Шет ауданының екі ауылында медициналық нысан ашылды
Қарағанды облысында ауыл медицинасын жақсарту жалғасуда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша салынған жаңа нысандар Шет ауданының Дәрия мен Ақой ауылдарында ашылып, қолданысқа берілді. Жаңа нысандар заман талабына сай жабдықталған.

– Мен мұнда үш жылдай жұмыс істеймін. Бұрын әкімдік ғимаратында бейімделген үй-жайда адамдарды қабылдауға тура келетін. Жаңадан ашылған нысанның кабинеттері кең, таза, жылы, жиһаз бен техника бар – жұмыс істеу анағұрлым жеңілдеді, – дейді медбике Светлана Александрова.
Ақой ауылында 600-ден астам адам тұрады, олардың басым бөлігі зейнеткерлер. Бұл ауылда да дәрігерлер пациенттерді бейімделген бөлмеде қабылдаған. Ал қазір жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктке көшті. Мұнда акушер, санитар, балалар және учаскелік медбикелер жұмыс істейді.
Ересектер мен балаларды қабылдауға, қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес қажетті көмек көрсетуге барлық қажеттілік қарастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Шет ауданы Нұраталды ауылдық округінің Ақсу және Қызылқой ауылдарында заманауи медициналық пункттер салынды. Жалпы, биыл ауданда он медициналық пункт пен екі ФАП ашылады деп жоспарланған.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА