Шешімді тұрғындар қабылдайды
Қарағандыда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын қаржыландыру үш есе ұлғаяды. Бұл туралы қала әкімі Мейрам Кожухов мәлімдеді. Мәселен, 2023 жылы аталған бағдарламаны іске асыруға 1 миллиард 484 миллион теңге көзделген болатын. Ал, келесі жылдан бастап, бұл көрсеткіш 4 миллиард 320 миллион теңгеге жетпек. Қала басшысы бағдарлама жақсы нәтиже көрсеткенін айтып отыр.
– Мәслихат сессиясында 2025-2027 жылдарға арналған бюджет бекітілді. Келесі жылы атқаратын біраз жоспарларымыз бар. Бәріміз білетін «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетті. Мәселе мынада, біз ойын немесе футбол алаңын қайда орнату керектігін немесе абаттандыруды қайда жүргізу керектігін өзіміз шешпейміз. Тұрғындар өз өтініштерін аудан әкімдіктерінің сайттары арқылы береді. Содан кейін комиссия ұсынысты қарап, дауыс беру әдісімен іске асырылатын жобалық ұсыныстар айқындалады. Биылғы жылы осы бағдарлама бойынша 24 жоба жүзеге асты. Ал, келесі жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша қаржыландыруды үш есеге арттырамыз, – деді Мейрам Кожухов.
– Билік бұл бағдарламаны одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Қарағандылық жастар белсенді. Бізде белсенді жастар көп. Әлбетте, футбол, ойын алаңдары қажет. Одан бөлек, ауланың тыныш болғанын қалайтын тұрғындар да бар. Ондай жерлерге, керісінше, субұрқақ пен шағын гүлзарлар қажет. Сондықтан, аулада не болатыны туралы шешімді сол жерде тұратын қоғамдастық қабылдауы тиіс, – дейді әкім.
Сондай-ақ, қалада келесі жылға басқа да жобалар жоспарланғанын айту керек. Қала басшысы олармен кейін бөліседі.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz