Жаңалықтар

Шетте жүрген жастың да, кәрінің де көкейінде Отанға деген сағыныш бар…

«Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» дейді біздің қазақ. Қалай болғанда да, ел мен жер танудан жаңылмайтын бүгінгінің ұл-қызы шетел асып, өзге елде оқу оқып, білім қуып жүр. Ал, бұл – әрбір  жасқа Тәуелсіз Қазақстанның берген олжасы. Елден жырақтап, шет жерде жүргендер өсіп-өнген Отанын бір сәтке де есінен шығармақ емес. Шетке шыққанда туған ел мен жердің қадірі тіптен артады емес пе?! Мұны олардың сөзінен-ақ байқайсың. Ұлттық мереке – Республика күніне орай Венгрия, Чехия, Польша, АҚШ-та тұрып жатқан қарағандылық патриот жастармен тілдескен едік. Оқып, ой бөлісіңіз.

СУРЕТТЕ: Чехиядағы Qazaq Nomad қауымдастығындағы қазақ жастары Сурет Qazaq Nomad қауымдастығынан

Әлемнің қай түпкірінде жүрсе де, болмысынан ажырамай, түп-тамырынан айнымайтын ұлт болса, ол қазақ ұлты болар еді. Қанға сіңген қонақжайлық қай елде де қазақтың өзімен бірге ілесіп жүреді. Шетелдегі қазақтар бірбірімен жиі бас қосып, бауырсақтан дәм татады, күй төкпелетіп, ән әуелетеді. Бұл әрқайсысының Отанға деген құрметінен, сүйіспеншілігінен болса керек. Шетте жүрген жастың да, кәрінің де көкейінде Отанға деген сағыныш бар. Бұл – анық нәрсе.
Биыл Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің 16 студенті Польша, Венгрия, Қытай, Литва мемлекетіндегі университеттерде академиялық ұтқырлықпен оқып жатыр. Өзге елде жүрген әрқайсысы үшін өз елінің қадірі арта түскен. Қарағанды техникалық университетінде «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» мамандығында оқып жатқан ІІ курс студенті Еңлік Шынәлі академиялық ұтқырлықпен қыркүйекте Венгрияға аттанған болатын. Қазір Будапешт қаласындағы Обуда университетінде оқуын жалғастыруда. Мұнда өзімен бірге Ә.Сағынов университетінің 6 бірдей студенті бар. Олардың оқуға келгеніне көп болмаса да, өз Отанын сағы нып үлгергенін айтты. «Туған жер мен елдің қадірі шетке шыққанда тіптен тереңірек сезіледі», – дейді жастар.

– Бұрын күнделікті өмірде байқай бермейді екенбіз. Елден жырақ жүргенде қарапайым нәрселердің өзі сағынышқа айналады екен.  Тынысымды ашатын туған қаламның ауасын аңсап, таныс көшелері есіме түседі, тіпті, жүрген жерімде қазақ тілінде бір сөз естісем, жүрегім дүрсілдеп шыға келеді. Отанға деген сағыныш осындай дүниелерден үдей түседі, – дейді Еңлік Шынәлі.

Шетте жүрген қандастар бауырмал келеді емес пе?! Мамандықтары әртүрлі болғанымен, бір университетте білім алып жатқан жастар жиі жолығысады. «Қандай да бір мәселе туындаса, әрдайым қолдау көрсетіп, көмек қолын созуға дайынбыз», – дейді Еңлік.

Венгриядағы қазақ жастары мемлекет үшін ең маңызды мерекенің бірі – Республика күнін ерекше атап өтті. Мәселен, Будапешттегі қазақ студенттері 24 қазан күні Óbuda Universityде мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Онда домбыра тартып, ұлттық ән, би, күй орындалып, ұлттық ойындар ойнатылды және дастарханнан қазақ тағамдары табылып, дәм татыпты.

– Мен де сол шараға бардым. Мұндай жиын шетте жүрген қазақстандықтарды біріктіреді. Өз мәдени етімізді өзге елде жүрсек те, ұмытпай, дәріптеу парыз. Шетелде жүргенде әрбір қазақ өзінің қазақ болып туылғанына ерекше мақтанады. Осындай ортада патриотизм тек сөз емес, іс жүзінде көрінеді, біздің бірлігіміз, бір-бірімізге сый-құрметіміз артады, – деді Еңлік. Студенттің айтуынша, патриотизм – елге деген махаббат қана емес, ол – жауапкершілік.

