Ширек ғасыр шаттығы шалқыған шаңырақ
Бүгін Наурызнаманың “Шаңырақ күнінде” Бұқар жырау аудандық Мәдениет үйіне арнайы шақырылған ерлі-зайыптылар Талғат пен Нәзира Мағауияновтардың отау құрғандарының ширекғасырлық Күміс тойлары атап өтіліп, олармен шағын сұхбат жүргізіліп, сый-сияпат жасалды.

Осы ауданның Жаңақала аулында туып-өскен Талғат пен Нәзира осыдан 25 жыл бұрын бас құрап, шаңырақ көтеріп, бүгінде ордалы отбасына айналған. Екеуі бес бала тәрбиелеп өсіріп, тұрмысқа шыққан екі қызынан екі жиен сүйіп отыр.
Талғаттың өзі ұзақ жылдан бері аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет етсе, Нәзира үйде бала тәрбиесімен, қолы босаса, ісмерлікпен айналысады.

Жұлдыздары жарасып, шаттығы шалқыған отбасы иелерімен аталған Мәдениет үйінің әдістеме бөлімінің меңгерушісі Зәуре Төлеубаева шағын сұхбат жүргізіп, тату-тәтті жұбайлардың бала тәрбиесі, отбасының татулығы туралы тартымды әңгімесі тыңдалды. Өз кезегінде Талғат Саят Медеуов шырқайтын “Өзіңді аңсап” әнін тамылжыта айтып берді. Ол жұмыстан тыс уақыттарында аудандық мәдени шараларға белсене қатысып, ән салып жүретін өнерпаздардың бірі.
Мәдениет үйінде Мағауияновтар отбасымен болған кездесудің соңында осы мекеменің директоры Қазбек Талашев оларға естелік картина сыйлап, бәрі бірге ескерткіш суретке түсті.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы



