Шет аудандық кітапханасының қызметкері республикалық байқауда облыс намысын қорғайды
Аймақтағы рухани қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылардың облыстық байқауы өз мәресіне жетті. «Жылдың үздік жас кітапханашысы-2023» аталымының жеңімпазы атанған Шет аудандық кітапханасының қызметкері Азамат Нұрахметов қазан айында өтетін республикалық байқауда облыс намысын қорғайды.
Кітапханашылар арасында өткен кәсіби шеберлік байқауы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен өтті.
Байқаудың көздеген мақсаты – көпшілік кітапханалардың кадрлық әлеуетін дамыту, жас мамандардың кәсіби құзыреттілігі мен шеберлігін арттыруға жәрдемдесу және жас кітапханашыларды ынталандыру, жастар арасында мамандықтың беделін көтеру, оң имиджін қалыптастыру.
Байқауға Абай, Ақтоғай, Қарқаралы, Осакаров, Шет аудандары мен Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Шахтинск қалаларының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінен 11 үміткер қатысып, біліктілігін сынға салды. Байқауды кітапхана басшысы Дина Аманжолова құттықтау сөзбен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Кітапханашылардың білім, біліктілігі сынға түскен байқауда Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың, облыс кітапханаларын дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Қарашова, ғылыми хатшысы Валентина Пак және Абай атындағы облыстық балалар кітапхана басшысының орынбасары Қалқатай Қалиева қазылық жасады.
«Кітапханашы келбеті», «Библиопортфолио», «Библиоэрудит» және туған өлкесіне арналған шығармашылық қойылымы кезеңдерінен сүрінбеген Шет ауданының кітапханашысы жеңімпаз атанды. Оған 100 мың теңгелік сертификат және арнайы диплом табысталды.
Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz