АймақБас тақырыпШет

Шет ауданында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының жеңімпаздары анықталды

21 қарашада Шет ауданы мәдениет үйінде «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының іріктеу кезеңі өтті. Сайысқа аудан мектептерінен жүздеген оқушы қатысып, «Бөгенбай батыр» жырын (жырау Тастыбай Жағыпарұлы нұсқасы) жатқа айтудан өзара бақ сынады.

Жоба Қарағанды облысы әкімдігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен өткізіліп отыр.

Байқаудың ашылу салтанатында Шет ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Құралұлы сөз сөйледі.

– Бүгін біз ата-баба аманатына айналған асыл мұрамызды дәріптейтін, рухты көтеретін ерекше шара – «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының аудандық іріктеу кезеңіне жиналып отырмыз. Бұл жоба мемлекетшіл, халықшыл жастардың қатарын толықтырып, өткеннен өнеге алатын, тарихымен мақтанатын, ұлтының сөздік қорына, әдеби қазынасына ерекше сүйіспеншілікпен қарайтын өскелең ұрпақты қалыптастыруға айрықша үлес қосады. Бүгінгі доданың әрбір қатысушысы – рухани бай, білімді, алғыр ұрпақтың өкілдері. Сіздердің әрқайсыңыздың еңбектеріңіз, дайындықтарыңыз – қазақ әдебиетіне, ұлттық мәдениетке деген құрметтің жарқын көрінісі. Жыр жаттау – тек есте сақтау қабілетін дамыту емес, ол – жүрек тәрбиесі, рух биіктігі, парасат шыңы. Сіздер ел ертеңін қалыптастыратын білімді, намысты, ойлы азамат боласыздар деп сенемін, – деді аудан әкімінің орынбасары.


Байқауға «Тұлпар мініп, ту алған» жобасының Қарағанды облысындағы жетекшісі Дәурен Сейітжанұлы, «Bolashaq» академиясының профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұхамедғали Әбдуов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Гүлшара Ахметова, Шет аудандық «Ұлағат» Қазақ тілі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ертай Жәнібеков, аудандық білім бөлімінің әдіскері Сағынай Қабылқаева қазылық етті.

Сайыс барысында оқушылардың жырды кідірмей, мүдірмей оқуы, жырды толық жаттауы, мәнерлеп айтуы басты критерий ретінде ескерілді.

Нәтижесінде қазылар шешімімен Шет ауданы бойынша үш оқушы мен олардың ұстаздары жеңіс тұғырынан көрініп, байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды:

1-орын (150 000 тг) – Раяна Әмірханова (Ә.Ермеков атындағы мектеп).

Ұстазы – Толғанай Ерменбетова.

2-орын (100 000 тг) – Жанерке Өмірғалиева (Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицей).

Ұстазы – Жұлдыз Шопанова.

3-орын (70 000 тг) – Әділет Әмірхан (Абай мектебі). Ұстазы – Жаңагүл Омарова.

Айта кетейік, Қарағанды облысында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы қыркүйек айында жарияланған болатын.

6–10 сынып оқушылары арасында өтіп жатқан байқаудың аудандық (қалалық) кезеңі 20–28 қараша аралығында ұйымдастырылады. Облыстық кезең 10 желтоқсанда өтеді деп жоспарланып отыр.

Іріктеу кезеңінен суырылып шыққан жүлдегерлерді облыстық сында да бағалы сый-сияпат күтіп тұр. Бірінші орын алған оқушы 1 000 000 теңге беріледі және Қарағандыдағы жоғары оқу орындарының біріннің грант иегері атанады. ІІ орынға – 500 000 теңге, ІІІ орынға – 250 000 теңге тағайындалған.

Сонымен қатар жеңімпаз оқушыларды дайындаған ұстаздардың да мерейі үстем болмақ. Айрықша атап кетерлігі, І орын иегерінің ұстазына жеңіл автокөлік сыйға беріледі.

Жалпы, байқауға облыс бойынша мыңнан астам мұғалімнің жетекшілігімен 4200-ге жуық оқушы қатысуда.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА 
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button