Руханият

Шежіресі сыр шерткен Ақтоғай

Шыңғыстаудың Бекені

Уылжыған ақ түн. Семейден Қарауылға құлайтын күре жолмен Бөрліден шыққан тақтай жолдың тоқайласқан тұсында тұрғанбыз. Жай тұрған жоқпыз, қаздай қалқып, көлдей толқимыз. Білетінім осы өңірде Құнанбай Ақшоқысынан басталатын Ақшоқы атаулары көп-ақ. Қасқабұлақ атаулары да солай. Шәкәрімнің, Ысқақтың, Тәкежанның деп тізбектеліп кете барады. Біздің қарсы алдымызда таяқ тастамда патша құдай Алаш деген аңқылдаған жұрттың алақанына аймаңдай нәрестені салған – Абайдың Қасқабұлағының желкесінде тұрмыз. Киелі топырақ қасиетті ел – толғанбай қалай өтерсің?!

  • Мына қырсық шал тіршілігінде ешкімге де дес бермеуші еді. Әруағының да күштілігін көрдің бе?! Қона жататын ағайындарды дедектетіп алып бара жатқаны. Келгендерінен қайтқаны жылдам болды ғой. Бекен аға әлі өкпесін баса алмай жүр.

    Шәкір ата Ақтоғайда «жынды» балам бар деп есіне өзіңді жиі алып жүрді. Әлбетте оң сөздің өзін кейде теріс айтатын әдеті. Көңілі көншімесе боқтықты да қардай борататын еді жарықтық. «Жындысы» сүйіктім дегені. Сондай-ақ, бір берген батасын да екі қайталамайтын. Аузыма Алла тағала не салса, сол бата деп төгіп салып жүре беретін. Сол жолы өзіңе де «Қатыныңа сүйкімді бол, қызметіңе икемді бол» деп алақанын көтеріпті ғой». Аста Зияда иығына шапан жауып, айыл-тұрманы мен көк бестіні көлденең тартқанда:

    Аты менікі, басы сенікі, – деп Шәкір ата саған дүйім жұрттың алдында шылбырын ұстатыпты. Көңілі толған ғой жарықтықтың! Бекен аға кеңкілдеп күліп алды да, пышақ кескендей тұнжырап шыға келген-ді.

    ***

Дәл осы жерде ұлы жазушы Мұхтар Әуезовті 1957 жылы қоғадай жапырылған жұрт Семейге шығарып салған. «Менің сіздерге айтайын деген арманым, иә, асыл сөзім бар еді. Шыңғыстың елі мен жері сендер дүниаға Абайды бергенсіздер. … Сендер халқыма әлі Абайдай перзентті бересіңдер, беруге тиіссіңдер. Бересіңдер, мен оны көрмей кетіп бара жатырмын. Әлде, сол мына қара табандарым арасында тұр ма екен?! Осы Қарауылда анау Жидебай Орда бойында мен де жалаңаяқ жүгіріп жүргенмін. Мұхтардың аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ Халықпен халық, адаммен адам біліммен теңеседі» деп қайран Мұхаң тебіренген-ді. Бұл ұлы тұлғаның Абай еліне, туған жеріне соңғы рет келгені болатын. Мұны айтқан Бекен.

Ай дәл төбемізде табақтай төңкеріліп жатыр. Теңселе басып Бекен аға қасыма келген.

– Жасың кіші болса да жол сенікі деп иығыма шапан жауып жатып: саған айтарым бар деген-ді.

– Абай мен Ділдә отау тіккеннен кейін Тоқырауын бойындағы елге нөкерімен келіп қайтқан деген сөз бар. Әкесі Құнанбайдың сырлас досы Сарымның атақты биі Жаңғұттыдан бата алуға ма? Әлде Қараменде би басына тәу етуге барды ма? Ол жағы белгісіз. Уақытында ескермедік ғой.

