Шетелдік нөмір: Заңдастыруға қатысты бірқатар өзгеріс енгізілді
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев шетелдік автокөліктерді заңдастыру үшін қажетті заңнамалық өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Оrtalyq.kz Экспресс К. сайтына сілтеме жасап.
Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру үшін бастапқы тіркеу мөлшері 200 мың теңге болып бекітілді. Ал, өзгерістерге сәйкес кәдеге жарату төлемі алынып тасталған.
– 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін ел аумағына әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін төлем мөлшерін қолданудың және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінен босатудың қағидалары, шарттары мен мерзімдері бекітілді. Ережелер ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді және осы күннен бастап біз шетелдік автокөліктерді заңдастыруға кірістік, – деді Қайсар Сұлтанбаев.
Заңдастыру үшін азаматтар мынандай құжаттарды өткізуі керек:
– Өтініш
– Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат
– Көлік құралын тіркеу құжатын
– Көлік құралына меншік құқығын растайтын құжатты өткізуі қажет.
Ал, заңдастырылатын автокөліктерге қойылатын негізгі талаптар қандай?
– Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген болуы керек
– Іздеуде болмауы тиіс
– Басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша мемлекеттік есептен шығарылған болуы шарт
– Кедендік тазартудан өткен
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан 22 ақпанына дейін 40 мыңнан астам көлік заңдастырылған. Тағы 85 мыңнан астам автокөлік алдын ала тексеруден өткізіліп, нөмірлік агрегаттарды салыстыру және одан әрі тіркеу үшін жіберілді. Яғни бір айда 125 мыңнан астам автокөлік заңдастырылыпты.