Руханият

Күй додасында дара шықты

Ару қала Алматыда үш күнге созылған республикалық дәстүрлі «Шертпе күй» байқауы мәреге жетті.  Байқау нәтижесі бойынша жерлесіміз Мадияр Сүлейменов бас жүлде иегері атанып, 1 миллион теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды.

 

Жарыстың басты мақсаты – дарынды жас домбырашыларды анықтау, олардың кәсіби шеберлігін арттыру, сондай-ақ ұлттық мәдениетті дамыту. Бірнеше күнге созылған фестивальде 16 мен 35 жас аралығындағы 45 күйші бақ сынады.

—  Қазақтың шертпе күйі – ұлттық музыкамыздың ең құнарлы қазынасы. Оның тарихы, дәстүрі сонау көне замандардан бастау алады. Жалпы, қазір дәстүрлі күй мен домбыраның насихаты, оған деген қызығушылық жыл санап артып келеді. Мысалы, бүгінгі таңда тек «Artsport» бағдарламасы шеңберінде 643 домбыра үйірмесі жұмыс істейді, оған 26 мыңнан астам бала қатысып жатыр. Бұл күй өнеріне деген ерекше ықыласты көрсетсе керек. Сол сияқты арнайы музыкалық мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында домбыра үйренушілер жылдан-жылға көбейіп келеді. Біз әрі қарай да қазақтың ұлттық дәстүрлі музыка өнерін дамытуға бағытталған игі іс-шараларды жалғастыра береміз, — деп атап өтті Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев марапаттау салтанатында.

Ал, жеңімпаз:

— Мені осындай деңгейге жеткізе тәрбие беріп, тұлға, күйші қылған өнердегі ұстаздарым  Құрманбай Ғабделов пен Жанғали Жүзбаевқа алғыс айтамын. Қазақтың қастерлі күй өнерінің мәртебесі биік болып, шарықтай берсін! — деді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Back to top button