Шеттің тойы – көптің тойы
Аюлының бауырынан ән қалықтап, кеңістікті күй көмкеріп әкеткен. Тау бауырындағы Қаштай сайына тігілген ақшаңқан киіз үйлер сол ұлан-асыр ән мен күй теңізінде жүзген аққу-қаздардай шалынды көзге. Бір шеттен жақсы Жәкең (Жанқұтты би), бір шеттен Жидебай, Дербісалы батырлар көрінгенде, Алаштың мерейі өсіп, рухы тасымай қайтсін?! Исі Түркіге ортақ Шортанбай жырау өсиет айтып шыққанда, өлген тіріліп, өшкен жанған емей не?! «Ұлы жыраудың 200 жылдығы ауданның 90 жылдық тойымен қатар келгенінің өзі тегін емес» десті аузы дуалылар. Иә, бұл – шешені хакім Абайға бата берген (жақсы Жәкең), көсемі ханның (Кене) туын ұстаған Ақжолтай ұлыларды туғызған киелі өлке! Сондығынан болар, аудан жұрты тоқсан жылдық торқалы тойын дос сүйініп, дұшпан күйініп қарардай етіп өткерді.
САЛТАНАТТЫ ШАРА СӘТІМЕН!
Шет ауданының орталығында Шортанбай жырау тұр. Қарсысында – әкімдік алдында жақсы Жанқұттының бюсті. Міне, Шет деген – осы! Жанқұтты мен Шортанбай, Жидебай мен Дербісалы, Ақжолтай Ағыбай мен Байғозы батырлар… Қысқасы, Алаштың өзі немесе өзегі десе болғандай. Оны ресми солай тойлағанымызбен, 90 жылға байлап қоя алмайсыз. Сөйтсек те, ауданның 90 жылдық торқалы тойы осы Шортекең мен жақсы Жәкең басынан басталғандай, меніңше. Биыл бабаның 200 жылдығы мен ауданның 90 жылдығы қарсаңында Шортекеңнің кеудемүсіні (бюст) маңы абаттандырылыпты. Кең қоршауға садақ сапша иілген маңдайша, тұғырдағы тұлғаның артына ені кісі бойынан астам, арқан бойы ұзын қабырға тұрғызылыпты. Онда Шортанбай жырау өсиеті мен ол жөнінде белгілі адамдардың айтқан бағалаулар мәрмәрға ойылып жазылыпты. Маңына қобыз, домбыра құймалары қойылған. Ұнамды-ақ!
Ауданның торқалы тойы «Орталық стадионда» салтанатты түрде ашылды. Осы шежірелі өңірден шығып, Алаш даласына танылып үлгерген ақын Дидар Қамиев түрді той шымылдығын. Аудан жұртына арнаған арнауы да келісті екен. Халықтың ықыласы да керемет.
Айтпақшы, арнау өз алдына, сахна мен көрермен отыратын орынның орналастырылуы мен безендірілуі әдемі орайластырылған. Сахна мен көрермен арасы 50 қадамдай. Арасында қызылды-жасылды киінген жастар алаңның ажарын аша түскендей. Әр жерден тұра-тұра қалыпты. Көрерменнің көбі орындықтарда отырып тамашалады. Басшылардың сөздері мен баяндамаларынан кейін аудандағы мәдениет саласының мамандары көрсеткен театрландырылған қойылым сәтті және тұщымды шықты. Бейбіт елдің берекесі, Абылай заманында Шет өңірінен шыққан би-батырлар бейнесі, жорық жайы… Хан Кененің заманы да дәл осылай көрсетілді. Ел жақсы қабылдағандай нышан танытты. Тойдан кейін белгілі жүрналист Сәулебек Жәмкенов, әсіресе қойылымның сәтті сомдалғанын айтып қалды.
Тәттімбет атындағы ұлт аспаптар оркестрі сахнадан Тәттімбет пен Құрманғазы күйлерін қатар сорғалатып отырды. Дирижері – Әбдуғалисын Шоқанбаев. Республика көлемінде сауын айтылған тойға еліміздің басқа аймақтарынан келген қонақтар да жетерлік (жазба барысында таныстыра жатармыз). Ал, Дидар ақынның арнау өлеңінен кейін алғаш сахна төрінде сөз саптаған – аудан әкімі Марат Жандәулетов текті топырақтың шежіресі мен елдің атын шығарған азаматтарына тоқталып өтті. Сондай-ақ, республикалық «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы, түйе балуан Ержан Шынкеевке 1 млн. теңгенің, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бейімбет Қанжановқа 500 мың теңгенің, тоғыз құмалақ ойынынан Азия біріншілігінің жеңімпазы, спорт шебері Аңсаған Азаматқызына 500 мың теңгенің сертификатын табыстады. Тиісінше шәкірттері Әлем, Азия чемпиондарын дайындаған бапкер Қайдар Қанжановқа автокөлік мінгізді.
