Шертпе күйдің шебері
Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында күйші, композитор Тоқа Шоңманұлының шығармашылығына арналған «Домбыра – халық мұрасы» атты танымдық кездесу өтті.
Тоқа Шоңманұлы – Арқа күйшілік мектебінің негізін қалаушы Тәттімбет Қазанғапұлының ізін басқан шәкірті. Шертпе күйді орындау мектебінің негізін қалаушылардың бірі.
Кездесуде тарихшы, археолог, Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама мұрағатының меңгерушісі Темірғали Аршабеков ел ішінде «Сайдалы Сары Тоқа» атанған күйшінің шығармашылығынан сыр шертіп, жас ұрпаққа домбыраның шығу тарихы мен талантты күйшілер туралы мол мағлұмат айтты.
– Домбыра – Қазақстан халқын біріктіретін мәдени мұра. Бұл музыкалық аспапты қазақ үйінің төрінен кездестіруге болады. Ата-бабаларымыз күйші мен жырауды әрқашан құрметтейтін. Біз өз дәстүрлеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтауымыз керек, – деді тарихшы.
«Ақжелең» домбыра үйірмесінің қатысушылары танымал күйлерді орындады. Ал, дәстүрлі ән үйірмесінің тәрбиеленушілері қазақтың халық шығармаларынан өнер көрсетті.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz