АқтоғайБас тақырып

Шежіресі сыр шерткен Ақтоғай

Бұл – рухани төңкеріс еді

Басыңды торлаған ой атаулыны бір сәт қозыдай жамыратып, алғаусыз көңілдің құшағында рахаттанатын сенбі күнінің сәресінде шырылдауық шегірткедей безектеген телефон тұтқасын ұйқылы-ояу көтергенмін.

– Шыңғыстаудан жаңа ғана Меделбек бауырым телефон шалды. Күні ертең өтетін ұлы Мұхтардың 100 жылдық мерекесіне арнайы шақыру жасады. Сырттан келетін қонақтары да бір қыдыру екен. Асығыс автобусқа шығып барамын. Көлік жағын ойластыра бер, – деп әсте тау қопарылса да, бұлай аптығып ат үстінен сөйлемейтін Зияда Аманбаев ақсақал күбі піскендей күмпілдетіп тұтқаны қоя салған.

Жәмшіден қатынайтын жолаушылар автобусынан Зия ағаны қарсы алып, содан редактордың кабинетінде талма түсті өткеріп, күн шоғы көкжиекке қанатын қомдағанда телефонды қойып сыртқа шыққанбыз. Көліктен күдеріміз бір жолата үзілген. Басымыз қос иықтың ортасында салбырап келеді. Күні кеше мекемелердің алдында иін тіресіп тұратын автокөліктердің қарасы бүгінде жоққа тән еді. Шетінен жекешеленіп кеткен. Соның бірі – өзім.

Кеңес дәуірінде адамдардың амалында қосу мен көбейту болса, нарықта керісінше бөлу мен алу ғана. Нарықтың сәулесі санамызға түсе қоймаған қараңғы түнекте кімнің көрпесін кімдер тартып жамылмады десеңші. Ырылдатып кімге-кім ит қоспады. Ағайындар өзара бет жыртысып төске шапқан. Үкімет мойындағы ауыр жүгін жеңілдетуге асық. Мұны жұрт талапай десіп шуласқан. Ешкім одан ұсталып, сотты болған жоқ. Артында тек «Құлдар көтерілісі» деген ат қалды. Оны да көрдік.

Зия ағаңды автобус келгенше үйден шөл басуға қолқалағанмын. Келісті. Үлкен арнаның адамы ғой. Сабырлы. Сырбаз. Терең. Сол қалпында көше бойлап келеді. Әр пенденің нәсібесін Алла берсе, тағдырыңды ең алдымен мінез жасайды. Зияда Аманбаев та ұзақ жылдар партия, кеңес органдарында кісілік туы жығылмай, жемісті еңбек еткен, сол саланың ардагері. Ақтоғай ауданының құрметті азаматы. Халықтың сыйлысы. Осы тұста сәл шегініс жасаудың реті келіп тұр.

Алмағайып заманда ата қоныс Шыңғыстаудан толғағы бір Тобықтының бір бұтағы Тоқырауын сағасы мен Балқаш көлін жағалай қоныстанғаны тарихта бар ақиқат. Өз шаңырағымда жайма көңілде отырған көне тарихтың көмбесі Шәкір Әбенов атамнан «өкпелесіп кетіпті ғой» дегенімде-ақ таяғынан шекемнің таяқ жегені бар.

– Кеще неме, есіңде болсын. Ұзақ жасағаны өтірік, кейде шындыққа айналады. Жеті Момынның арыстандай айбарлы, ақылы мен даналығы кен Тобықтының қос биі Қараменде мен Кеңгірбай «битке өкпелеп, тонын отқа жақты» дегенге адам сене ме?! Ел ішінде қалған қаңқу сөз ғой баяғы. Болашақты ойлаған ғой бабалар. Ел өседі, мал көбейеді, жер өспейді. Қара Ертіс пен Көк теңіздің аралығына жағалай ел қондырып, жайқалтып мал өсірсек деген қос бидің түпкілікті мақсаты болған. Соны халқыңа жеткіз. Қараменде мен Кеңгірбайдың бір-біріне сағынышпен жазған өлең хаттарын сол сәтте өткінші жауындай төгіп-төгіп жіберген-ді.

