Шомылудың да өз тәртібі бар
Елімізде шомылу маусымы ресми түрде 1 маусымнан басталады. Ал, «Қазгидромет» биылғы жаз ерекше ыстық болатынын мәлімдеп отыр. Облыстың төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындарына судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін қанша ескерткенімен, жыл сайын қайғылы оқиғалар орын алуда. Мәселен, өткен жылы 16 адам суға кеткен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстың төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ақылбек Ахметжанов мәлімдеді.
Облыста су айдындарындағы оқиғалардың дені Бұқар жырау, Абай, Ақтоғай, Нұра және Осакаров аудандарында, сондай-ақ Қарағанды, Теміртау қалаларында болатынын айтады Ақылбек Қосманұлы. Одан бөлек, Балқаш және Приозерск, Шахтинск, Саран қалаларында, Қарқаралы және Шет аудандарында да суға кету жағдайлары орын алады. Мәселен, өткен жылы болған 16 жайттың төртеуі – Теміртау қаласында болған. Айта кетерлігі, шомылу үшін белгіленбеген жерлерде суға түсу дәл осындай қайғылы жағдайларға алып келген.
– Жаз мезгілінде облыс аумағында су маңында жаппай демалуға рұқсат етілген 89 орын жабдықталған. Оның бесеуі коммуналдық болса, 83-і – жеке жағажай. Одан бөлек, 1 сауықтыру лагері бар. Қауіпті учаскелер тыйым салу және ескерту белгілерімен жабдықталған. Облыс бойынша 2020 жылдан 1327 ескерту және тыйым салу белгілері орнатылды. Ал, өткен жылы 423 белгі қойылды. Биыл қосымша 90 тыйым салу және ескерту белгілерін орнатуды жоспарлап отырмыз, – деді Ақылбек Ахметжанов.
Суға түсу маусымында облыс аумағындағы су айдындарында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін департамент бөлімшелері 96 адам, 20 техника және 25 жүзу құралын дайындағанын айту керек. Одан бөлек, 47 қоғамдық құтқарушы оқудан өтсе, тағы 67 құтқарушыны оқыту жоспарда.
– ТЖД бөлімшелері 1 мамырдан тұрғындармен ауқымды профилактикалық жұмыс бастады. Өткен кезеңде полициямен бірлескен 800 рейд, облыстың су айдындарында 270 патрульдеу жүргізілді. 6 мыңға жуық профилактикалық әңгімелер өткізілді, суда жүріс-тұрыс ережелері бар жадынамалар табысталды, – деді Ақылбек Ахметжанов.
Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері су пайдаланушылармен, су айдындарындағы демалыс аймақтарының иелерімен, балалар лагерьлерінің директорларымен дөңгелек үстелдер мен әңгімелер өткізетінін де айту керек. Ал, өздеріне бекітілген акваторияларда адам қаза тапса, аймақ иелері жауапты болады.
– Жаз мезгілінде облыс аумағында ересектер мен балалардың демалуы үшін балалар мен мектеп жанындағы лагерьлер, санаторийлер, жағажай аймақтары, демалыс аймақтары және басқа да мәдени-сауықтыру нысандары жұмыс істейді. Осыған байланысты, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында облыстың төтенше жағдайлар департаменті суда жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін тыйым салынған жерлерде және табиғи жағажайларда суға түсуге болмайды. Одан бөлек, мас күйде суға түсу, көпірлерден, пирстерден, қайықтардан суға секіру де қайғылы оқиғаға ұшыратуы мүмкін. Ал, жүзе алмайтындар үрлемелі матрастарды пайдалануға болмайды. Өйткені аударылып қалу және жағадан алыс жерге кетіп қалу қаупі бар, – дейді Ақылбек Қосманұлы.
Департамент қараңғыда суға түсуге қатаң тыйым салынғанын айтады. Ең бастысы – балаларды ересектердің бақылауынсыз су айдындарына жіберуге мүлдем болмайтынын естен шығармау керек.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz