«Үшінші сектордың» үлесі зор
Кейінгі жылдары үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі де, мүмкіндіктер аясы да артып келеді. Саны да, олар араласатын сала да көбеюде. Себебі, қазір мемлекеттен қолдау қомақты. Азаматтық сектордың күші мен мүмкіндігі мол екенін Үкімет те түсініп, азаматтық қоғам қалыптастыруда үкіметтік емес ұйымдардың көмегіне жүгініп жүр. Аймақта бүгінде мыңнан астам үкіметтік емес ұйым ресми тіркелген. Олардың қызмет бағыты сан алуан. Экология саласын зерттеп, өз ұсыныстарын айтуы мүмкін. Оларды гендерлік мәселелер де сырт қалдырмайды. Адам құқығын қорғау, әлеуметтік аз қорғалған халық санатына көмек ұйымдастыру тағысын-тағы шаралармен айналысып жатыр. Бағыт бөлек болғанымен, оларды біріктіретін ортақ міндет – қоғамды «жақсарту» миссиясы.
Биыл құрылғанына 20 жыл болатын «Үміт» қоғамдық бірлестігі азаматтардың нақты санатымен жұмыс істеп келеді. Азаматтық бастамалар жобасы Қазақстанда Қарағандыдан, осы қоғамдық бірлестіктен бастау алды десе, артық айтқандық емес. «Үміт» қоғамдық бірлестігінің директоры Гүлмира Смайлова 2017 жылы Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігінің шақыртуымен сол елге барып, ондағы CADCA – Есірткіге қарсы Америка қауымдастықтары коалициясының жұмысымен танысып қайтады. Елге келіп, олардың әдістемесін жүзеге асыруға кіріседі.
– Бұл коалицияның негізі – бірлесіп жұмыс істеу. Нашақорлықтың алдын алуды қандай мықты болса да, бір ғана ұйым жүргізе алмайды. Профилактика кешенді, жан-жақты, жүйелі болуы керек. Онсыз жұмыс нәтижелі болуы мүмкін емес, – дейді Гүлмира Смайлова.
Шетелдік ұйымның әдіснамасына сәйкес, ең бірінші мәселе толығымен зерттелуі тиіс. Сол себепті, бірлестік алдағы жұмыс бағытын айқындау үшін аймақтағы нашақорлық мәселесін зерделей бастайды. Талдаулар 2017 жылы аймақта синтетикалық есірткілердің шыға бастағанын көрсеткен.
– Жаппай болмаса да, синтетикалық есірткінің Қарағандыда ғана емес, тұтас елде тарала бастағанын және оның бұған дейінгі есірткілерден анағұрлым қауіпті екенін аңғардық. Талдау қорытындысы Қарағанды қаласы әкімі жанындағы денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі үйлестіруші кеңесте айтылды. Осыдан кейін келесі жылы «Дені сау ұрпақ – дені сау ұлт» қоғамдық бастамалары пайда болды. Оған барлық мемлекеттік органдар мен құрылымдар, үкіметтік емес ұйымдар атсалысатын болып келістік. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде халықты ақпараттандыру, нашақорлықтың алдын алу жұмыстары жанданды. 2019 жылы азаматтық бастамалар Ішкі істер министрлігі және Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігі деңгейінде таныстырылды. Ал, 2020 жылы біздің тәжірибе Астана, Алматы, Павлодар, Семей мен Теміртау қалаларында енгізілді, – дейді ол.
Гүлмира Маратқызы азаматтық бастамалардың былтыр Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеуге қатысқанын ерекше атап өтті. Бұл – үкіметтік емес ұйымдардың қоғамның басты проблемаларын шешуде сүбелі үлес қоса алатындығының жарқын дәлелі. Ал, биыл «Үміт» қоғамдық бірлестігі Қарағанды облыстық мәслихатының шешімімен мемлекеттік органдардың нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі аймақтық ведомствоаралық штабына енді.
– Бұл ретте мемлекеттік органдардың қолдауын айтпаса болмайды, – дейді Гүлмира Смайлова. – Былай қарасақ, үкіметтік емес ұйымдардың қолында ештеңе жоқ. Біз өз бетімізбен білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау ұйымдарына кіре алмаймыз. Бұл нәтижеге мемлекеттік органдардың қолдауының арқасында, олардың мәселенің мәнісін түсініп, оны шешуге деген ниетінің арқасында қол жетіп отыр. Нашақорлық деген кеселмен қоғам болып күреспесе, құқық қорғау органдары да, мемлекеттік органдар да, үкіметтік емес ұйымдар да жеке дара ештеңе тындыра алмайды. Сондықтан, жалпы шаралардың жүйелі, үздіксіз, нақты, жан-жақты болуын бірінші орынға қою керек.
