның алғашқы һәм соңғы Президенті М.Горбачевтің жариялылығы нәтижесінде ұлт республикалары тәуелсіздігін жариялап, әр халық дербес отауын көтеріп жатқан өлара шақта Қайролла Бекішевке ЖОО басшылығы жауапты іс тапсырды: ол Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ге тәрбие жұмысы бойынша проректор лауазымына тағайындалды. Бұл бұрынғы жоспарлы экономика күйреп, нарықтық қатынастар толық қуатында жұмыс істей алмай жатқан аса қиын кезең болатын. Адамдар бірнеше ай қатарынан жалақы алмаған, ауылдар түгілі қалалардың өзінде электр қуаты жетіспейтін, жарық сөніп, жылу берілмеген жылдар еді. Жатақханалардан береке кетіп, студенттер пәтер жағалап, туған-туысын сағалап кетуге мәжбүр болған. Қайролла аға тың қызметке білек сыбана кірісіп, студент жастарды жатақханаларға әкелу үшін ең алдымен, оларды әр түрлі үйірмелерге, спорттық секцияларға тартты. Бірте-бірте елдің әлеуметтік жағдайы оңалды, жатақхана студенттердің өз үйіне айналды.
Нұралықтар Қайролла Бекішевті туған жерінің нағыз жанашыры, патриоты деп біледі. Нұра өзенін сынап қалдықтарынан тазарту жөніндегі жобасы туған жері мен елінің қамын ойлаудан туындағаны күмәнсіз.
Орталық Қазақстандағы тіршіліктің күретамыры Нұраның ластануы тек мұндағы өсімдіктер мен жануарларға ғана емес, арнасын бойлап қоныстанған адамдар үшін де аса қауіпті екенін жерлес аға ғылыми тұрғыдан әлдеқашан дәлелдеп берген болатын. Ұзындығы мың шақырымға созылатын Нұра өзені жағалауын бойлай орналасқан елдімекендер үшін тіршілік көзі. Ғалым экологиялық апаттардың алдын алуға байланысты тұжырымдарын бүкпесіз, боямасыз, биліктегі басшылардың көзқарасынан қаймықпай, ашық білдіреді. Әсіресе, Нұра өзенінің табанында мыңдаған тонна сынап қалдықтары шөгіп жатқандығын нақты дәлелдермен көрсетті. Нұраның арнасына Қарағанды мен Теміртаудағы кәсіпорындардан құйылатын сарқынды сулардың көлемін, зардабын ашына айта келіп, өзенді кешенді түрде тазарту қажеттілігін алға тартып, ол үшін арнайы бағдарлама да әзірледі.
Бәзбіреулер сияқты кеудесін соқпай, дау-дамай көтермей, ақырын жүріп, анық басатын Қайролла аға экология саласында қыруар жұмыс тындырды. Жалпы, болмысы бөлек, талғамы ерек азамат соңына 120-дан астам ғылыми еңбек қалдырған екен.
Суына шомылып, жағасында ойнақтаған Нұрасын ол ерекше қадірлеп жақсы көретін:
– Нұра – менің кір жуып, кіндік кескен жерім, Нұра – менің мақтанышым, бүгінім мен келешегім. Менің қорғаным да, барым да, асылым да осы қара Нұра. Мен оған мәңгі қарыздармын, – дейтін еді ағынан жарыла.
Ағамыз зайыбы Хауа Нашарбекқызымен қосылып, екеуінің отау көтергеніне биылғы жылдың 25 шілдесінде тура 60 жыл толған еді. Жарасымды ғұмыр кешкен жұп дүниеге төрт бала әкеліп, тәрбиеледі. Қазір олардың бәрі де Қазақстанның белгілі, беделді азаматтары. Болашақ биолог мамандарға білім мен тәрбие беріп әрі ғылымды дамыта жүріп, туған өлкесінің қамын естен шығармайтын, елі мен жерінің нағыз патриоты Қайролла ағамыздың есімі нұралықтардың жүрегінде мәңгі сақталады.
Бикен АХМЕТОВА,
Қазақстанның Құрметті журналисі