Шеттіктер шүлен таратуда
Ел ішіндегі Атымтай жомарттардың әмәнда аты арып, тоны тозбайтыны шындық. Олардың тілеуін жалпақ жұрты тілейді. Өйткені, олар ата-баба дәстүрімен Алла берген бақ-дәулетінен бұқараға шүлен таратып жүр. Күні кеше Шет ауданындағы «Тау шаруа» қожалығының басшысы Қанат Түсіпбеков тағы бір мәрттік танытты. 80 жасқа келген қарияға аудан орталығынан баспана тарту етті. Кейуана Зақыш Қалдыбаева бұған дейін үйінің апатты жағдайына байланысты кезекте тұрған, көпбалалы зейнеткер ана екен. Бүгін кезексіз баспанаға қол жеткізді. Ана сыйлап өскен елдің атпал азаматтары осындай игі іске мұрындық болыпты. Кейуанаға баспана кілтін аудан әкімі Мұхит Мұхтаров пен Қанат Қуанышбекұлы табыс етті.
Қанат Қуанышбекұлының есімі – бұл өңірге етене таныс. Себебі, Атымтай жомарттың мұндай дархандығы алғаш емес көрінеді. Бұған дейін де көпбалалы, тұрмыста қиындық кешкен отбасыларға көмек жасауда аянып қалмапты. Қажетті азық-түлік, түрлі-түсті телевизор және өзге де тұрмыстық бұйымдармен қамтуда мұқтаждардың қолын қағып көрмепті. Бұл кәсіпкерге «Аудан халқы дән риза» дейді шеттіктер. Осындай соқталы іске тұтқалық еткен Қанат Қуанышбекұлына аудан әкімі ризашылық танытып, Алғыс хатпен марапаттады.
Өз тілшімізден.
ШЕТ ауданы.