«Шет-Энерго» желілері 90%-ға тозған
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте Шет ауданы электр желілерінің шынайы көрінісі көрсетілді, – деп хабарлайды ortalyq.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұзақ жылдар бойы 27 ауылға қызмет көрсететін «Шет-Энерго» компаниясы жаңғыртуға қаржы салмаған. Желілердің тозуы 90%-ды құрайды. Жыл сайын апаттар саны артып келеді. Тұрғындар үнемі жарықтың үзілуінен зардап шегуге мәжбүр. Қазір аккредиттелген ұйымдар желілерді тексеруге кіріскен.
– Проблеманың ауқымын түсіну үшін 2023 жылы 94, 2024 жылы 300-ге жуық авария тіркелгенін, осы жылдың басынан бері 81 авария болғанын атап өткен жөн. Тұрғындар үнемі жарықтың үзілуіне шағымданады. Бизнес зардап шегуде. Әлеуметтік нысандар жиі энергиясыз қалып отыр,– деді Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров.
Аудан әкімі желілердің жағдайын көрсететін фотосуреттерді ортаға салды.
2023-2024 жылдардағы аумақтық энергетикалық қадағалау департаменті «Шет Энерго» компаниясын сегіз рет тексеріп, заң бұзушылықтар үшін басшылыққа айыппұл салған. Бірақ оң өзгерістер болмаған.
Аумақтық энергия қадағалау департаменті басшысының міндетін атқарушы Айрат Қарамурзиннің хабарлауынша, кәсіпорын энергия беруші ұйымдардың талаптарына сәйкес келмейді. Жыл сайын әзірлік паспортын алу қажеттігі туралы талап еленбеген. Директор мен бас инженер ережелерді бұза отырып, білімдерін біліктілік тексеруден өткізуді қажет деп санамаған. Ең бастысы – күрделі жөндеу бойынша жоспар жоқ.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аудан әкіміне электр желілерінің техникалық жағдайын бақылауды жалғастыруды тапсырды.
– Барлық іс-әрекеттер заңнамаға сәйкес болуы тиіс, ең бастысы – тұрғындардың мүдделерін қорғау керек. Адамдар зардап шекпеуі тиіс!, – деп атап өтті өңір басшысы.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.