Шоқан жазбасы – Алты Алаштың алғашқы құқықтық петициясы
1864 жылдың ақпанында жазылған Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың «Сот реформасы туралы» еңбегі – таза ниетпен күндемей де, қарғамай да ақылмен, өз жүрегіне қорықпай терең бойлап бара алар, іргелі істен үміт үзбес, дүние қызығына алаң болмай, асықпай, ерінбей, түпнұсқадан түбегейлеп оқуға талпынған ойлы оқырманға арналған сот ғылымының соны сөзі.

Қазіргі уақытта көпшілікке Шоқан сөзінің сыры Жалғызтаудағы бітік тастарда белгісіз тілде жазылған білім іспеттес жұмбақ көрінері де шындық. Жаңағы жұмбақ білім таңбаланған бітік тастар – байырғы Байбөрі жұртындағы Жақсы Абыралы тауының солтүстік-шығысында оқшау жатқан Жалғызтаудың бойында әлі күнге дейін сыры ашылмай, оқылмай, шешуі табылмай жүрген артифакт. Ол үшін Жалғызтаудың таңбалы тастары мен Шоқан жазбасының ешбір жазығы жоқ, оған кінәлі немкеттілік, еріншектік.
Жалғызтау мен Шоқан сөздері алғашқыда 1903-1904 жылдары Ресей императорлық орыс географиялық қоғамының жазбаларында жарық көрген. Жалғызтаудағы жұмбақ тілдегі бітік тастар туралы Қарқаралы уезіне қарайтын Абралы болысынан түскен ақпарат географиялық қоғамның Батыс Сібірге қарайтын Семейдегі бөлімшесінің жазбасында «Семей облысындағы ескінің ескерткіштері» деген атпен Н.Коншиннің авторлығында 1903 жылы жарияланды (1-32 бб.). Шоқанның шерлі сөзі 1904 жылы Санкт-Петербургте Императорлық Орыс географиялық қоғамының этнография бөлімшесінің ғалымының шығармаларына арналған ХХІХ томында жарық көрді. Ғалым Шоқанға арналған бұл том «Сочинения Чокана Чингисовича Валиханова» деп аталса, біз сөз қылып отырған жазбаның атауы «Записка о судебной реформе у киргизов Сибирского ведомства» деп көрсетілген. (151- 178 бб.) Кейінгі советтік заман оны «Записка о судебной реформе» деген атаумен ғылыми айналымға қосып жіберді.
ХХІХ томда да Шоқан сөзінің атауы дұрыс, әлде бұрыс берілді деп тап басып айта алмаймыз, өйткені жинақта тұпнұсқаның көшірмесі жарияланған. Шоқан сөзінің көшірмесін 1887 жылы Г.Потанинге генерал губернатор Г.Колпаковский жолдаған. Ал, Колпаковскийге түпнұсқадан кім көшіріп бергені әзірше бізге беймәлім. Түпнұсқаның көшірмесі жайында жинақ редакторы Н.Веселовский кіріспе сөзінде келесідей түсіндірме келтіріпті: «копия докладной записки штабъ-ротмистра Валиханова по вопросу объ устройствѣ судебной части въ Акмолинской области, составленной на основаніи наблюдений и фактовъ, заимствованныхъ изъ дѣлъ областного правленія и окружныхъ приказовъ…» Редактор Н.И.Веселовский дің кіріспелік түсіндірмесі де жинақтағы Шоқан жазбасының мән-мағынасын, мақсатын толық ашып беріп отырған жоқ. Шоқанның осы ресми жазбасы 1863 жылдың жазында қырдағы қазақтың сот билігіне қатысты ұйымдастырылған экспедицияның құрамындағы соңғы сапарында туған сот ғылымы туралы сөзі еді. Сол себептен Омбы архивінен Шоқан сөзінің түпнұсқасы табылғанша қазақ оқырманына Шоқан сөзінің құқығын бұзбай, мәтін мәніне, ішкі сырына сәйкес түзу жеткізу үшін «Сот ғылымының соны сөзі» деген қазақша ат қоюға үкім еттік.
1863 жылдың 13 мамыр күні Батыс Сібір генерал-губернаторы А.Дюгамель әскери губернаторға штаб-ротмистр Шоқанның Көкшетау, Атбасар, Ақмола, Қарқаралы, Баянауыл округтеріне қызметтік сот сапарына қатысуға шақыру қағазын жолдаған болатын. Шақырудың сыр-себебі 1862 жылы Орталық отарлаушы билік бастаған сот жүйесіне өзгертулер енгізу ісін өз аймағында уақытылы жүзеге асыру мақсатында Омбы билігіне ғалым Шоқанның сот ғылымы саласындағы білімі, білігі, беделі керек еді. Сол себептен, сот реформасына қатысты қазақ халқының пікірін ресми жинау қажеттілігі губенаторды Шоқанды
қазақ округтеріне шыққан комиссия құрамына заңды түрде енгізуге мәжбүр қылған. Осы арада біз Шоқанның халық арасында сот реформасына қатысты сауалнама жүргізетін мемлекеттік іс-сапарындағы құқықтық мәртебесін мен заңды өкілеттіктерін ашық анықтап алуға тиіспіз. Шоқан 1861 жылы Ресейдің шетел істер министрлігінің Азия департаменті қызметін сырқатына байланысты уақытша доғарып, дертіне дәрмен таппақ оймен еліне оралған. Департамент директоры 1863 жылдың 6 шілдесінде Шоқанға сұрау салып, Омбыға жедел хат соғады, алайда, ол уақытта Шоқан аталмыш сапармен қырғашығып кеткен еді.
