Шет ауданында заманауи мектеп ашылды
“Республика күні қарсаңында Шет ауданының Сәкен Сейфуллин атындағы кентінің тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында жаңа заманауи мектеп өз есігін айқара ашты” деп хабарлайды Қарағанды облысының әкімдігінің баспасөз қызметі.

300 орынға арналған білім ордасында оқушылардың жан-жақты дамуына және сапалы білім алуына барлық мүмкіндік жасалған.
Кең әрі жарық кабинеттер заманауи,
эргономикалық жиһазбен жабдықталған.
Мұнда асхана,
кітапхана,
акт және спорт залдары бар.
Сондай-ақ STEM-зертхана, жаратылыстану-математикалық бағыттағы сыныптар, робототехника мен графикалық дизайн кабинеттері,
түрлі үйірмелерге арналған арнайы бөлмелер жұмыс істейді.
Мектепке жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған 22 интерактивті тақта орнатылған.
Білім ордасы қауіпсіздік тұрғысынан да заманауи талаптарға сай. Мұнда полициямен тікелей байланыс орнатуға арналған дабыл түймелері қойылған. Олар бейнекамералармен жабдықталған, бұл төтенше жағдайда ахуалды жедел анықтап, тез әрекет етуге мүмкіндік береді.
– Қымбатты балалар! Бүгін сіздердің алдарыңызда үлкен мүмкіндіктердің есігі ашылды. Бұл мектеп сіздердің армандарыңыздың бастауына айналсын. Ізденімпаз, білімге құштар, отанын сүйетін ұрпақ болып өсіңіздер. Біз ұстаздар мен ата-аналардың еңбегін жоғары бағалаймыз – ол еліміздің болашағының берік іргетасы. Баршаңызды Республика күнімен және жаңа мектептің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл білім ордасы өскелең ұрпақтың нағыз білім мен тәрбие ошағына айналсын, – деді салтанатты шарада сөз сөйлеген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Оқушылар жаңа мектеппен танысып, алғашқы сабақтарын бастап кетті.
– Осындай жаңа мектепте оқу мүмкіндігі туғанына өте қуаныштымын. Біз бұл сәтті ұзақ күттік. Барлық кабинеттерді аралап шықтық. Маған әсіресе би сыныбы қатты ұнады – тура фильмдегідей, – дейді 9-сынып оқушысы Нұрай Ермекова.
– Мектеп өте керемет. Қазір бәріміз қуана аралап жүрміз. Өте кең, жаңа кабинеттер көп екен! Әсіресе акт залы мен музыка бөлмесі ерекше ұнады, – дейді Нұрайдың сыныптастары.
Мектептің ерекшелігі – бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктардың болуы.
Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін де барлық жағдай қарастырылған.
бірінші және екінші қабатты байланыстыратын лифт орнатылған.
Мектеп аумағы да абаттандырылған: футбол, волейбол, баскетбол және хоккей алаңдары, сондай-ақ воркаут аймағы бар.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