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ

Ауыз омыртқа шығыңқы майда жалды

Ой желке үңірейген болса сағақ, – деп Абай жырлағандай қылқұйрық кездессе сұрағанын беріп алады екен. Сол сапарында тұқымдық, Аймаңдай, ақ жалды бестіні және жүзіктің көзінен өтетін тағы бір сәйгүлікті ала қайтыпты. Үш мың жылқысы бар, Оразбайдың үйіріне кейінде соның бір тұқымы ауа жайылып қосылғанын, жаман Тоқтыдан шыққан жылқышы Дәуітбектен естідім деп бала кезінде марқұм әкем айтып отырушы еді. Осы ойыңда болғай деген-ді Бекен аға. Қимай-қимай қоштасқанбыз!

***

Таспа жол жалғыз. Ой көп. Көбелектей ұшып-қонып жүр. Ақтоғай орталығының шығыс беткейіндегі қозы көш жердегі алып Қарашоқының етегінде “Абай-Ділдә” деп аталатын Шілікті бұлақ көз алдымда қайталанып өтіп жатыр. Әлгінде Бекен аға айтқан Абай-Ділдә ма?! Жоқ, басқа ма ой ойнақтайды басымда. Нағашым мен досым пыр-пыр етіп ұйқыға кеткен. 1970 жылдардың ішінде ағайындас Бектұрсын Шортанбаев пен Қайырқұл Сүйіндіков осында үй тігіп, мал ұстап, жаз бойы отырғандары есімде. Қызметтерін қатынап атқарған.

Қарауылға барар қасқа жолды «Волга» қашағандай қуып жүйткіп келеді…

Өткелде

… Өмір өзен сарқырап ағып жатыр. Толқындар көпіршігінен көбік асыр салып ойнайды. Олар су бетіне көтеріледі де, лезде суға тұншығып жоғалады. Қас-қағым сәттік фәни дүние. Адам – пенденің тағдыры да сол көріністің көшірмесі сияқты. Бүгін бар, ертең жоқ. Семей қаласына тақаған сайын біз отырған поезд әлсін-әлсін әткеншек тепкендей әрлі-берлі қозғалысы жиілеп көңілдегі қобалжуды күшейте түскен. Барғанда: құшақ жая қарсы алып, қайтар жолда сонау Шаған өзені бойына дастархан жайып «Жол болсын!» десетін Меделбектің көмескілене елестеген бейнесі енді бір сәт шар айнадан көрінгендей жарқыраған-ды. Өңі бал-бұл жайнап, жымия күлімсірейді. Елес қой.

Ақ халатты дәрігерлер мен уыс-уыс дәрісі жоқ, ата-бабамыз өмір кешкен заманда аурудың да түрлері саусақпен санарлықтай болыпты. Ем-домын да өздері білген. Бүгінде әлемде 145 мыңдай аурудың түрі бар деп ғалымдар есеп шотқа салып қойған. Мұнымен тоқтай қойса жақсы ғой. Өсіп барады. Соның бірі, қауіптісі жүрек тамыр аурулары болып тұр. 2003 жылдың қысында 57 жастағы аптал азамат Меделбек Сарымырзаұлы тосыннан көтерілген қан қысымынан о дүниелік болған. Ол жақта мәйітті тәуліктен артық ұстамайды. Уақытында жете алмағанбыз. Төсек тартып жақтан Зияда ақсақалға барып естіркенімде «Қайран сабазым-ай, кеткен екенсің ғой!» деп көзі жасаурап, бүгіліп-ақ қалған-ды.

Келесі жылдың көктемінде хабарласа отырып, Меделбек марқұмның зиратын тұрғызатын күндермен орайластырып, отбасыммен және аузында Алласы бар Табын атаның ақсақалы Сәнеке Сағындықұлын ертіп, бата жасап қайтқанбыз. Екі-үш күн аялдадық. Шәкір Әбенов атаның да басына барып «сәлемдескенбіз». Зәулім зират белдеу тұсынан асқанда арнайы гранит тасқа ойып жазылған: «Медеш аға! Ақтоғай халқы саған риза!» Ақтоғай ауданы, Қарағанды облысы деген ескерткіш тақтаны шеберлер жігін білдірмей орналастырған.

Меделбек марқұмның қалың жұрт жиналған жылдығында Балқаш қаласында төсек тартып жатқан Зияда ақсақал бауырлары Шахыман Көпбаев, Хасен Бөлекбаев және ұлы Қалиды Абай еліне аттандырғаны бар. Меделбек бауырына деген сағынышын Зияда ағасы кісі бойы ескерткішке былай деп өрнектеген:

«Руы – Тобықты арысым Меделбек!

Табыстырып Тобықтыңды мәңгіге

Аян болдың бабасындай екі елге

Өтсең де өмірден – Алтын көпір

Ізің қалды өнеге, өсиет болып кейінге

Зияда, Ғалым, Бердіғали

Қараменде ұрпақтары

2004 жыл 15 қараша».

«Тірілер парызының қарапайым бір өтеуі, – деді, – бұл».

Зымыраған уақыттың өкпек желі жер бетіндегі құмырсқа табан сүрлеуде кімнің ізін өшірмей жатыр десеңші. Зияда Аманбаев ақсақал да 2007 жылы дүниеден өткен. Содан бері қаншама ай жаңғырып, қанша жыл тарих қойнауына енді. Биыл 2017 жылдың жазы мен күзі тоқайласа да, алық-берігі аяқталмаған кезі. Алла бұйыртып Алтын көпірден жаңа ұрпақты бастап, қасиетті Абай елінің қос қуанышына ортақтасуға тағы игі сапармен келе жатырмыз.

Арада жиырма жыл өткенде

Жолаушылар мен тосып алушылар сапырылысқан қас-қағым сәт. Өмірдің өзі адамдардың кездесуі мен қоштасуынан тұрады деп бекер айтылмаған ғой. Соңы – мен екенмін. Вагонның босағасына бөгеліп жұртқа тағы бір көз салғанмын:

  • Махмұт аға! Таныс дауыс. Топты кие жара, маған туралап келеді. Дәл өзі. Жүрегім бүлк еткен. Меделбек ағаның мөлдіреп Ерсін ұлы тұр алдымда – ол енді маған әке жолдас. Қасындағы жолсерік екеуі баспалдақтан көтеріп алғандай аяғымды жерге дік еткізген.

  • Аға танысып қойыңыз, Қанат Қарин деген ініңіз. Аудандық әкімшіліктің қаржы және экономика бөлімінің меңгерушісі. Әлгіндегі ығы-жығы тобыр әп-сәтте ақ ғайып болған. Серіктестерім ғана оқшауланып қалыпты. «Әке көрген оқ жанар» деген. Ерсін көзімнің қиығынан түсінсе керек:

  • Жол соқты болдыңыздар. Кеттік!– деп серіктестерімді де көлікке отырғызып, қала ортасындағы еңселі ресторанның біріне түсірген. Иесі Ертай Рақымжанов деген жас азамат:

  • Әдеттегідей қызметіміз кешкі сағат бестен басталады. Сіздер үшін арнайы дастарқан жайғанбыз, – деді ол. Әп-сәтте-ақ шүменнің балапанындай шүйіркелесіп кеткенбіз. Балқаш қаласындағы білімнің қара шаңырағы Абай атындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі және әдебиет пәнінің таңдаулы ұстаздарының бірі – Ақерке Балтабай, кенжеміз – осы мектептің 10 сынып оқушысы. «Абай оқуларының үздігі» Айгерім Бақдаулет. Мақсаттары Қарауылдағы Абай мектебінің іс-тәжірибесімен алмасып, өзара байланыс көпірін орнатпақ. Жұмабай Құсайынов ағаларың қаладағы көп салалы колледждің директоры, профессор, техника ғылымдарының кандидаты деп таныстырғанмын.