– Ең алдымен, менің елім шетелде білім алуға мүмкіндік берді. Алған білімім мен тәжірибемді кейін өз елімнің пайдасына жаратсам деймін, мен үшін ол – патриотизмнің ең биік көрінісі болмақ, – дейді ол.

Ал, Польшада академиялық ұтқырлықпен оқып жатқан Қарағанды техникалық университетінің студенті
Қажымұқан Алдақуатов та осындай ойды қуаттады. «Патриотизм дегенді туған жер мен елді жүрекпен сүю деп ұғамын», – дейді ол. Басқа елге арман қуып, оқуға аттанған жас Отанға деген сағынышы артқанын жасырмады. Чехия мемлекетінде де бір топ қазақ өмір сүреді. Олардың елге тән ұлттық мерекелерді атап өтуі тіптен ерек. Мұндағы Qazaq Nomad қазақтар диаспорасы Чехияда жүрген қазақ ұлтының басын біріктіріп, түрлі шаралар ұйымдастырады. Оқып жатқан, сонда тұрақтаған қазақ жастары да мұндай жиыннан қалыс қалмайды. Прага қаласындағы VŠE университетінде білім алып жүрген І курс студенті Диас Бекбосын – сондай шараға белсене қатысатын жастың бірі. Әрбір ұлттық мерекеде домбыра тартып, сахнада өнер көрсететінін айтады.

– Менің ойымша, патриотизм – өз еліңнің мәдениеті мен рухын шетелде де дәріптеу. Біз қай жерде жүрсек те, Қазақстанның атын абыроймен танытып, өз тамырымызды ұмытпауымыз керек. Мен үшін патриот болу – домбыра үні арқылы ұлтыңды таныту, жақсы іс арқылы өз халқыңның қадір-қасиетін көрсете білу, – дейді Диас.

Сонымен қоса, Чехияда тұрып жатқан қарағандылық жас Алмат Нығманов Qazaq Nomad қоғамдастығымен үнемі байланыста екенін, сол ұйым ұйымдастырған шараға ерікті ретінде көмек беретінін атап өтті. Бүгінде Прага қаласында екі жылдан аса бағдарламашы болып жұмыс істейтін олҚазақстанның болашағынан зор үміт  күтетінін жеткізді. Елге қайту ойында бар. Алматтың айтуынша, Чехиядағы қазақтар 25 қазан Республика күнін ерекше атап өтпек. Белгілі кинорежиссер Ермек Тұрсыновпен кездесу өтіп, Прага қаласында қазақ киносының көрсетілімі болатынын тілге тиек етті.
Мұндай көрсетілім шетте жүргендерге асқақ рух сыйлайтыны анық. Мұхиттың ар жағындағы АҚШта ірі кәсіппен айналысатын қарағандылық жас Айдын Есенгелді «Нағыз патриоттар – шетелде жүр» дейді. Тас бұзатын табандылығымен әлемнің алпауыт елінде кәсібін дөңгелеткен ол өз тауарларын «Қарағанды дизайнымен» (Design by Karaganda), «Қазақстан» деген жазумен шығарады.

– Шетелде жүрген әрбір қазақ – Қазақстанның амбассадоры. Елден жырақта жүріп-ақ Қазақстанның атын әлемге танытып жүргендер көп. Олар қай жерде, қай елде өмір сүрсе де, қазақ болып қала береді. Сыртқы түрім америкалық болғанымен, жүрегім, тілегім елмен ортақ. Туған жерімде туыстарым, жақындарым тұрып жатыр. Болашақта Қазақстанға қайтып, кәсібімді жалғастыру, отбасын құру ойымда бар,
– дейді Айдын.

АҚШ-тағы қарағандылық кәсіпкер шетелдің ірі компанияларымен қоян-қолтық жұмыс істейді. Жас болса да, көрген-білгені, түйгені мол Айдын АҚШ-та оқып жатқан қазақ жастарына өзінің қаржылық білімін, ақыл-кеңесін бөліседі. Білімді жас валюта балансымен Қазақстанның экономикасына да үлес қосып жатқанын тілге тиек етті. Шет жерде жүрген Тәуелсіз ел ұландарының сөзіне құлақ салсақ, қай елде, мейлі қай жерде жүрсе де, олардың Отанға деген сағынышы мен махаббаты тарқамақ емес. Бұл қасиет оларды әлі де талай зау биікке жетелейтіні анық.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button