Жаңалықтар

«Өшкеніміз тұтанып, сөнгеніміз жанды»

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлттық құндылықтарды ұлықтауға сенімді серпіліс бергені шындық. Бұл ретте, біз аталған мақалада көрсетілген басым бағыттарды жүзеге асырудағы өңірдегі оң бастамалар туралы ой толғау үшін «Сарыжайлау» кинотеатрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала ОМАРБЕКОВАНЫ әңгімеге тартқан едік.

Рымбала Кенжебалақызы, ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы сіз үшін несімен ерекшеленді?

– Алаш жұрты Азаттыққа қол жеткізгелі бері өшкеніміз тұтанып, сөнгеніміз жанса деп келді ғой. Сондықтан, бұл мақала таразы-тарихқа деген ұқыптылық пен халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан төл мәдениетіне құрметі іспеттес. Өз басым ұзақ жыл мәдениет саласында қызмет еттім. Кей кездері он-жиырма жылға шегініс жасап, ойға бататын кездерім де бар. Сондағы түйгенім – бұған дейін де қазақ руханиятының қараусыз қалмағаны. 2000 жыл Қазақстанда Мәдениет жылы болып жарияланды. «Мәдени мұра» бағдарламасы тағы бар. Тарихи құндылықтарымызға қатысты барымыз бағамдалып, жоғымыз түгенделді. Сондықтан, Мемлекет басшысының бұл мақаласы бұған дейін атқарылған жүйелі жұмыстардың лайықты жалғасы дер едім.

Десе де, осы құнды құжатты жүзеге асыруды науқанға айналдырып алған жоқпыз ба?

– Жоқ. Оған еш уақытта науқан деп қарамау қажет. Мақала аясында аймақта атқарылған қай істің болсын өз жемісі, ертеңгі ұрпаққа берері бар. Мәселен, осы құнды құжат жарық көрген 2017 жылы өңірімізде Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдығы атап өтілген болатын. Рух жаңғырығы деген осы емес пе? Әрине, шара соңында «ат шаптырып, киіз үй тігуден аспадық» дейтіндер де табылды. Алайда, өз басым оған қарсымын. Неге дейсіз ғой? Айтайын, баба тойы шеңберінде халықаралық конференция ұйымдастырылып, «Қаздауысты Қазыбек би және оның тарихи заманы» атты монография, «Қаз дауысты… би» деректі фильмі, «Қаздауысты Қазыбек би» спектаклі халқымыздың рухани қоржынын толықтыра түссе, сонымен қатар, «Қаз дауысты Қазыбек би жолымен: бабаларға – тағзым!» атты халықаралық автокеруен де жолға шығып, еліміздің қасиетті жерлерімен бірге Төле және Әйтеке би басына тағзым еткен еді. Бұл – ауқымды жұмыстың бір парасы ғана…

Өткен жылы да аймағымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауыз толтырып айтарлық ауқымды шаралар ұйымдастырылды ғой…

– Дұрыс айтасың. Соның бірі – шілдеде Ұлт ұясы – Ұлытауда ұйымдастырылған Халықаралық «Жезкиік» фестивалі. Оған Мексика, Перу, Польша, Ресей, Түркия, Тәжікстан, Франция, Шотландия, Жапония мен Қазақстаннан бас-аяғы 11 фольклорлық ұжым атбасын бұрған еді. Ал, бұл фестивальдің жемісі не? Жемісі – жергілікті туризмді түлетуі. Шара, тіпті, шетел бұқаралық ақпарат құралдарында да жарияланды. Ұлытаудың тамырлы тарихы мен кербез келбеті насихатталды. Әлем назары Арқа төсіне ауды деген – осы. Бізге керегі де осы еді. Жалпы, Сарыарқа төсі тарихи құндылықтарға толы ғой. Біздің өңірден де әйгілі «Алтын адам» табылды. Осы күні облыс аумағында екі мыңнан астам тарихи орын бар. Соның мың жарымға жуығы мемлекет қорғауында.

Сол жылы Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығы да аталып өтпеп пе еді?

Иә. Тамыздың соңында тарихи тұлғаны ұлықтаудың үлкен мүмкіндігі туды. Бұқар жырау ауданындағы Керней ауылы мен Бабай ауылының арасында ақшаңқан боз үйлер тігіліп, үлкен сахна бой көтерді. Бұл той – Мемлекет басшысы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Мәңгілік Ел» идеясының тұмса тұнығы дер едім. 350 жыл бұрын дүниеге келген баба сөзі мен ісінің күні бүгінге дейін ұмытылмауы – Қазақстанның «Мәңгілік Ел» екенін айғақтап тұрса керек. Десе де, баһадүр бабаны ұлықтау тек тамыздағы торқалы тоймен түгесілген жоқ. Жыл көлемінде аймағымызда түрлі шаралар ұйымдастырылып, баба мұрасы, ерлігі мен өнегесі көпке үлгі болды.

Бүгінгі жасампаз ұрпақ та бабалар аманатына атүсті қарамай, елі мен жеріне сіңірген еңбегінің жемісін көріп жатыр ғой…

– Елбасы ертеңі кемел ұрпақты ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Соның бір дәлелі – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы. Бұл жоба өз саласының жілігін шағып, майын ішкен, жемісті жетістікке жеткен бүгінгі ұлт мақтаныштарын елге етене таныстыруды көздейді. Өткен жылы ұлтқа үлгі боларлық жүз азаматтың есімін айқындадық. Десе де, биылғы жүз есім өткен жылғыдан да жарқын іспетті. Олардың қатарында қасқайып қарағандылық Никита Амоскин тұр. Әрине, таңдау жасау – қашан да қиын. Дегенмен, жыл санап бұл жоба да өзінің лайықты бағасын аларына сенімдімін.

Кинотеатр директоры ретінде ауыз толтырып айтарлық отандық қай тарихи-рухани кинотуындыларды атап өтер едіңіз?

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының лайықты жалғасы – «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы. Онда Президент «Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек» деп атап өткен болатын. Бұл ретте, отандастарымыздың тарихи ой-танымын кеңейтетін жарқын туынды, әрине, «Қазақ хандығы» сериалы. Бұл туынды көпшіліктің көңілінен шықты. Алдағы уақытта сериалдың «Қазақ хандығы. Алтын тақ» атты жалғасын тамашалайтын боламыз. Сондай-ақ, «Жаужүрек мың бала», «Аманат» фильмдерін де айрықша атап өтуге болады.

Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан  Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Back to top button