Шоқ шайнап, от бүріккен
Металлург. Бұл мамандық тек шойын мен болатты балқыту емес – ол жүрекпен сезініп, жанмен атқарылатын ауыр да абыройлы еңбек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай еңбеккер жандарға арнап, «Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деп баса белгіледі. Әрбір отқа жанған пештің, әрбір құйылған металл құймасының артында адам тағдыры, қажыр-қайрат пен төзімділік жатыр. Осы киелі істің құрметіне шілде айының әрбір үшінші жексенбісі Металлургтер күні ретінде бекіді. Бұл – тарихи дәстүрді жаңғырту ғана емес, ел өндірісінің қара нары болып келе жатқан жандарға көрсетілген зор құрметтің белгісі еді…

…Сол күннен бастап, домна пештері маңындағы еңбеккерлер, құрыш құйып, болатқа жан бітірген азаматтар өз кәсіби мерекелерін салтанатпен атап өтеді. Бұл – еңбектің даңқы мен темірдің тегеурінін ұштастырған нағыз ерлердің мерекесі. Металлург болу – отты сүйіп, отты бағындыру. Бұл мамандық – өмір салты және теңдессіз ерлік.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтты.
– Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық Құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
***
Болат жолдың бастауына оралайық. Ұлан-ғайыр Қазақстанның металлургия саласындағы сырлы шежіресі 1960 жылдан басталады. Теміртауда тұңғыш рет металлургиялық комбинаттан шойын алынып, ел болашағының жаңа беті ашылды. Осы сәулелі сәттер тұтас бір саланың дүние есігін ашқан, Тәуелсіз Қазақстанның өндірістік күретамырына айналар күн еді. Содан бергі алпыс жылдан астам уақытта металлургия еліміздің жетекші, болашағы зор салаларының бірі болып қалыптасты. Оның тамыры шым түбіндей тереңде, яғни, Қазақстанның бай әрі берік шикізат қорында жатыр. Жер қойнауындағы мол қазына, тау-кен өндіру, өңдеу және металлургия кәсіпорындарының дамыған жүйесімен үйлесім тауып, елімізді жер жүзіндегі тау-кен өндірісі дамыған жетекші 15 мемлекеттің қатарына жеткізді.
Ал, бүгінде Қазақстан металлургиясы мыңдаған адамның тағдырымен біте қайнасқан, ел дамуының өзегі. Ресми мәліметтерге сүйенсек, сан салалы салада 91 мыңнан астам азамат еңбек етуде. Ел бойынша 228 металлургиялық кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың жылдық өнім көлемі 8,2 триллион теңгеге жетіп отыр. Әлбетте осы санның арғы жағында күн-түн демей, ыстық пештің жанында тер төккен мыңдаған металлургтің ерен еңбегі тұр. Қазақстанның болашаққа бастар болат жолы осындай жанкешті жандардың қос қолымен қаланып жатыр.
Асылы, қазақ жерінің әр қойнауы тек байлықтың емес, болашақтың да алтын бастауы. Қазыналы Қазақстан сирек кездесетін аса қымбат металдарды өндіру арқылы әлемдік нарықтың назарын өзіне кілт аударуда. Бериллий, тантал, ниобий, висмут, теллур мен селен деген атының өзі ғылым мен технология әлемінде жаңғырып тұратын ерекше элементтер еліміздегі өндірістің жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді. Әсіресе, әлемдік аэроғарыш алыптары Boeing пен Airbus сынды компаниялар республикада өндірілетін титанға жоғары сұраныс білдіруде. Демек, ел металлургиясының сапалық жаңа кезеңге аяқ басқанын, отандық шикізаттың халықаралық стандарттарға толық сай келетінін мойындайтын уақыт келді. Әлем көгіне самғар ұшақтардың қанатына жан бітіріп тұрған титан қазақ жерінің топырағынан, қазақ металлургінің маңдай терінен жаралған.
***
Енді сандарды сөйлетелік. Былтыр металлургия өндірісінің 8,3 пайыздық өсімі тіркелді. Бұл мәлімет 15 шілде күні өткен экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі жедел штаб отырысында жария етілді. Сандарда стратегиялық жоспар, инвестициялық сенім және әр сағат сайын жанып жатқан пештердің жылуы мен жұмысшылардың қажырлы еңбегі жасырынып жатыр. Бұл орайда Қазақстан металлургиясының сом жүрегі саналатын орталық облысымыздағы алып өндіріс ошағы, ел ішіндегі ең ірі металлургиялық зауыт — «Qarmet»-ті айналып өте алмаймыз. Заманауи зауыт тұтас металлургия саласының символы ғана емес, бүкіл бір өндірістік мектептің, бірнеше ұрпақтың еңбек даңқының куәсі. Бүгінгі металлургия дейтініміз тек шойын мен болат қана емес, ғарышқа самғар арман, ғылыммен сабақтасқан өндіріс, әлемдік нарықтағы ел абыройының темір тірегі ме дерсіз.
Ал, құрыш қала Теміртау үшін қазақстандық магнитка – қала құраушы кәсіпорын ғана емес, әр тұрғынның мақтанышы. Біздегі болат ақзер әлемге танымал әрі осы толайым жетістік біздің металлургтермен тікелей байланысты. Осы күні тау-кен металлургия кешені елдің жалпы ішкі өнімінің 10 пайызын құрап, 12 триллион теңгенің өнімін өндіреді. Сан тарапты салада 200 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Республика аумағында қара металлургиядан басқа түсті металлургия жақсы дамыған. Бұл тек ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға ғана емес, сонымен қатар, түрлі-түсті мыс, алюминий, мырыш, қорғасын сынды металдарды шетелге экспорттауға мүмкіндік береді. Қазақстанда титан, магний, марганец, вольфрам әрі сол сияқты басқа да металдар, сондай-ақ, алтын мен күміс өндіріледі.
Тобықтай түйініне келгенде, темір атаулысын тегеурінімен, білектің күшімен иіп, болатты жүректің ыстығымен балқытқан қазақ металлургі ұлт рухының айшықты көрінісі, мемлекеттің жанкешті тірегі. Металлург – маңдай терімен мемлекеттің мейманасын тасытып, пеш түбіндегі ыстыққа төзсе де, елге деген сүйіспеншілігін суытпаған адам. Уақыт өткен сайын ел жаңарады, зауыттар жаңғырып, технологиялар түрленеді. Бірақ, отты сүйіп, темірді жанын беріп балқытқан Еңбек Ерінің жарқын бейнесі еш өзгермейді. Болатты балқытқан қол – елді өрге сүйрер жол!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»