Осы Шет ауданының, Қарағанды облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Қасымбек Медиев ақсақал «Мен осы жасқа жетіп, Шет ауданының 90 жылдық мерейтойын көрем деп ойлаған жоқпын. Бұл тоқсан жылдық деген – халықтың, көптің тойы. Ұзағынан болсын! Тұңғыш Президентіміздің нұсқауымен Тәуелсіздіктің басында осы ауданға алғаш әкімдер институтын бастап келген мен едім. Аудан жұтап қалған ол кезде. Дүкен сөрелері бос. Ел бірнеше ай зейнетақы, жалақы алмаған. Сонда мен осында келіп жиналыс ашқанда алғаш естіген сөзім: «Айналайын, саған рахмет. 55 жылдан кейін елге келдің. Біз сенен ештеңе сұрамаймыз. 7-8 айдан бері мен зейнетақымды, балаларым жалақысын алған жоқ. Соны ретте қолыңнан келсе?», – деді ұстазым Жұматай Құтжанов деген ақсақал. Көп ұзамай біз сол қиындықты жеңдік. Жалғыз мен емес, осы аудан азаматтары мен халқының арқасында. Міне, бұл жердің халқы небір сындарға төзіп берген табанды да қажырлы халық. Тойларыңыз құтты болсын!»,– деп ағынан жарылды Қасымбек ата.
Жерлесіміз Бота Ноғаеваның әні мен сөзіне жазылған «Шежірелі Шет» әнінің тұсауы да той үстінде кесілді.
«Ер туған жеріне» деген қазақ ел қызығына араласа алмаса, намысына нұқсан. Тойға ат басын бұрған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров «шұғылалы Шет өңірі 90 жылдық шежіресінде саяси қуғын-сүргін жылдары мен соғыс өртімен қатар, небір қиын-қыстау замандарды бастан өткере жүріп, сан алуан жасампаз істерімен көзге түскен мекен. Аудан халқының өршіл мінезі мен өрелі болмысы осыдан көрінеді. Кейінде бұл елге ел қосылып құт болды. Өндірістік әлеуеті мығым, көліктік коммуникация инфрақұрылымы дамыған Ақадыр ауданының қосылуымен күш-қуаты еселеп өсті. Соның арқасында экономикасы мен әлеуметтік саласы дамып, Қарағанды аймағының ырысты да ынтымақты өңіріне айналды» деді.
Сонау ақ басты Алатаудан Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып тойға жалғыз емес, өзімен бірге көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәдірбек Сегізбаев ағамыз бастап, М.Мақатаев сыйлығының лауреаты, белгілі ақын, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлім, белгілі жазушы, «Түркістан» саяси апталығының бас редакторы Жаңабек Шағатай бар, делегация келіп отырғанын мәлімдеп, аудан тойының Шортанбай жырау мерейтойымен орайласып отырғанын жайшылыққа баламады. Солай деді де, ұлы жырау жөнінде баяндама жасады.
«Тамырын тереңнен тартқан, жеті ғасырлық тарихы бар әдебиетімізді Шортанбай жыраусыз елестету мүмкін емес. Оның шығармалары ұлттық әдебиетімізге қосылған мәңгі өлмес мұралар қатарында. Өзі өмір сүрген ғасырда барша қазақ халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған жырауды ел көзінің тірісінде-ақ әулие санаған. Шортанбайтануда осы ауданның құрметті азаматтарының бірі, біздің танымал жазушымыз Кәмел Жүністегі ағамыз көп еңбек сіңіріп келеді. Біз мына Шет ауданының көркейген, гүлденген түрін көріп, қуанып отырмыз. Аудан көркейе берсін. Шортанбай жырау сияқты ұлы бабамыздың аруағы баршамызға жар болсын»,– деп түйін жасады Бауыржан Жақып аға.
