Қарағанды облысының өңірлік коммуникация қызметінің алаңында Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков облыстағы БАҚ өкілдерімен брифинг өткізіп, қаланың 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларына тоқталып, биылға белгілеген жоспарларымен бөлісті.

Қала әкімі әңгімесін экономиканың нақты секторының дамуынан бастады. Яғни, өткен жылы мұнда өнеркәсіп кәсіпорындары жалпы сомасы 21,8 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 134 миллиард теңгені құраған. Бұл – 2023 жылғыға қарағанда 2,6 есе артық көрсеткіш.
Шахтинскіде инвестициялық жобалар да жүйелі жүзеге асырылуда. Мәселен, «Тентек» шахтасында жаңа торлы оқпан салу ісі жалғасса, биыл «Енгізу» ЖШС «Шағын нысандарды құю өндірісі» – инвестиция көлемі 5 миллиард теңгені құрайтын «Магнитка KAZAMETA» ЖШС ұзақ уақыт тұрып қалған мүліктік кешенінің негізінде ПВХ пленкасы өндірілмек.
Қалаға әлеуетті инвесторларды тарту мақсатында қаланың өнеркәсіптік алаңдарын түгендеу барысында жеке меншіктегі 76 алаңның тоқтап тұрған ірі 11 алаңы анықталған.
Өткен жылы қалада 5,3 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 101,9 пайызды құрады. Ал, ағымдағы жылға арналған жоспар 5,4 миллиард теңге мен нақты көлем индексі 103,3 пайыз деп белгіленген.
«Кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 71,5 миллион теңгенің 3 жобасы іске асқан.
Бұдан әрі қала әкімі 2024 жылғы құрылыс салу жұмыстарын тілге тиек етті. Бұл кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі 15,2 миллиард теңгені құрап, 4054 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 16,8 миллиард теңге болып, 5,5 пайыз өседі деп күтілуде. Осы мақсатта Карл Маркс көшесіндегі бесқабатты үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Шахандағы 2 подъезді үй реконструкцияланып, жыл соңына дейін үй кезегіндегі 85 адам баспаналы болады.
Ағымдағы жылы сатылатын жер телімінде жеке инвестициялар есебінен көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілмек. Бұл жоба қалада бірінші рет қолға алынған.
Қысқы жылыту кезеңінде Шахтинск ЖЭС пен Шахандағы қазандықтың тұрақты жұмысы қамтамасыз етілді.
Былтыр 4,1 шақырым жылу тораптары ауыстырылып, тағы 5 шақырымын жылылау қалпына келтірілді. Шахтинск ЖЭС пен Шахандағы қазандықтың негізгі және көмекші жабдықтары толық жөнделді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жылу тораптарының тозуы соңғы 3 жылда 6,3 пайыз, ал, негізгі жабдықтар бойынша 5,3 пайызға азайды.
Сондай-ақ, жылу тораптарының тозуын азайту мақсатында Молодежный көшесіндегі жалпы ұзындығы 5 шақырымдай магистральдық құбыр өткізгіштерді реконструкциялау жөнінде жобалау-сметалық құжаттама жасалу сатысында. Шахтинск ЖЭС пен Шахан кентіндегі қазандықты жөндеу бойынша жұмыс жоспары толығымен дайындалған. Мердігерлер мен қажетті материалдарды сатып алуды анықтаудың конкурстық рәсімдері өткізілуде.
Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы Шахтинск қаласының суөткізгіш жүйелерінің, ұзындығы 44 шақырым екінші кезегінің реконструкциясы жасалды. Шахтинск қаласындағы ұзындығы 49 шақырым суөткізгіш жүйелердің үшінші кезегін реконструкциялау жобасы бойынша жұмыстар жалғасуда. Қазір соның 31 шақырымы төселді.
Бұл жұмыстар аяқталғанда, қаланың суөткізгіш жүйелерінің тозуы 61 пайыздан 28 пайызға дейін кемиді.
Ағымдағы жылы Жаңа Долинка кентіндегі суөткізгіш жүйелердің құрылысы басталып, ол 2026 жылдың соңына дейін аяқталмақшы.
Сол сияқты 2024 жылы «Қармет» АҚ КД Шахан субөлгішінің ШМСЖ зауытына дейінгі 7 шақырымын ауыстырды. Шахтинск қаласының кәріз және тазарту құрылғыларын салу мен реконструкциялау жөніндегі екі жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Соңғы екі жылда қала мен оған жапсарлас кенттер жолдарының 30 шақырымы жөнделіп, 2024 жылы 14,5 шақырым автожолдар орташа жөндеуден өтті. Ал, биыл тағы да 6,7 шақырым автожолдарды орташа жөндеу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, 2025 жылы 4 мың шаршы метр жүргінші жолдарын реттеу жоспарланған. Биылғы жоспарда қала мен кенттерді 100 пайыз жарықтандыруды аяқтау міндеті тұр.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында 2024 жылы қаладан 34,6 мың текше метр қоқыс шығарылды. Осындағы 20 проблемалық учаскелердегі қоқысты шығарудың құжаттамасы даярланды.
Білім беру саласында 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен қамтамасыз ету қалада 100 пайызды құрайды.
2024 жылы мектептер мен бөбекжайлардың 20 асханасы мен 15 спортзалын жөндеудің үшжылдық бағдарламасы толықтай аяқталған.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржысымен 11 білім беру нысанында жаңа 33 модификация кабинеті ашылып, химия, физика, биология кабинеттері жабдықталды. Осы қордың есебінен биыл қаланың Оқушылар сарайына 178 миллион теңгенің жабдықтары жеткізіледі. 2025 жылы 13 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Өткен жылы Шахан кентінің отбасылық денсаулық орталығы күрделі жөндеуден өтіп, жиһаздары жаңартылып, лифтісі қалпына келтірілді.
Стационарлық қызмет ғимаратын жөндеудің құжаттары әзірленіп, өткен жылы басталған қала емханасының ғимаратын жөндеу жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Қалалық ауруханаға өткен жылы 439,6 миллион теңгенің медициналық жабдықтары сатып алынса, биыл томография аппараты мен басқа да жабдықтар сатып алынбақ.
Өткен жылы қаланың медицина саласы 17 маманмен толықса, биыл тағы да 10 маманды жұмысқа тарту жоспарда.
Өткен жылы 1154 жұмыссыз азаматтың 60 пайызы жұмысқа орналастырылды. «Жасыл ел» бағдарламасына 180 жас, соның ішінде әлеуметтік осал топтағы 85 адам тартылған. Биыл еңбек жасақтарына қатысушылар санын 200 адамға дейін арттыру көзделген.
Биыл Жастар тәжірибесіне 40 адам тартылмақ. Шахтинск қаласында NEET санатына жататын 500 жас адам болса, ағымдағы жылы олар 22 адамға азайды.
Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін 389,9 миллион теңге бөлініп, 801 адам оңалтудың техникалық құралдарымен, 729 адам оңалту қызметімен қамтылған. Биыл бұл мақсатқа 499 миллион теңге бөлініп отыр.
Міне, осы жағдайларды егжей-тегжейлі баяндаған Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков брифинг соңында журналистер қойған сұрақтарға жауап берді.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ШАХТИНСК