  • Ағасы! «Дала данышпаны –Құнанбай» атты кітап бүгін ғана қолымызға тиді. Аудан орталығында биіктігі тұғырмен қоса есептегенде 9 метрге жуықтайтын Құнанбай ескерткіші Балқаштың таза мысынан құйылған. Қыруар қаржы жұмсалды. Халықтың өзі көтерген. Алыс-жақыннан демеуші болғандардың ішінде сіздердің өңірдің азаматтары көп атсалысқан екен. Ағайындық ниеттеріңізге қуандық. «Қазақмыс Смэлтинг» бастаған балқаштық кәсіпкерлермен ақтоғайлықтардың аты аталып, кітапта рахмет айтылыпты деп,– қалыңдығы екі елі қазыдай әлі бояуы кеуіп үлгермеген кітапты қолымызға ұстатқан. Ырғызбайдың ұрпағы Ертай сөзіне тұздық боларлықтай тағы бір әңгіменің шетін шығарған. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында көрсетілген мақсаттардың бірі «Туған жер» бағдарламасын орындауды абайлық кәсіпкерлермен бірлесіп еншілегендерін айтқан. Құнанбай рухы халқымен қауышатын қуанышына Ертай автокөлік қойыпты.

  • Ой да, ақыл да адамнан қашып құтылмақ емес. Ат бәйгесіне машина тігіпті. Аты ғана. Ортақ елдің игілігіне ол жарап жатса, нұр үстіне нұр ғой. Қарауылдағы қажы атамыздың мешітінің босағасына атымызды байлайық деген ой келді. Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады. Ата-бабадан қалған асыл сөз. Жаратушы жалғыз иеміз – Алла Тағала Алаштың ұрпағынан осы бір асыл қасиетті айыра көрме деп тіледім. Бұл исі қазақтың тілегі еді.

Ертең бізді де тағы бір үлкен қуаныш күтіп тұр еді. Әлемге әйгілі Мұхтар Әуезовтің 120 жылдық мерейтойы аталып өтпек. Оның іс-шарасы да өз алдына бір төбе екен. Арада 20 жыл өтсе де ақындардың Меккесі – Жидебайда өткен Мұхтардың 100 жылдық мерекесі бойтұмардай бойымда сақтаулы. Бекен, Зияда, Меделбек, айлы түн, тізбектеліп көз алдымнан өтіп жатыр. Қимасын ұрлап жататын ұры уақыт-ай десеңші. Семей шаһарын төңіректегендер Абайдың мұражайына бас сұқпай өтпейді. Біз де хакім Абаймен тілдеспеді дегені болмаса, жарқын бейнесімен қауышып нұрлы шуағына шомылып, рухани қанаттанып шыққанбыз. – Қонақтарымыздың қарасы көбейіп қалса деп қос «джиппен» келгенбіз. Қалағанына отырыңыздар, – деп Ерсін мен Қанаттың жайдары өңдері бал-бұл жайнап жүр. Жалпы, Абай елінің қонақжай кең пейілді, сапырылысып келіп-кетіп жатқан қонақтарын төресіндей қошеметтеп, құдасындай құрметтеу қандарына сіңген қасиет болса керек. Үлкені де кішісі де соған қалыптасқан. Уақ руының батыры Күшікбай бұлағынан үлкен Орда аралығындағы Абайдың Қасқабұлағына одан соң Бөрлідегі М. Әуезовтің мұражайына алданғанбыз. Бекен аға Семейге қоныс аударып кетіпті. Еңлік-Кебектің ескерткіші, Аралтөбедегі Ділдә мен Әйкерімнің басына және Құнанбай қажының әулеті жерленген Үлкен Ақшоқыдағы қорымға тәу етіп бөгелгенбіз. 2004 жылы Құнанбай қажының 200 жылдығына Зияда Аманбаевтың жасатуымен кісі бойы гранит ескерткішті Балқаштан әкеліп, қолымыздан қойғанбыз. Онда Нарманбет ақынның бір шумақ өлеңі қашалып жазылған. «Төтеден алды Құнанбай, Қазақтың туын көтеріп. Бұл қазақтың ұлына Жүргізген үкім төтелеп. …Медресе, мешіт салдырып, Ісләм шамын жандырып. Мәдинада бір орынЖасаттырып тәкиә Ескерткіш Қараменде-би ұрпақтарынан 24.09.2004 ж.».