Өмірдің сыры да, қыры да көп. Оның түбіне кім жеткен?! Бұл дүние кем болғанымен түбі бір қайыр болатынын олар да ұмытпаған ғой. Ештеңе бекерден бекер болмайды. Қазақ елі өңі түгілі түсінде көрмеген тәуелсіздіктің Алтын босағасын аттаған 90-жылдары басқалар сияқты Ақтоғай жұрты да тордан босаған торғайдай көкте қалықтап, қайда қонарын, неден іс бастарын білмей дал болғанда Алла Тағалам әруақты бабаларды көлденең тартқан-ды. Бірер жылда-ақ ел аузында жүрген Жидебай мен Жалаңтөс батырлардың, Сана би мен Шабанбай бидің, Әуез Ана, Қойкелді, Төлеген, Шот бабалардың басына белгі қойып, ас беріп, ұрпақтары тәу еткен-ді. Иә, бұл рухани төңкеріс еді. Сол шақта екі тізгін бір шылбырды қолына ұстаған аудан әкімі Сағдат Дүйсебеков ағамыздың халқына қолдау көрсетіп, ерекше еңбек еткені айтуға тұрарлық еді.

Әлбетте, бұл Қараменде рухынан бастау алған-ды. Жаны бөлек болса да қаны бір Шыңғыстаудың көп Тобықтысына сауын айтып, Зияда Аманбаев ақсақал барып қайтқан. Ақ түйенің қарны жарылды. Бұдан бір жыл бұрын ғана қазақ елінің Тұңғыш Президеті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау салтанатында Алты Алаштың атынан төгілтіп бата берген көненің көзі, асылдың тұяғы, Қазақстанның халық ақыны Шәкір Әбенов 92 жаста болатын. Би-атаның (Кеңгірбай) шаңырағын көтеріп өзі бастап, бір көшелі ел жол-жоралғысымен Қараменде биге олар да ас берген. Халық сол күнді «Екі ғасырдан кейінгі бабалар рухының үндесуі» деп атап кеткен-ді. Шежірелі Ақтоғай тарихына қосылатын бұл да бедері бөлек бір белес.

Жоғарыда Қарауылдан Зияда ағасына телефон шалған аптал азамат Би-атаның ұрпағы берісі Абай романындағы ер тұлғалы Базаралының шөбересі Меделбек Сарымырзаұлы болатын. Екі ел аралық алтын көпірдің бір басында Меделбек тұрса, екінші басында Қараменде ұрпағы абыз ақсақал Зияда Аманбаев қол бұлғап тұрған-ды. Қан су емес, қасиет, ерте ме кеш пе бастау арнасын тауып жатады.

Үлкен өзеннің ағысы байқалмайды. Дастарқан басында Зия ағам да бәз-баяғы қалпында. Құрғаған тамағын жібітіп, шөлін қандырғанда барып тіл қатқан-ды.

1993 жылы деген-ді ол ойлана. Мамай мен Тоқтамыс батырдың Қарауылдағы әйдік асынан кейін шығар ауызда бізді қоршағанжұрттың алдында Абай елінің төл перзенті  аупарткомды 23 жыл басқарған мемлекет қайраткері Хафиз Матаевтың айтқаны есіңде ме:
– Иә, – дегенше Зияда ағаң сөзін қайта сабақтаған.
– Уа, жұртым! Ақтоғай еліндегі ағайындарды орталы жерінде орынан, жоралғы жерінде жолынан қалдырмай осылай қауқаласып жүруіміз керек. Абайлықтар, сендерге бұл – аманат. Одан соң біздерді қыран көзімен бір шолып өтті де:

– Салып ұрып өздерің ғана сабыла бермей, тар кезеңде кең құшағын ашып, ойып тұрып ортасынан орын берген Әлтеке-Сарымның азаматтарын бетке ұстап келетін болыңдар. Ол – ас ішіп, аяқ босату болмасын. Әрі екі елдің де тіршілігі егіз қозыдай ұқсас. Танысыңдар. Тәжірибе алмасыңдар, – дегені ашық аспанда күн күркірегендей әсер қалдырған-ды.

