АймақБас тақырыпБасты тақырыпШет

Шет ауданына Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен келді

Шет ауданына Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында жүктелген міндеттерді өңірде іске асыру барысы талқыланып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Алқалы жиында Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру бойынша аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, биылғы жылы аудандық бюджет көлемі 13,9 млрд теңгені құраса, өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 127 млрд теңгеден асып, нақты көлем индексі 125 пайызға жеткен. Бұл ретте «Bapy Mining», «Sary-Arka Copper Processing», «Нова-Цинк» сияқты ірі өндіріс орындарының үлесі зор. Ауданға тартылған инвестиция көлемі 9 айда 48 млрд теңгеден асты. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде 13 жоба жүзеге асып, 119 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, республикалық маңызға ие Алматы-Екатеринбург тасжолы бойында шағын және орта бизнесті дамытуға кәсіпкерлер тарапынан үлкен қызығушылық байқалып отыр. Агросала – аудан халқының негізгі күнкөріс көзі. Биыл аудан шаруалары 50 млрд теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімін өндіріп, өсімнің едәуір артқанын көрсетті. Мал шаруашылығы бойынша ет өндірісі – 6%, сүт – 5%, жұмыртқа – 33% артқан.

Кездесу барысында сөз алған «Шерубай су» ЖШС директоры, Красная Поляна ауылдық округінің ірі шаруа қожалығы жетекшісі Сергей Шибанов ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырып жатқан ірі жобалар туралы кеңінен баяндады. Бүгінде кәсіпорын 4,5 мың гектар суармалы егістікте картоп, астық және мал азықтық дақылдар өсіріп, озық технологияларды енгізуде.

Сонымен қатар, мал шаруашылығында да өсім бар. Компания 420 млн теңгеге 21 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасын салып, цифрлық технологияларды күнделікті өндіріс процесіне енгізуде.

Аудан басшысы инфрақұрылым және әлеуметтік салада серпін барлығын жеткізді. Жолдауда айтылған міндеттер қатарында өңірлік инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі де бар. Бұл бағытта аудан бойынша 7 елді мекенде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 5 ауылға ауыз су тартылды. Ақсу-Аюлыда кәріз жүйесі құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Электр желілері коммуналдық меншікке өтіп, 435 млн теңгеге қайта жаңғыртылуда. 2024 жылдың соңына дейін 116 отбасы баспанамен қамтылмақ. Оның ішінде Красная Поляна ауылында 6 отбасы жаңа пәтер кілтін алады. Мәдениет пен спорт саласында 1,3 млрд теңге игеріліп, бірнеше мәдениет үйлері жөнделіп, Ақсу-Аюлыда жабық бассейн құрылысы қолға алынған.

– Биыл аудандағы 6 мектеп күрделі жөндеуден өтті. С.Сейфуллин мен Ақсу-Аюлы елді мекендерінде 300 орындық жаңа мектептердің құрылысы жүргізілуде, – деді аудан басшысы.

Ақадыр кентіндегі Ю.А. Гагарин атындағы мектеп-лицей директоры Гүлдәрия Түсіпова өз сөзінде әкім сөзін нақтылай түсті. Биыл «Ең үздік ауыл мектебі» атануы ұстаздар қауымының кәсіби біліктілігі мен бірлігі білім саласындағы жетістіктің негізі екенін айтты.

Ауданда жұмыспен қамту игі шаралары басты назарға алынған көрінеді. 2025 жылға дейінгі кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 608 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, «Күміс жас» және «Алтын жас» жобалары белсенді іске асырылған. Аудан бойынша жұмыссыздық деңгейі 0,3 пайызды құрап, облыстық көрсеткіштен 1 пайызға төмен екендігі айтылды.

Кездесудің қорытынды сөзінде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, Жолдауда көрсетілген басым бағыттарды іске асыруда осындай нақты нәтижелердің маңыздылығын атап өтті.

– Президент тапсырмасы – ел өмірін өзгертетін нақты бағдар. Сондықтан, оны орындау – әр өңірдің, әр ауданның тікелей жауапкершілігі. Шет ауданындағы істер – бастамалардың жергілікті деңгейде нақты жүзеге асып жатқандығы көңіл қуантады, – деді Мәлік Нұржанұлы.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың ауданға сапары – Жолдаудағы бастамалардың жергілікті деңгейде жүзеге асуын бақылап, халықпен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік берген маңызды іс-шара болды. Жиын барысында айтылған ұсыныстар мен нақты нәтижелер Шет өңірінің дамуында оң серпін бар екенін көрсетті.

Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»

Шет ауданы

Басқа материалдар

Back to top button