Кіші Ордадағы Еңлік-Кебек паналаған махабаттың бесігі Үйтаста, Жидебайдағы Абай мұражайында, Шәкәрім мен Абайдың кесенесіне көз тойғызып, ымырт үйірілген тұста Қанаттың босағасын аттағанбыз. Ерсін бауырымызды ұлы Мұхаңның іс-шарасындағы жұмыстар күтіп тұр екен. Іліп әкеткен-ді. Ол да әкесі сияқты Абай жұртының аузынан түспей жүрген Ақжолтай кәсіпкер. Қанат Қарин Мамай батырдың тоғыз ұлының бірі – Жолбарыстың ұрпағы. Бізді Алла бастап әкелген ғой. Жерлесіміз Әлихан Бөкейхановтың нағыз нағашы жұрты. Келініміз Айгүл де тұйғын екен. – Бізде қонақ болып барған үйіне «Қызда қырық шырақты бақыт болады» деген ұлағат бар деп Ақерке мен Әйкерімді төрге оздырған. Сыйымды әрі жарасымды-ақ. Ертесіне аудан орталығында 300 орындық көкпеңбек алаңды стадионның лентасы қиылып бар іс-шараның өтетін орнына айналған. Құнанбай қажы ескерткіші ашылып, «Дала данышпаны Құнанбай» кітабының тұсаукесері аяқталғанда, алғашқы құттықтау сөз ұлы жазушының иісі сіңген қадірменді ақсақал Манатай Балтақайұлына тиіп, Ырғызбайдың ұрпағы Ертай Рақымжанов қажы атындағы мешітке автокөліктің кілтін табыстаса, одан кейінгі сөз кезегі маған тиген. Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығына аудан әкімінің міндетін атқарушы Б.Тәтібековтің баяндамасында «Абай жолы» роман-эпопеясында 407 жер-су, 5000-нан астам кісі есімдері қамтылғанын естідік. Абай жүріп өткен жолдың картасы әзірлену үстінде көрінеді. Мына жерде «Абай қыстақ салған», мына тұста «Біржан салды қарсы алған» деп келешекте белгі қоймақ. Абай жастық шағында ғашық болған Тоғжан Сүйіндікқызының Тоқтамыс ауылы төңірегіндегі зиратына тас қойылып, кәсіпкерлер маңайын қоршапты. Тағы бір қуаныш облыстағы киелі орындар картасына қасиетті өңірден «Қоңыр әулие үңгір» еніпті. Облыс әкімі Даниал Ахметов тарихи орынды туризмнің ашық есігіне айналдыруға 20 миллион қаржы бөліп, күні кеше салтанатты ашылуына өзі қатысып қайтқан екен. Жақпар-жақпар нар таудың жер қойнауына 100-120 метр ылдилайтын тереңдіктегі көлшіктің суы ауруға шипа, дертке дауа көрінеді. Сонау Омск, Томск қалаларынан ем алуға келгендермен осы барған сапарымызда жүздесіп әңгімелескен едік. Ол өз алдына тұздығы бөлек әңгіме. Рухани жаңғыру Абай елінен бастау алып, кең құшақ жаюуы – абайлықтарға ерекше тән деп ой түйгенмін.

***

Пейілдерін кеңге салатын, сөздерінен бал таматын, ынтымағы ұйысқан елдің думанды базары қашанда тарқамайды.Ұлы Мұхтар Әуезов 120 жылдығы мен дала данышпаны Құнанбайдың рухы халқымен табысқан қос бірдей мерекелік іс-шараларды қызықтап, кешінде 500 орындық Ханшыңғыс тойханасының төрінен бір-ақ шыққанбыз. Бүгін мұнда үлкен той. Жоғарыда айтқан ұлы жазушының иісі сіңіп, тәрбиесін алған қарағайдай қайқайған, бәйтеректей мәуелі, Абай елінің абыз ақсақалы шежіре тарихтың Алтын сандығы Манатай Балтақайұлының 80 жылдығына берекелі дастарқаны жайылған. Құтты болсын! Қарауылда той тойға жалғасып жатыр. Абай Ділдә қайда тоқтаған? Келген күннің ертесінде Семейдегі Бекен Исабеков ақсақалға телефон шалғанмын. Есту қабілеті нашарлап, дауыстауы күшейіпті. Құлағымды жарып барады. – Қарағым, бағзы заманның үлкендері ақ өліміңді берсең, кәрілігіңді берме деп тілейді екен. Тоқсан деген таудың етегінде жайған қойымды қайтара алмай әлек-шәлегім шығып жүр, – деп Бекен ақсақал оспақтай сөйлеген. Абай мен Ділдә Ақтоғайға сапарын тағы бір пысықтап алу ойымда еді. Әлгі сөзден кейін тісімнің суын сорып қала бергенмін. Қайран Бекен қартайып-ақ қалған екен ғой. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Абай елінде атқарылған игілікті істердің енді бірі – этноауыл туралы жазда «Егемен Қазақстан» газетінде фотосуреті мен көлемді мақаланы оқығаным бар еді. Ойымда қалғаны. Үлкен Орда, Қызылшілік, Қасқабұлақ. Ұлы Абайдың жігіттік шағында табанының ізі қалып, бал бұлақтан алақанымен көсіп су ішкен Қасқабұлақ бүгінде Әйкерім есімімен аталады екен. Этноауыл да осында құрылған. Киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылып, нан-нәсібесі ұлттық тағамдардан тұратын Әйкерім дастарқаны. Шалқайсаң ту сыртыңда дуалғы тұлға Орда тауы, еңкейсең етегінде Қарауыл, шынтақтай жантайсаң іргеңде Семейден құлайтын күре жол бойындағы этноауылға кімдер келіп қызықтамаған десеңізші. Бір өкініштісі, этноауылдың иесі Мейіржан Смағұлов деген азаматты кездестіре алмағанбыз. Біздің алдымызда бірер күн бұрын уақыты келген соң шаңырағын жығып, керегесін қаттап, уық бауын түйіп, көші-қон жасапты. Жол серігіміз Қанат Қарин одан әрі өзі түсіндірген. Мейіржан Смағұлов өз ісін дамытуға жеңілдікпен несие алып, этноауылдың тіршілігін ұршықтай иіріпті. Әсіресе, этноауылдың атына сай заты болуын, яғни, ұлттық ыдыс-аяқтан бастап, үй жабдықтарын дүние-мүліктері, зергер бұйымдармен сәндеуге қарауылдықтар тік тұрып көмектесіпті. Ұлы Абайдың құдіреті ғой дескенбіз. Көбіне жұрт осыны қызықтап, Әйкерім дастарқанынан дәм татуға келеді екен. Әлгіден соң елдегі Абай-Ділдә бұлағы кес-кестеп көз алдыма тағы келген. Жасыратыны жоқ, ұлы Мұхтардың Шыңғыстаудағы 100 жылдық мерекесінен кейін үлкендерден сұрастырғаным да бар еді. «Иә, қарағым, Ақтоғайға кімдер келіп кетпеді?!» дескен шолақ жауаптар бетімді қайтарып тастаған. Ол кез біреудің жасығын асыл көретін уақыт еді. Қарқаралыдан 1934 жылы С.Киров қайтарында жол-жөнекей тұрған біздің Ыстыбұлақ ауылына соғып өткенін жыл сайын ұлы Октябрь мерекесінің баяндамасынан түспей, аудандық газетте де таласа жазып жататынбыз. «Абай – қазақ, қазақ- Абай» дейтұғын ауыл бізге әлі алыс еді. Тәуелсіздігіміздің бесігінде тербеліп, көк байрағымыз көкте желбіреген тұста ғана «Қазақ өзін-өзі танып білу үшін ең алдымен, Ұлы Абайды танып білуі керек» дейтін күн туды. Бұл – бізге Алланың берген жақсылығы. Көңілімнің түкпірінде елеусіздеу қалған әлгі бір сұрақты алғаш тірілткен марқұм Қасымхан Қаленов аға еді. Ол – тоқығаны тарих, оқығаны әдебиет әрі қаламы ұшталған журналист болатын.