– Құдайдың құдіреті Хафекеңнің дауысы бүгін құлағымның түбінен күмбірлеп ойымнан шықпай қойды деп, – аузың жинап алғанша Берікбол сәлемін жамыратып босаға аттанған-ды.

– Сіздер асықпай тамақтана беріңіздер. Мен оғанша көре берейін,- деп көлік кілтін сұраған-ды. «Нива» автокөліктің жүріп кеп тоқтағанына аптадан асып кеткен. Әркімәркім келіп, емін таппай кеткен-ді. Берікболға да екі-үш рет құлаққағыс жасағанмын. Сәті түскені бүгін ғой. Оның шыққанынан келгені жылдам – қылдай сымы қиылып кетіпті,- деп Берікбол ыржиа күліп кіріп келеді.

Әруағынан айналайын Мұхтаржан,- деген Зия ағаның орнынан қалай атып тұрғанын да сезбей қалғанмын. Жол бойындағы Қаратал селолық округінің әкімі Сарым атаның бір ұрпағы ежелгі дос Құдашбайдың Зейнолласына үлгеріп телефон соғып көлікке отырғалы жатқанда:

– Осындайда әлемдегі сағат атаулыны тоқтатып уақытты аялдата тұрса ғой шіркін, – деп Зия ағаң тебіренген-ді.

Жол үстінде

Ымырттың иірілген ұршығынан ескен салқын самал желпіген тұста Ақсораңның ашамай қайқаңынан асып түскенбіз. Үшеуіміздің де жағамыз жайлау. Рөлде Зейнолла. Зия ағаң ғана Мұханның шапағатына ықыласы басылмай, әлсін-әлсін еске алып қояды

– Зекен осы көлікті Мақаңның қалай алғанын білесің бе өзі?!

 Аузынан түскен сөзді жұтпай лоқ еткізетін Зейнолла бұл жолы алыстан шолып бүйірлеп кеткен-ді.

 – Балалық шағыңды сағынсаң нағашыларыңа бар – еркелететін жұртың бар. Жігіттік шағыңды аңсасаң – қайын жұртыңа жол тап «балдыздыкі балдай деп» арқа-жарқа болатын орын бар. Мақаң сізге жиен мен балдыз деп Зейнолла күлген-ді.

Расында, Зия ағаңның үйіндегі жеңгеміз Құлық атаның тұяғы, менің шешем Қараменді бидің ұрпағы. Жиен мен нағашы біздің қазақта ғана бар. Құда, күйеу атаулары барлық ұлтта кездеседі. Бірақ «1000», «100» жылдық деп біздер сияқты салмақтамайды ғой. Қайран ата-бабаларымыз ат төбеліндей Алаштың аз ұрпағын бір-біріне осылай бауырластырып, қойған-ау. Оны ұлы Абай да «Бар қазақ – бір қазақ» деп айтып кеткен,– деп еді Зейнолла. Әңгімеміз өзенде жүзген шортандай шоршып-шошып ақыры жоғарыда Зейнолла бастап, аяқсыз қалған әңгімеге келіп тірелген.

Шапағат

… 1987 жылы ауданның басшы кадрларының арасында ауыс-түйіс болып, 60жылдық тарлан тарихы бар Аупарткомның 21 хатшысы орын тағына алғаш рет Тоқырауынның тал бесігінде тербеліп өскен Рымбек Жүнісов сайланған-ды. Мінезі ойнақы, сәт сайын тотықұстай түрленіп тұрады. Кеуделі. Қасқыр бет. Өріс кеңейтудің шебері, кісі алудың жүйрігі. Біріншінің не ойлағыны қайдам тұспа-тұс келген ауданның 60 жылдығын екі жыл оздырып барып, қолға алған-ды. Мықтап тұрып.