Батыс Сібір генерал-губернаторлығының бас басқармасы жанында құрылған Сібір қазақтарына қатысты сот реформасын жүргізетін комитет экспедиция жинаған материалдар негізінде өзтұжырымдамасын ұсынады. Комитеттің қорытындысымен танысқан Шоқан олардың пікірімен келсіпей, өзінің наразылығын Батыс Сібір патшасы Дюгамельге 1864 жылдың ақпанында жазбаша түрде түсіреді. Ресми хатта Шоқан экспедиция басшысы Яценкоға тапсырылған істе өзін оның көмекшісі һәм қызметкері ретінде атап өтеді. Бұл деректер Шоқанның 1863 жылдың жазында биліктің арнайы экспедициясына ғылыми қызмет субъектісі, сот ғылымының сыншысы, сарапшысы ретінде шақырылғанын дәлелдейді.
Шоқан да алдағы сот реформасына қатысты ойын жалпы реформа дегеніміз не деген таза ғылыми ескертпеден бастайды да, мұқым мәтін бойында ғалым ретінде отарлау орталығы ойластырған империялық сот реформасын қазақ ортасына толығымен енгізу ешбір пайда әкелмейтін мағынасыз шаруа деп қарсылық білдіріп, әділет ісіне терең бойлап қатты сөйлейді.
Ғалым Шоқан өз тұжырымдарының теориялық тұрғыдан дұрыстығына дәлел ретінде «әлеуметтік әділдік» терминін енгізген замандасы ағылшын ғалымы Джон Стюарт Мильге де сілтеме жасайды. Шоқанның ғылым сөзінен тән мен жаннан тұратын адам баласы әуел баста мінсіз нұрдан жаралса да, тірішілікте дүние өміріне алаң көңілмен адаспай, қате баспай тұра алмады, менмендікке салынды, түзел дегенге, тыйым салып, тоқтау айтқанға, тәртіп тежеуіне надандықтан көнбеді, сол себептен әлеуметтік әділдікке қажеттілік тіршілік жаралған сәттен туындағаны тарихи шындық екенін табасыз. Алғылардың ақылдысы, толымдысы, білімдісі неше мәрте Жалғызтаудың төбе басына шығып, ойға шомды, толғанды, кемдігіне қорланды, тәңірімен тілдесті, таза мұсылман, толық адам болмақ жолын іздеді, кеңесе келе сот құрды, төбе басы биін сайлады (Теодор Моммзен История Рима 1том. б.53 ) Төбе басы биі түп иенің шеберлігін үлгі-өнеге қылып, қисық істі түзетерлік жол нұсқады, әділет сөзі тек сотқа тән деп үкім шығарып, барша жауапкершілікті сотқа жүктеді (Бенвенист Эмиль. Словарь индоевропейских социальных терминов. 300 б.). Жылдар өз жөнімен жылжып жүріп жатты, Жалғызтауда жарияланған сот үкімдері жиылды, жатталды, жадыда сақталды, тас бітікте таңбаланды, жазу-сызу шыққанда заң кодексіне түзілді, заң шығарушы институт атқарушы билікті жаратты, келе-келе мемлекет құрылды. Жаһандық Жалғызтауда өзіне жүктелген жауапкершілік жолымен жүріп өткен алғашқы халықтық сот институтының үкімдері тежемелік һәм тепе-теңдік қағидасымен қызмет қылу қағидасын енгізіп мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекітті. Осы жолғы экспедицияда да үкімет өкілі қойған сауалға барлық округтердегі қазақ бірден, бірауыздан қазақ сотын қорғап шықты. Қазақ елі Шоқанға «жат жұртқа бағынбай, өз елдігін сақтап қалып, іргесін бөлек салып келген, бар тілектің басын бір жерге қосатын жалғыз тамырымыз – байырғы еркін билер соты институтын ежелгі қалпында сақтап қалу керек» деп талап қойды. Қыр қазағы Шоқанға «Қазаққа адал қызмет қылған Абылай бабаңды ұмытпа! Патша алдында еліңнің арын ақтап ал, барыңды сал, шыққан тамырыңды сақтап қал! Жаз! Жаһандық қаһан қаламыңнан қазақтың ойы түзу түссін ақ қағазға!» деп ел тағдырын аманат қылып тапсырады.
Ұлтының адал ұлы Шоқан ел талабын ақ патшаның Батыс Сібір жұртындағы бастығына таза, толық күйінде жеткізді. Ғылым көзімен барласаңыз, Шоқан жазбасы – Алты Алаштың алғашқы құқықтық петициясы. Әрі бұл – ғалым Шоқанның арғы қазақтың ар сотын қорғап сөйлеген ғылыми соны Сөзі еді! Соңғы Сөзі!
Марат АЗБАНБАЕВ