«Шетсіз қаланың» шексіз мүмкіндігі
Қарағанды қаласында «Шетсіз қала» бағдарламасы шеңберіндегі жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Әлихан Бөкейхан атындағы ауданда соңғы жылдары аулалар мен аллеялар жаңартылып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне бағытталған жаңа қоғамдық кеңістіктер ашылуда.

Биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында қала тұрғындары ұсынған 43 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде балалар және спорт алаңдарын салу, көше жарығын жаңарту және абаттандырудың өзге де бағыттары қамтылды.



Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында осы жобалардың орындалу барысымен танысып, олардың сапасына ерекше назар аударды.
Әкім алдымен Майқұдықтағы 16-шағын ауданның ауласында болды. Мұнда тұрғындар үшін заманауи демалыс аймағы, балалар ойын алаңы мен спорттық жаттығу аймағы жасақталған. Аула толық жарықтандырылып, әткеншектер, спорттық құрылғылар және жаңа орындықтар орнатылған.



Кездесу барысында өңір басшысы аула тұрғындарымен тілдесіп, жасөспірім футболшыларға жаңа спорт доптарын сыйға тартты.
– Бұл аулада 26 жыл тұрамын. Бес балам осы аулада өсті. Қазір немерелерімді де осында серуендетемін. Бұрын ауламыз қараусыз еді, бүгінде көз қуантады. Тұрғындардың бәрі риза. Ыңғайлы әрі әдемі аула жасағандарыңызға алғыс айтамын, – деді зейнеткер Батима Ахметова.

Түсіп Күзембаев атындағы гүлзар да толық жаңартылып, жаңа келбетке ие болды. Жөндеу жұмыстары ең алдымен 2004 жылдан бері өзгеріс көрмеген шахтерлерге арналған ескерткіштен басталды. Стела жаңа гранитпен қапталып, кейін аумақ түгел абаттандырылды. Гүлзарға жаңа тас төсемі, гүлбақтар, перголалар, композиттік мәрмәрдан жасалған орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды. Сондай-ақ ашық аспан астында ойнауға арналған шахмат үстелі орнатылды. Көпжылдық гүлдер көктемде егілмек, ал келер жылы гүлзарды абаттандыру жұмыстары жалғасады.

Сталелитейная көшесіндегі гүлзар да айтарлықтай өзгерді. Мұнда да жаңа тас төсемі төселіп, перголалар, орындықтар мен қоқыс жәшіктері жаңартылды. Жылу трассаларының бетон тіректері ұлттық өрнекпен безендіріліп, ағаш діңгектерінің айналасына қорғаныш торлары қойылды. Көшет ретінде қызыл жапырақты үйеңкі отырғызылды. Ол аумаққа сән берумен қатар ағаштың тамырын қорғауға көмектеседі.

– Біз «Шетсіз қала» қағидатын ұстанып отырмыз. Жұмыс жүріп жатыр, оның нәтижесін көріп отырмыз. Ең маңыздысы – халықтың разылығы. Абаттандыруды жалғастырамыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сапар барысында облыс әкімі бірқатар өндіріс орындарын да аралады. Ол зауыттардың жұмысымен танысып, өндірістің қазіргі жай-күйі мен алдағы жоспарларын талқылады.

«ЭГОФОМ» компаниясы жұмсақ жиһаз, матрас және қаптама материалдарына арналған поролон өндіреді. Соңғы жылдары жартылай қираған ескі ғимараттардың орнына жаңа цехтар салынып, қоймалар тұрғызылған. Еуропалық жабдық орнатылып, кәсіпорын өнімдері қазақстандық нарыққа және көрші елдерге экспортталады.

«Kaz-metiz» зауыты – жоғары көміртекті болаттан жасалған арқан мен сым шығаратын елдегі жетекші кәсіпорындардың бірі. Жылдық өндіріс қуаты – 30 мың тонна. Мұнда 300-ден астам адам еңбек етеді. Өнім теміржол, тау-кен металлургия, энергетика және құрылыс салаларына жеткізіледі. Нарық географиясы әзірге Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Беларусь елдерін қамтып отыр. Биыл кәсіпорында сымды патенттеу және бора жағу желісі іске қосылады, сондай-ақ жаңа жабдық енгізу жоспарланған. Газ таратушы кешен құрылысы аяқталуға жақын.



Сонымен қатар, өңір басшысы үшінші жылу шығару жобасы аясында салынған жаңа сорғы станцияларының бірін аралап көрді. Нысан толыққанды жұмыс істеп тұр. Станция заманауи технологиялармен жабдықталып, диспетчерлік орталықтан толық бақылау жүргізіледі.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