Әдеттегідей тойға дайындық аудандық партия комитетінің бюро отырысында пысықталып жатқан-ды. Бюро мүшелерінің есебі тыңдалған. Кезек маған келгенде:

– Бүгіннен бастап мойныңдағы барлық тапсырмалардан боссың. Ұрпақ өз елінің, өз жеріңнің тарихын біліп өсуі керек. Аудан тарихын қағазға түсіріп, кітапқа шығарсақ рухани байлық деген осы. Тездетесің. Әрі кеткенде 25 күнде үлгеріп қолыма ұсынасың, – деп Рекең әр сөзін балғамен шеге қаққандай нығырлап тұрып айтқан-ды. «Байқа, күнтізбе болып кетпесін. Әдеби тілмен де тұздықта, – деп сөзінің соңында тағы да ескерту жасаған. Бұлталақтатқанмын. Бірінші омпа тұрған сақадай одырайып қараған-ды.

– Күні кеше Шұбартауда қой құрттап, айран ұрттап жүрген бала едің, енді бәлсіне қалыпсың! – деген-ді ол дауысты көтере. Менде шегінуге жол қалмаған. Аң-таңмын! Ол кезде, кітап шығару бүгінгідей емес. Мүйізі қарағайдай ақын-жазушылардың өзі шығармаларын мемлекеттік тапсырысқа кіргізе алмай, кітаптары баспаханада кезек күтіп жылдар бойы жатып қалатын. Бүгін ғой қаржың болса болғаны. Жал-құйрығы жоқ кітаптар қаптап кеткен. Оқырманы жоқ.

 Уақытында үйтіп-бүйтіп бітіріп, бірінші хатшының қолына табыстағанмын. Жезқазған облысы тұсында облпарткомның үшінші хатшы қызметін екі жылдай атқарған Халит Зәкариянов тақауда ғана республикалық «Полиграфия және баспасөз» комитетінің төрағалығына жоғарылаған. Бір-екі рет Ақтоғайға келіп, кеткені бар. Обком хатшысы да Рекеңді айналып өтпегенін білем. Рекеңнің айтуымен Халит Зәкарияновтың алдынан бірақ шыққанмын. Талай азаматпен кездесіп, жүздесіп жүрміз ғой, дәл бұлай сәлем-сауқаттасып жатпай-ақ алдыңды орап, баурап әкететінін көргенім осы. Өзімен мені тең ұстап сөйлескен.

– Уақытында келдің. Қаладағы үлкен баспахананың директоры Тілемісовтің қолына бүгін табыстағайсың. Бір апта Алматыда аялдай тұруыңа тура келер деген. 700 данамен «Ақтоғай – алтын бесігім» кітабы осылай жарық көрген.

Ақтоғайдың қазыналы тойы да өтті дүрілдеп. Туып өскен елдің тарихындағы бұл да асуы бар белес еді. Сол жылы ғой Мәскеуден республикалық баспасөз комитетіне бөлінген 4 «Нива» автокөлігінің бірін редакцияға платформаның үстінен мініп қайтқанмын. Зейнолла досымның жол үстінде Зия ағаңа ескерткені де осы болатын. Бұл Рымбек Жүнісов ағамызбен Халит Зәкарияновтың шапағатымен ақ жарма көңілдері сыйлаған қуаныш еді.

Бұдан кейін Ақтоғай ауданының 80 жылдық мерейлі мерекесін тарихи уақытымен дәлдестіріп, 2008 жылы атап өту менің маңдайыма бұйырған еді. Алла Тағалаға мың тәуба!

«Түбіне тіршіліктің тағдыр ие. Тағдырдың құзырында бар дүние» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған. Дастарқаннан дәм татқан асыл азамат Халит Зәкарияновтың шаңырағында кейін үлкен қайғылы оқиға болған-ды. Өз босағасында қызы мен зайыбы бір сәтте өмірден өтіп кеткен. Ойламаған қайғыға қос қабырғасы қатар сөгіліп отырған Халит ағаға арнайы барып көңіл айтып қайтқанмын. Өмірдің алды сайран, соңы ойран деген осы ғой.

Ұлы Мұхтардың тойында

Ақтоғай мен Қарауылдың ара салмағы 480 шақырымдық жол. Үлпілдеген жүрекке ұлылар мекенінің ерекше таңсығы бар саф ауасы желпіндіріп Меделбектің үйіне қалай жеткенімізді де сезбей қалғанбыз. Құрақ ұшып Меделбек аға жүр.