ҚЫЗЫҚТЫҢ БӘРІ ҚАШТАЙДА
Салтанатты ашылу шаралары аяқталған соң, ел Аюлының Қаштай сайына кетті. Ауылдан 3 шақырымдағы сайға қырық шамалы ақ боз үйлер тігіліпті. Дәл осы жерден төменірек – жарты, бір шақырым аралықта атшабар бәйге алаңы. Киіз үйлер тігілген сайда сағат 13.00-ден былай қонақтарға ас берілді. Сайдың дәл ортасында оқшау төбе. Соның төрт құбыласында төрт түрлі шара қатар өтіп жатты. Бір жақ қапталында – қазақ күресі. Бір жағы – аударыспақ болса, енді бір жағында мерекелік концерт пен цирк қойылды. Басқа тойлардан артықшылығы – ұйымдастырушылар төбені жақсы таңдап алған. Әйтпесе, талай ас пен тойда ерте жиналған халық қаумалап алған соң, күрес көре алмай қайтушы едік. Бұл жолы ондай болмады. Бір төбенің басына шығып, күресті де, аударыспақты да тамашаладық. Бәрі көз алдымызда.
Ұйымдастырушы тарап циркті Қырғызстаннан алдырыпты. Бір әулеттің мүшелері, атасы, балалары мен немерелері болып халықты думанға бөледі. Біз барғанымызда, бір жас жігіт аузына кішкене темір тістеп алып, екіншісі сол тілше темір үстіне темір тұрба басына ілінген кір тасын (шамасы 16 келілік болса керек) қойды. Әлгі тұрба басына ілінген кір тасын біраз уақыт тістеп көтеріп тұрды да, темір тұрбаны тастап жіберіп, кір тасын қолымен қағып алды. Тағы бір 5-6 жасар бала жалаңаш шыныға аунап, 8 келі кір тасын тістеп, 5, 5 келіден екі кір тасын қолымен көтеріп, керемет қылды. Мұның сыртында кейбір жұрт жаңаарқалық әртістердің концертін тамашалады. Ақадыр кентінің әншілері де өнер көрсетті онда. Арасынан әнші Айзада Қонысқызын таныдым.
Төбенің түстік етегінде екі автокөлік, 4 мотоцикл тұр. Бір автокөлік бәйгеге тігілсе, бірі – күреске. Аударыспақ пен көкпарға ғана ақшалай жүлде тігілді. Қалғандарына манағы көліктер мен тұрмыстық техникалар үлестірілді. Балуандар белдесуінің ақтық кезеңдерін ғана көріп үлгердік. 70, 80 келі салмақ бойынша өтті қазақ күресі. 70 келі салмақта қарсыласынан сәл ғана басым түсіп, қарқаралылық Марат Заңғар ІІІ орынға жетті. Мейіржан Нұрасыл атты балуан ІІ орыннан көрінді. І орын Мұқатай Сырымға бұйырды.
80 келі салмақ дәрежесі бойынша ақадырлық Жанғабыл Мәрлен ІІІ орынға ілігіп, тоңазытқыш ұтып алды. Босағалық Жалғас Шынкеев ІІ орынға табан тіреді. Мотоцикл теуіп қайтты. Жеңіс тұғырынан көрінген Айдын Дәртаев автокөлік мінді.
Көкпарды шабандоздар жалпы додада тартты. Командалық тартыс болған жоқ. Әркім салымды өзі үшін ақшаға салды. Ал, аударыспақтың жөні бөлек. 50 кг. салмақта Нұрбек Аманжол (Ақсу-Аюлы), 60 кг. қармыстық Дидар Есмақаев, 70 кг. Азамат Біләлов (Тұмсық ауылы) қарсылас шыдатпай, жеңімпаз атанды.
Жердің шаңын көкке көтерген аламан бәйгеге барлығы 29 ат, 30 шақырымға шапты. Сәкен Сейфуллин кентінің бір төбел баран аты 5-6 айналым бойы қара үзіп алдында отырды. Соңғы айналымда ғана бәсеңсіп, соңындағылар қуып жетті. Десе де, арғымақ алдыңғы топтан қалмай, мәре сызығын 5-ші болып қиды.
30-ға жуық аттың арасынан 7-8-і ғана шауып өтті. Бірінші келген алматылық Абдусамат Рустамұлының Томирис атты жүйрігі қарақшыдан жерді қуырып, жеке дара келді. Екінші келген – Әділхан Нұрлановтың арғымағы, Ақсу-Аюлы. Үшінші келген де Ақсу-Аюлы, Дәурен Бекетовтың сәйгүлігі. Кешкі алтыларда басталған бәйге біткенде, көкжиекте күн де қораланып қалып еді. Ел жаппай тағы да аудан басына ағылды. Мұндағы «Орталық алаңда» гала-концертте елімізге танымал Марат Омаров, Тамара Асар, Сейіл Аяған, Саят Әбдіғали тағы басқа эстрада жұлдыздары ән салды.
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»