Жаңалықтар

Шойын жолда шыңдалған əулет

Əр адамның дара жолы бар. Таңдауы – сол. Ал, бір отбасының бір салада жұмыс істеп, сол жерден болашағын бағдарлағандарды кім дейміз? Əрине, бұл – ұрпақтар сабақтастығы. Біз, əңгіме арқауына алып отырған əулет те «Теміржол – өмір жолы» дегендер…

1937 жылы Қарағанды-Балқаш теміржолы тартылғанда құрылған Ақадыр станциясында Төлеу Жұматаев вагон ДЕПО-сында қызмет атқарды. Ауыр да қызықты еңбекте шыңдалған азамат ауылда абыройлы болды. Теміржолдағы Жұматаевтар əулетінің ғұмыры осылай басталды. Кейінгі ұрпақтары да осы саланы таңдады.

Ұлдарының үлкені Амантай машинист көмекшісі, ДЕПО-да кезекші, зейнеткерлікке шыққанша дөңгелек цехында жұмыс істеді. Тоқаш болса, ДЕПО-да еңбек етті. Ал, Боран – машинист көмекшісі, жолсеріктік жолды мұрат етті. Үйдің кенжесі Кенжетай – теміржолда өрт сөндіруші.

Ауылда қалып қоймай, жоғары білім алып, биіктерді бағындырамын деген Жақсылық Төлеуұлы 1959 жылы дүниеге келді. Əкесі ырымдап, ауылға астанадан жұмыс бабымен келген «Жақсылық» есімді басшының атын қойды. Ұлының өмір жолы даңғыл болсын деген еді.

Дуалы ауыз ауыл азаматының сөзі де желге ұшпады. Еңбекқор Жақсылық 1978 жылы Алматыдағы теміржол институтына оқуға түседі. Оқу орнын бітірген жас маман туған ауылына келіп станция кезекшісі қызметін бес жыл істеді. Кейін 1997 жылдан Жезқазған станциясын сегіз жыл басқарды. 2006 жылы «Қазақстан темір жолы» Ақмола филиалының директоры қызметіне тағайындалады.

– Жақсылықтың жақсы бір қасиеті – əр қолға алған ісінің түбіне дейін жеткізетіндігі. Темірдей тəртіп пен адал еңбектің адамы болды. Жоғары кəсіби біліктілігі, күрделі мəселені шебер шеше білетін қабілеті, еңбеккерлерге, əріптестеріне деген сыйластығы есімізде қалды, – дейді əріптесі əрі досы болған «Қазақстан теміржолы» ҰК АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Əлмағанбетов.

Ажал айтып келмейді. Жақсылық Төлеуұлы «Қазақстан теміржолы – Жүк тасымалы» ЖШС қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің директоры қызметінде жүрген уақытында қайтпас сапарға аттанып кете барды.

Ақадыр кентінде 45 жыл бойы теміржол саласында қажырлы қызмет атқарған, теміржол саласының үздігі, Құрметті теміржолшы Жақсылық Төлеуұлына арналған мемориалдық тақта қойылды.

Ұрпақтар сабақтастығын жалғастырушы Шəкəрім Жанабайұлы Жұматаев бүгінгі күні «Қазақстан темір жолы» Қарағанды бөлімшесі директорының бірінші орынбасары болып еңбек етуде.

Ақадыр станциясында еңбек өтілі басталған Жұматаевтар əулетінің еліміздің теміржолына сіңірген еңбегі алдағы уақытта да жалғаса бермек…

Əдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button