– Келе алмайтын болды ғой, – деп абыржығанбыз. Бозан келініңіз – Зия аға бүгін әдеттегісінен таңғы асқа ерте қам жасаған. Білген ғой. Жайнаған дастарқанның үстінде:

– Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев бастаған қадірлі қонақтардың арасында Мұхаңның ұлы Мұрат Әуезов және т.б. кеше кешкілікте Ұлы Мұхтардың кіндігі тамған Бөрліге келіп қона жатқан. Казір сағат онда Жидебайда түске дейін болып ат шалдырмақ. Ал, Қарауылдағы игі шараларды бірге көре жатармыз деп отағасы қысқа әрі нұсқа таныстырып өткен.

Жоғарыда айтқандай, ол – бізге базар тонның ішкі бауындай. Абай еліндегі жоқшымыз. Нәсібесін кәсіптен тауып жүрген ірі кәсіпкер. Сыртқа шыққанымызда ине жіптен жаңа шыққан ақ сұр «Волга» автокөлігін көлденең тартқан. Рөлде – өзі. 17 жыл ауткомның төрағасы болған бүгінде Қарауылдың қадірменді ақсақалы Рымхан Ғабдуллиннің сенімді жол серігі болыпты. «Көрегені көп көсем болады» деген.

Жидебай төңірегі бұрынғысынан да құлпырып көріктене түсіпті. Ашық алаңға тігілген 5-6 киіз үйлер ортасында кішігірім төбедей ақ отау. Кереге керіп өскен ауылдың баласымыз ғой. Он екі қанаттан артық болмаса кем емес. Зия ағаңды қауқалап сонда түсіріп, біздерді іргелес үйге қонақ тартқан. Сәлден соң тамылжыған ән-күй тынымдап, асабаның дауысы дыбыстағыштан саңқылдай ала жөнелген. Алғашқы құттықтау сөз Сарыарқаның ақсақалы Ақтоғай елінен келген Қараменде бидің ұрпағы Зияда Қоянбайұлы Аманбаевқа беріледі дегенде түн ұзақ кірпігі айқаспай жол күзеткен әрі сөз аталары бас қосқан ортада қалай болар деген ойда тоқ соқандай денемді дір еткізген.

Өйткен жоқ. Арындап сөз саптап, түйдектүйдек ой тастап, арасында тыңдаушылар қол соғып қошемет еткен. Бәрі естіліп тұр. Атап тұрып Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин Зекеңе шапан жапқан.

Үзілісте Зия ағаңды Абай елінің ақсақалдары Бекен Исабеков, Хафиз Матаев, Манатай Балтақайұлы, Байбота Орынбаевтар топтан оқшаулай тұрған. Біз де барып қосылғанбыз. Бекен Исабеков замандасы Зияданы тақымдап жатыр.

– Арнайы келгенде Мұхтар туған топыраққа аунатпай сіздерді жібере алмаймыз. Сыйлы қонақтарға мән-жайды өзім түсіндіремін. Сөз бітті, – деп Бекен үтірі жоқ нүкте қойған.

***

…Түс ауа жолға шыққанбыз. Басымыз бір жанға көбейіп, төртеу болдық. Қарауылдан Бөрлінің арасы 70 шақырымдық жолдың қос қабағы Құнанбай мен ұлы Абай ұрпақтары өсіп-өнген орта. Тасын шертіп қалсаң сыр төгіледі. Оның ішінде Бекен аға ел тарихын, жер тарихын жақсы біледі. Абайтанушы, бірнеше кітаптың авторы Мұхтарды көрген түсіндей баяндайды. Һәм Бөрлідегі Мұхтар Әуезов үйінің директоры. Бұған дейін де Бекен ағаның талай-талай әңгімесін тыңдап құлағымның құрышын қандырғанмын. Бір ғажабы бір айтқан әңгімесін екі қайталамайды.

– Зеке, – деген-ді Бекен даусын кенеп.