– Абай мен Ділдәнің Тоқырауынның топырағына аяғы тигені шындық. Абай келіпті дегенде өңірдегі игі жақсылар жиналып, баба аруағын мазаламайық десе керек. Айрықтан оқшаулау орынға үй тігіп, Абай мен Ділдәні қарсы алып күтіпті. Хакім Абай Қараменде бабасының рухына мал шалып, құран оқытып, біраз күн осында аялдаған дегенді Мұқсиын ақсақал әкем Тәңкіден естідім деп айтып отыратын. Көне көз қарттарымыздың қорамсағы толы жебе еді ғой. Кезінде елеп, ескермедік. Небір қазыналар топырақтың астында қалды ғой. – Бүгінде көпшіліктің аузында жүрген Қарашоқы баурайындағы “Абай-Ділдә” бұлағы, “Абай-Ділдә” шілдігі деген жер атаулары Қараменде Айлығына төніп тұр емес пе деп бал ашып отырмыз, – деген Қаскең. Тоқсан жолдың торабынан өткендер кешегі 80 жасын аңсаса, осы жастағылар жетелі жас жетпісім деп артына қарайлайтын көрінеді. Өйткені, өмір өткендегісімен қымбат қой. Соның бірі, Қайырбек ақсақал Байсеркин еді. Тоқсанды қоржынына салса да, өткен-кеткенді есте сақтау қабілетінде кінәрат жоқ. Әлі зерек те, сергек.

  • Абай мен Ділдәнің Тоқырауынға келуі жалындаған жастық шағында ма, жоқ әлде Абайдың ақындығы асқақтаған тұста ма, оны тап басып айту қиын. Әкесі Құнанбай аға сұлтан кезінде бұл аймаққа барыс-келісі көп болған. Мұндағы тобықтылардың да қордаланған кезі ғой. Әрі Сарымның атақты биі Жанғұтты мен Құнекеңнің жарасымды сыйластықтары бүгінге дейін ел аузында жүр, – деп Қайрекең ақсақал терең тыныстап алған.

– Көршілес Кеншоқы елінде «Құнанбай қыстауы», «Құнанбай бұлағы» дейтін жер-су аттары соның дәлелі. Сондықтан, ұлы Абай тоқтап, аялдаған жер «Абай-Ділдә бұлағы», не «Абай-Ділдә шілігі» деп аталуы заңдылық. Ақтоғай төңірегінде ел аузында жүретіндей басқа Абай-Ділдәні естіген емеспіз. Мұндай қасиетті орынды қадірлей білуіміз керек. Белгі қойып, тарихи орынға айналдырсақ, ол – Ақтоғай елінің абыройы емес пе! Ұрпаққа ұлағат үлгі-өнерге, – деп абыз ойланып қалған.

– Бұдан біраз жылдар бұрын деп еді Қайрекең әлде бір газеттен мына жайды оқығаным бар еді. Көршілес ресейліктер өздерінің ұлы ақыны Александр Пушкиннің қысқа ғұмырында жүріп өткенін жол картасына түсіріп, 37 жерге ескерткіш белгі қойыпты делінген. Соның бірі – Ақжайық жағасындағы біздің Орал қаласында екен. «Бұл үйге орыстың ұлы ақыны… (келген уақыты есімде қалмапты) Александр Пушкин келіп тоқтаған» деп мәрмәр тасқа ойып жазылған мемуарлық тақта қойыпты. Ақынның туған күнінде мектеп оқушылары лек-легімен келіп, гүл шоқтарын қойып, еске алатынын екінің бірі біле бермейді. Олар Пушкинді осылайша құрметтейді екен деп еді. «Қайрекеңді тірі энциклопедия» деп айтын жүретініне осы жолы көзім жеткен.

***

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болады. Туып-өскен ауданымыз – толағай жас тоқсанда. Тоқсан тарау жол жатыр тарамданып. Алдымыздан артымыз биік көрінеді. Онда халқымыздың басынан өткерген бақыты мен мұңы, бейнеті мен зейнеті, қуанышы мен қайғысы жатыр қатталып. Бұл – ел тарихы.

Ақтоғайдың 90 жылдығы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткелі отырған игілікті рухани шаралардың бірі деп сүйіншілесек, оны нәзік жандар қатарынан алғаш Ақтоғайдың аймаңдай қызы Салтанат Мірәсілқызы бастап келеді. Бұл да абыройлы мәртебе.

Махмұт ЖАРЫЛҒАП.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button