Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев аймақтық «Северное Прибалхашье» газетінің ұжымын қабылдап, басылымның 20 жылдық мерейтойымен құттықтады. Кездесу барысында қала басшысы редакцияға 500 мың теңгелік сертификат табыстап, жүрекжарды лебізін білдірді.

– «Северное Прибалхашье» – қаланың тыныс-тіршілігін, ел өміріндегі маңызды өзгерістерді үздіксіз жариялап келе жатқан беделді басылым. Қай кезеңде де уақыт талабына сай еңбек етіп, өңірдің шынайы шежіресін жасап келеді. Ұжым халық пен билік арасындағы алтын көпір бола білді, – деді Сапар Сатаев.
Мерейтой иелерін Балқаш қалалық мәслихатының төрағасы Ахат Мүслімов те құттықтап, газеттің қоғамдық пікір қалыптастырудағы, тұрғындардың көкейіндегі мәселелерді көтерудегі рөлін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, әріптестер ізгі тілектерін жеткізді. Кездесу барысында газет редакторы Береке Шалова басылымның қалыптасу жолындағы естеліктерімен бөлісіп, көрсетілген құрметке алғыс айтты. Ол қиын кезеңдерде де ұжым кәсіби бағытынан айнымай, басылымның игі дәстүрлерін сақтап қалғанын жеткізді. Сондай-ақ, журналистиканың жауапкершілігі мен уақыт ағымына сай жаңғырудың маңызын атап өтті.
Айта кетейік, бүгінде «Северное Прибалхашье» – өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени өмірін кеңінен қамтитын аймақтық мерзімді басылым ретінде оқырманға таныс. Газет бетінде ресми ақпараттар мен жергілікті жаңалықтар тұрақты жарияланып, Instagram парақшасы арқылы да жедел ақпарат таратып келеді. 20 жыл ішінде газеттің 2 502 саны жарық көрген. Балқаштықтар басылымды дәстүр бойынша аптасына екі рет – сәрсенбі және жұма күндері күтеді. 2006 жылдан бері редакция Балқаш пен оның тұрғындарының өмір шежіресіне арналған 20 томдық жинақ шығарды. Бұл еңбектер қала тарихындағы маңызды оқиғалар мен адам тағдырларын қамтитын бірегей архивке айналды.\
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



