Бас тақырыпОблыс әкімі

Шетелдік археологтар: «ҚАЗАҚ АРХЕОЛОГИЯСЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ-ЗОР»

Аймақ басшысы Ерлан Қошанов Сәтбаев қаласының 45 жылдығына орай ұйымдастырылған ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевқа арналған халықаралық симпозиумға келген шетелдік және отандық археологғалымдарды қабылдады. Олардың қатарында жапондық ғалым Ясуюки Мураками, ресейлік археологтар – Сергей Кузьминых, Людмила Корякова, Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым Сағындық Жауымбаев, Игорь Кукушкин бар.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ

Аймақ басшысы симпозиумға қатысуға ниет білдірген шетелдік ғалымдарға жылы лебізін білдірді. Өз сөзінде Қарағанды облысының қазынаға ғана емес, тарихқа тұнып тұрғанын атап өтті.

– Қарағанды аймағы кен-байлығымен қатар, құпиясы терең аңызбен көмкерілген. Бұл өңірдің көптеген құпиясы ашылғаны мәлім. Алайда, қатпарлы тарихының қыр-сыры толық жария етілген жоқ. Сондықтан да, сіздердің симпозиумға қатысуға ықылас танытқандарыңызға қуаныштымын, – деді Ерлан Жақанұлы.

Жапонияның Эхимэ университетінің профессоры, Ежелгі Шығыс Азия темір мәдениетін зерттеу орталығының директоры Ясуюки Мураками бұған дейін Қарағанды аймағындағы археологиялық қазба жұмыстарға бірнеше рет қатысқан. Талай құнды тарихи жәдігерлерге куә болған шетелдік ғалым. Ол сөз кезегінде археология үшін мәні зор экспедицияларға қатысуға мүмкіндік берген профессор Сағындық Жауымбаевқа ризашылығын білдірді.

Ясуюки МУРАКАМИ, Жапонияның Эхимэ университетінің профессоры, Ежелгі Шығыс Азия темір мәдениетін зерттеу орталығының директоры:

Тарихи бірегей жәдігерлермен танысып, оның қазба жұмысына қатысуға Жауымбаев мырзаның экспедициясы мол мүмкіндік берді. Қарағанды облысы металл өндірісін түсіну үшін аса маңызды. Осы орайда ғалымдармен археологиялық жұмыстарды жалғастырғым келеді.

Ресей Ғылым академиясы Археология институтының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сергей Кузьминых Қазақстанның археологиялық қазбалары еліміздің Еуразия кеңістігінде метал өңдеудегі жетекші орталық болғанын айғақтайтынын атайды. «Ал, бүгінгі Қаныш Имантайұлына арналған симпозиумның мәні тереңде. Себебі, осы қазба байлықтың бастауында – Сәтбаев тұр» дейді ол. Қола дәуірінің басында тұрған қазақ жеріндегі археологиялық жұмыстар жалғасын табуы тиіс деп біледі. Қойнауы құнды дерекке толы мекендерді аралағаннан соң осындай ой түйіпті.

Сергей КУЗЬМИНЫХ, Ресей Ғылым академиясы Археология институтының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты:

Экскурсиялар Қазақстанның археологиялық ескерткіштерге бай екенін көрсетті. Қазақстанның жерінде бірегей ескерткіштер бар. Сол себепті де мұндай жұмыстардың жалғасты болғаны абзал.

Жалпы, шетелдік ғалымдар қазақ археологиясының әлеуетін айрықша атауда. Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сағындық Жауымбаев симпозиумға шетелдің алдыңға қатарлы археологтарын шақырғанын атап отыр. Симпозиумда пікірлескен ғалымдар алдағы уақытта бірлесе, кеңесіп, әрекет етпек. Қарағандыдан бастау алған симпозиум Сәтбаев қаласында жалғасын таппақшы.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button