–Үлкен Орда мен кіші Орданың арасындағы қоян жон кезеңге көтерілгенде.

– Оң жиектегі салалы саусақтай өзек Мұхаңның Абай романында таңдай қақтыра суреттеген Қызыл шілігі төскейдегі аққасқа бұлақта Шүкіман атты бойжеткенге жас Абай көзінің құрты түсіп «әй, әй керім-ай екен» дегені бар емес пе еді?! Бүгінде ол Әйкерім бұлағы деп аталады. Осыдан Күшікбай бұлағына дейін ұшан-теңіз далада Абайдың кіндігінен жүз ұрпағы тараған. Қасиеті мен қасіреті қос қомына бірдей теңдеп алған өлке. Өз жайымен жүріп жатқан қоғамның басынан аяғына, аяғынан басына төңкеріп қойған кеңес заманында шетінен қудаланып ұсталды, айдалды емес пе?! Бұл күнде Ұлы Отан соғысының ардагері Мағауияның немересі Абайдың шөбересі Ишағы Жағыппарқызы және еркек кіндіктен жалғыз бар. Ақтауда. Ақылбайдың немересі Бағұфрдың баласы Айдар. Сол Айдардың жалғыз ұлы Дәнияр Санк-Петербордағы Гидрометрология институтының мұхиттану факультетін бітірген. Тұрсын Жұртбай бауырым жақсы біледі. Жан Кустодан асып жатса, Абай рухы тағы бір қырынан көрінер деп аузынан тастамай жүреді. Бүгін ұлы жазушыға Алла тағаланың бұйыртқан күні ғой. Бекен аға да әңгімесін сол жаққа жиі төркіндетіп келеді.

Өмір шіркін өкінішсіз болған ба?! Тарыдай шашыраған Абай ұрпақтарына Мұхаң жақсылығын аямаған. Басын біріктіруге жәрдемдескен. Оқытуға ұмтылған. Абай сүйікті бауыры Оспан дүниеден өткенде:

Жалын жүрек суынбай,
Жан біткеннен түңілмей.
Жағалай жайлау дәулетті,
Жасыл шөбі қурамай
Жарқырап жатқан өзені
Жайдақ тартып су алмай
Жайдары жүзің жабылмай,
Жайдақ қашып сабылмай,
Жан біткенге жалынбай,
Жақсы өліпсің, япырай! – деп үш түрлі өлең арнаған.

Абай атамыздың ұлы Тұрағұлдың немересі Жәбірейілдің баласы Алпашты Оспанның бауырына салған. Ұлы Отан соғысынан мүгедек болып оралғанда, Мұхаң оны іздеп тауып, көп көмегін беріпті. Өмірден де Алпаш Оспанұлы болып өтті. Жалғыз Абайдың ғана емес Айпара анамыз «шынжыр балақ, шұбар төс» деп ерекше айдарлаған Ырғызбай әулеті де зұлмат заманда суы қайтып, құрағы жапырылған. Сол әулеттен Шыңғыстауда бас көтерері әлгіндегі Манатай Балтақайұлы ғана. Қоғамға да, елге де еңбегі ерекше сіңген жан. Балтақай Тойғанбаев кеңес заманында қаймықпай-ақ Шәкәрімнің туын бірінші болып көтергендердің бірі болатын. Өткен күннің естеліктерін де шежіредей шертеді. Ұлы жазушы М.Әуезовпен бірге өсіп, өмір бойы сыйласып өткен досы.

«Абай жолы» эпопеясына материалдар жинаған жылдары Мұхаң осы шаңыраққа түсіп, апталап-айлап жатып еңбек еткен. Бір жолғы сапарында Мұхаң қолындағы домбырасын:

– Өскенде осы домбырадай күмбірле! – деп ойын баласы Манатайға қолындағысын сыйға тартыпты. Абайдың 100 жылдық тойына келген жолы Балташ досына:

– Балаңды маған бер, тәрбиелейін! – деп Алматыға өзімен бірге алып кетеді. Ұлы жазушы қойнына жатқызып, мектепке де өзі жетелеп апарады.