Полицейлер де «үшінші сектордың» нашақорлықпен күрестегі сүбелі үлесі барын айтады.
– Үкіметтік емес ұйымдармен жұмысқа облыстық полиция департаменті ерекше басымдық береді, – дейді полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция подполковнигі Кирилл Корниенко. – Бүгінде департамент «Үміт», «Граждане Казахстана», Теміртау қаласында «Шапағат», «Үміт» қоғамдық бірлестігінің Теміртаудағы филиалымен белсенді жұмыс істейді. Олармен меморандум да жасалған. Олар ақпараттық қолдау, акциялар, рейдтер ұйымдастыруда, наркограффитиді өшіруге атсалысады. Соның арқасында еріктілермен де жұмыс жолға қойылған. Жалпы, біз үкіметтік емес ұйымдарды «көмекшілеріміз» дейміз. Рас, олардың көмегінсіз полиция қызметкерлерінің ресурсы жеткіліксіз. Олар – қоғамның маңызды бөлігі. Олардың жұмысы қоғам үшін қажет.
«Үміт» қоғамдық бірлестігі әлеуметтік мәні бар аурулармен, атап айтқанда, туберкулез, АИТВ жұқтырғандармен, нашақорлармен жұмыс істейтін жобаларды жүзеге асыруда. Бірлестіктің қызметкері Сергей Дадывериннің айтуынша, туберкулезбен ауыратын нашақор, тұрғылықты жері жоқ адамдарды анықтау жобасы өз нәтижесін берген.
– Аталған жоба 2018 жылдан қолға алынған. Осы уақыт ішінде 115 туберкулезбен ауыратын тұрғылықты жері жоқ адам анықталды. Оның 40 пайызында бактериялық түрі екені де белгілі болды. Біздің аутрич қызметкерлер болмаса, бұл адамдар өз бетінше ешқашан емдеу мекемелеріне бармас еді. Егер бір науқас туберкулезді 10-15 адамға жұқтыруы мүмкін екенін ескерсек, бұл жобаның тиімділігі мен маңызын бірден байқауға болады. Бұл адамдармен үкіметтік емес ұйымдардан басқа ешкім айналыспайды. Сол сияқты есірткі пайдаланатын адамдар арасында АИТВ жұқтырудан сақтандыру мақсатында қолға алынған жоба бар. Бұл жердегі басты міндет – АИТВ жұқтыру қаупін барынша азайту. Аутрич қызметкерлер «клиенттерге» шприц, мүшеқаптар, спирттік салфеткалар таратады. Аутрич қызметкерлер – есірткі қолданатын немесе бұрын қолданған адамдар. Олар «клиенттердің» тілін таба алады. Қазір бізде 20 шақты осындай қызметкер бар, – дейді Сергей Дадыверин.
Ал, «Граждане Казахстан» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына – 2 жыл. Бірлестік былтырдан бері есірткіге, алкоголизм, вейп, темекіге қарсы күрес жобасын жүзеге асыруда. Бұл Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығы тапсырысы екенін айтады бірлестік басшысы Дмитрий Полтаренко.
– Есірткі сайттарына сілтеме жарнамаларды жою бойынша рейдтер тұрақты түрде жасалады. Осыған дейін 45 рейд, 33 кездесу ұйымдастырылды. Түрлі санаттағы 10 мыңға жуық адам қамтылды. Жазда форум өткіздік. Жастарға есірткі емес, дені сау болу «тренд» екенін түсіндіріп жатырмыз. Қазіргі уақытта бес ақпараттық ролик әзірленуде, подкасттар жасалуда. Есірткі қылмысына қатысты бас бостандығынан айырылғандармен сұхбат жасау жоспары да бар, – дейді Дмитрий Полтаренко.
Үкіметтік емес ұйымдар халықаралық қорлардың және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде жұмыс істейді. Дегенмен, қаржыландыру тұрақсыз. Әйтпесе, дайын жобалар жетерлік. Соған қарамастан, істеген қызметіне ақы сұрамайтын, риясыз, қоғам мен адам игілігі үшін еңбек ететін бірлескен жандардың ұйымы азаматтық қоғамның негізін құрайды. Ең бастысы, олар азаматтардың белсенділігін оятып, қоғамға пайдалы жұмыстар атқарады. Бұл – қолдауға тұрарлық.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz