Шетелдік көліктерді тіркеу келеңсіздіктің алдын алады
Шетелден әкелінген көліктерді уақытша тіркеу мәселесі түрлі пікірлерді туындатып, қызу талқыланатын тақырыптардың біріне айналып үлгерді. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ пәрменімен жүзеге асып жатқан жаңа талап әкімшілік құқықбұзушылықтың санын шектеуді көздейді. Ал, «арзанның сорпасы татымас» дегендей, бағаға қызығып, бастары дал болған көлік иелері не істерін білмей әлек. Дегенмен, Заңға мойынсұну әр ел азаматының міндеті екенін ұмытпайық…
Құқық қорғаушылардың дерегінше, өткен жылы шетелдік көліктердің қатысуымен 90 мыңнан аса жол қозғалысы ережелері бұзылған, айыппұл көлемі 1 млрд. теңгеден асқан. Айыппұлдың дені жылдамдықты асыру, сондай-ақ жол белгілері талаптарын сақтамау сынды құқық бұзушылыққа қатысты. Оқиға орын алған жерден ізін суытып, жол қозғалысы ережелерін бұзатын жүргізушілердің салдарынан 1854 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 132 адам қаза тапса, 500-ден астамы жарақат алған. Тіпті, қылмыс жасауда да тіркеуде жоқ көлік тиімді екенін жеткізеді. Жыл басынан есептесек, облыс бойынша сол шетелдік көліктердің қатысуымен 457 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Айыппұл көлемі – 3 442 000 теңге. Бүгінгі таңда оның 29 222 теңгесі өндіріліп алынған. Яғни, бұл көрсеткіштің ішінде жол-көлік оқиғасының саны қоса бар.
Қазіргі мәліметке сәйкес, Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейде тіркелген 190 мыңға жуық көлік елге кіргізілген. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің есебінше, көрші Ресей Федерациясынан Қазақстанға шамамен 150 мыңнан астам көлік әкелінген. Армениялық көліктің саны 25 мыңнан асса, Қырғызстаннан 15 мыңнан аса темір тұлпар сатып алынған. Облыс бойынша нақты есеп әзірге белгісіз.
Тағы бір мәселе – алыпсатарлардың саудасы. Бәріне тұсау түскені рас. Алып қойған көліктерінің бәрін тіркейтін жағдай болса, тірнектеп жиғанынан айырылады. Ол жасырын емес. Енді қайтпек керек? Осы жағдай бойынша, алматылық азамат Армениядан 78 көлік әкелді деген ақпар тарап, жұрттың назарын аударған. Ал, Атырау облысының алыпсатарлары біреуі 43 көлік әкелсе, екіншісі 40 көлікті бірден әкелген. Олардың салықтан жалтарып, тіркеуден қашатыны анық. Қарағанды облысы бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінген азаматша екі бірдей көлік әкелгенін айтады. Барлық алым-салықты есептеп, уақытша тіркеуге қоямын деп уәде етіп отыр. Қарағандыда көптеп көлік әкелгендер әлі анықталмаған.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына көлік құралдарын тіркеуге қатысты 207 адам жүгінген.
Олар төлеуге тиіс алым-салық мөлшерін есептетіп, қажетті құжаттардың тізімін алған. (Ресейден – 150, Армениядан – 41, Қырғыз елінен – 4, Беларусь – 2). Тіркелгені – 3 көлік. Оның алғашқысын газеттің өткен санында жариялағанбыз. Кейінгі тіркелген екеуі де Ресейден 2019 жылы әкелінген «Hunday Tucson» автокөліктері. Қозғалтқыш көлемі – 2.0 текше см. Көлік иесі мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі (МТНБ), көлік құралын тіркеу туралы куәлік (КҚТК) және бастапқы тіркеу үшін арнайы мемлекеттік төлемдерін төлеген. Енді қалған утилизациялық алымға 927 000 теңгені 1 жыл ішінде бөліп төлейді.
Мамандар бұл өзгерісті уақытша науқан деп есептесе керек-ті. Тәуелсіз автокөлік одағы тәртіп сақшылары кезінде қырғызстандық көліктермен күресіп, соңында жабулы қазан жабулы күйінде қалғанын айтып, өздерін үміттендіреді. Дегенмен, бұл жолғы талап жолдағы апаттардың көбеюімен немесе басқа да құқық бұзушылықтардың белең алуымен тікелей байланысты. Сол себепті сарапшылар аталған көліктерді алған елдеріне қайта сатуға болмаса бекітілген тәртіпке бағынуға кеңес беріп отыр. «Тәртіпке бағынған құл болмас». Талапты орындау олқылықтың тамырын жояды. Естеріңізге сала кетейік, 8-775-617-96-18, 8 (7212) 55-87-06 нөмірлері бойынша жедел желіге хабарласып, шетелдік көліктерді уақытша тіркеу тәртібі туралы ақпарат ала аласыз.
Қасымхан ҒАЛЫМ