Шомылу маусымы ашылды

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жаз мезгілінде су айдындарындағы адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізілетін іс-шаралар туралы мәлімдеді.

Департамент бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Ибрагим Күлшімбаев журналистермен кездесу барысында төтенше жағдайлардың алдын алу шараларымен таныстырды.

Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Федоров, Самарқанд, Шерубай-Нұра, Кеңгір су қоймаларының жағалауларында, сондай-ақ, Балқаш және Айнакөл көлдерінде орналасқан құтқару бөлімшелері су қоймаларында орналасқан. Бөлімшелер қажетті көлікпен жүзу құралдарымен жабдықталған. Алдын алу шараларына жете назар аударылып, еңбек және демалыс сауықтыру лагерьлерінің қызметкерлерін оқытып жатырмыз. Өткен жылы облыс бойынша 13 мыңнан астам баланы мамандар суда жүзуге үйретті. Биылғы жылы 2000-нан астам бала арнайы дәріс алды, деді Ибрагим Күлшімбаев.

Спикердің айтуынша, көпшілік демалатын орындарда құтқару бекеттерін, медициналық көмек бөлмесін ұйымдастыру жұмыстары жүргізілген көрінеді. Мамандардың сөзінше, судағы төтенше жағдайлар, азаматтардың су айдындарында құтқарушылармен бақыланбайтын жерлерде демалуларынан, мас күйінде шомылуы, қауіпсіздік ережесін сақтамау, балаларды үлкендердің қараусыз қалдыруынан оқыс оқиғалар орын алған.

Нұрдос КӘРІМ,

«Орталық Қазақстан»