Шет ауданының өнімдері қала тұрғындарына қолжетімді бағамен ұсынылуда
Қарағандыда Шет ауданы фермерлерінің өнімін тікелей ұсынатын жаңа әлеуметтік павильон ашылды. Мұнда тұрғындар делдалсыз сауда арқылы ет, сүт өнімдері, көкөніс пен бакалеяны базар бағасынан арзан сатып ала алады.

Алғашқы екі күнде-ақ павильоннан 3 тонна сиыр еті, 1,45 тонна қой еті, 400 келі картоп және 5550 дана жұмыртқа сатылған.
– Біздің басты міндетіміз – фермерлердің өздерін ыңғайлы сезінуіне жағдай жасау. Олар тек өнімін әкеліп, сатумен айналысуы тиіс. Ал тұрғындар жаңа әрі сапалы тауарды өндірушіден тікелей, қосымша үстемесіз ала алады, – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Дастан Құдабаев.
Сатыбалдин көшесі, 11/1 мекенжайында орналасқан павильон күн сайын таңғы 10:00-ден кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Сауда қатарында ет өнімдерімен қатар қымыз, ірімшік, май, құрт, қаймақ, картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат бар. Сондай-ақ «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қант, ұн, нан, күнбағыс майы, қарақұмық пен макарон жеткізіп отыр.
– Әлеуметтік павильонның ашылуы – Шет ауданы фермерлері үшін де, қала тұрғындары үшін де маңызды оқиға. Өндірушілер өнімін тікелей өткізсе, тұрғындар қолжетімді бағадағы жергілікті тауарды алады. Бұл – ауыл шаруашылығын қолдауға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға жасалған нақты қадам, – деп атап өтті Шет ауданы Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ердоc Әбішев.
Қазір павильонға бір ЖШС, бір кооператив және алты шаруа қожалығы өнім жеткізіп жатыр. Алдағы уақытта 20-ға жуық қожалық ет, егін және қайта өңдеу тауарларын ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.
Жамал АКПАРОВА