Екі жылдай Мұхаңның иісі сіңіп, тәрбиенің уызын емген Манатай Балтақайұлы өмірдің өріне жүзген аптал азамат болып ержеткен. Манаш аға Қараменде бабаның 300 жылдығына келгенде осы әңгіменің шет жағасын өз аузынан естігенім бар еді. Алыс жақыннан Мұхаң деп келгендер ең әуелі Манаш ағаны іздейді екен. Міне бүгін қадірлі қонақтардың ортасында кере қарыс маңдайы жарқырап Мантай аға жүр.

Жаз ортасында тай сойған

Ұлы Мұхаңның дүние есігін ашқан Аяққарағанның топырағына маңдай тигізіп, М.Әуезовтің музей үйін аралап жазушының әкесі мен анасы, ағасы Қасымбекпен жеңгесі Ғалияның басына тәу етіп Бекен ағаның үйіне түскенбіз.

– Бәйбіше! Алла жарылқады, қазан шегендеуге қымбатты қонақтар да келіп қалды, – деп бізді онымен шүйіркелесуге үлгертпей салқын самал үйдің төріне шығарған-ды. (қазан шегендеу бізше қазан көтеру көрші Матайлардан ауысқан) Жарқыратып құнан қой жатыр сойылып. Бекен бізді қондырмай қайтаратын түрі жоқ.

– Жол басшымыз Махмұт балаңыз Шәкір атасының басына барып хатым түсірсек, – деп жол бойы аузынан түсірмей келеді. Құндызды да Қарауылдан бірталай жер. Ертең ертелетіп барсақ деген ойымыз бар еді. Зия аға майда сөздің жорғасы ғой осылай сыналап жеткізген-ді. Бекен жүре тыңдаған. Шәкір көп сөйлеп көсілмейтін кісі. Қараменде бабамыздың асынан қайтқаннан кейін Шәкір Қарауыл жұртын екі ауыз-ақ сөзбен дүрліктіріпті.

– Барғанша Қаракеңнің ұрпақтары орыстанып кеткен шығар деп толғанғанмын. «Нағыз қаймағы бұзылмаған бауырмал қазақты көрдім. Бар екен, шетінен нар екен» депті. Өз елін мадақтағанды кім жек көрсін желпініп-ақ қалғанбыз.

– Ата-бабадан қалған жер ұшан-теңіз. Ағайындас болсақ та осы уақытқа дейін бірбірімізді жете білмейді екенбіз. Ана жолы Ақтоғайға Шыңғыстаулық ақсақалдарды Меделбек бастап апарғанда оған көзіміз жетті деп Бекен аға дастарқан үстінде тағы бір тамсанған. Зияда аты сүрінсе де өз жолынан жығылмаған кісі. Сол жолы Абай елінен келген 15 шақты ағайындарды жаз ортасында тай сойып Жәмші ауылына шақырып өз шаңырағында астатөк қонақ еткені бар.

– Ойпыр-ай! Күләштің, Шашубай мен Манарбектің, Мағауияның ұрпақтарымыз деп бірінен соң бірі ән шырқап күмбірлетіп күй төккенде бәрімізді құлатып еді. Олар түбі бір Тобықтының ұрпақтары екенін сонда ғана білдік ғой. «Бармасаң жат боласың!» дегенде Бекеңнің сөзін Меделбек іліп ала жөнелген-ді.

– Жарықтық Қыдыр ата Тоқырауынды бойлап бара жатқанда қоржынының түбі тесіліп ән маржанының дәні шашылыпты деген аңыз да бар, – деп ағасының сөзін қостаған-ды. Сонда да Бекен аға тоқтар емес.

 – Зеке! – деп сөзін қайта сабақтады.

– Қайтар жолда әңгімеміздің өзегі өздеріңіз ғана болдыңыздар. Көңіл шалқып қуанышқа жүрегі толғандардың аузында «Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп осы күнге жеткізген Елбасымыз Нұрекеңді айналып-толғанумен болдық қой! – деген еді Бекен Исабеков.

 (Жалғасы бар).

Махмұт ЖАРЫЛҒАП.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button