Шептегі шипагер
Адам өміріне араша болу оңай емес. Медицина бұл тұрғыда өзін таңдап келген жас маманға зор жауапкершілік жүктейді. Өз өмірін өзгенің денсаулығына арнаған жандар кәсіби шеберлігі мен жанкештілігінің арқасында екі дүниенің арпалысына түскен жанның өшкен үмітін қайта тұтатады.
Медицинаның сан саласында әскери медицинаны таңдап, «дәрігер» мәртебесін алу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бала арманын шындыққа айналдырып, бүгінде әскери медицинаның алдыңғы шебінде қызмет етіп жүрген «Орталық» өңірлік қолбасшылығы медицина басқармасының басшысы, лейтенант Зульфия Жетпісбаеваның қызметі көпке үлгі.

Зульфия бала кезден адамдарға көмектесуге әзір тұратын елгезектігімен ерекшеленіпті. Ақ халат киген дәрігерлерге де қызығатын. Уақыт өте келе, бұл арманы оның өмірлік мақсатына айналды. Күрделі әрі жауапты мамандықты таңдай отырып, ол жай ғана дәрігер болуды емес, әскери салада қызмет етуді де місе тұтты. Оған қоса Отан алдындағы борышты өтеу – ерекше ұстанымдарының бірі.
– Осакаров ауданындағы Садовое ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым ата-анам, әпкелерім мен інілерім, әжем мен достарымның ортасында шаттыққа толы өтті. Әкенің, анамның мейіріміне, махаббатына бөленіп, еңбекқор әрі тәрбиелі болып өстім.
Бала кезден дәрігер болуды армандадым. Анам әкеліп берген медициналық ойыншықтар мен энциклопедиялар арқылы ақ халатты жандардың өмірімен жастайымнан таныстым. Бұл қызығушылық мені мектеп қабырғасында одан әрі жігерлендірді. Сүйікті пәнім алгебра болса да, жүрегім әрқашан медицинаға жақын болды. Мектептен алған білім мен рухани тәрбие алға жетелеп, Астана медициналық университетіне оқуға түстім, – дейді Зульфия Нұрмұханқызы.
Оқу орнын бітірген Зульфия мамандығы бойынша жұмыс істеп жүріп, жауапкершілігі жоғары әрі білікті маман болғандықтан әскери салаға шақырту алған. Оның айтуынша, «Дәрігерлік тек оқумен ғана шектелмейді, дәрігер болу – ол да бір өнер».
– Көпшілік үшін әскери дәрігер – сарбаздың денсаулығы мен жауынгерлік қабілетін қадағалаушы. Алғашқы көмек көрсетудің шебері бола жүріп, санитарлық қауіпсіздікке де жауапты. Жарақат алған сарбазға жедел көмек көрсету – күнделікті жұмысымның бір бөлігі. Оған қоса, қызмет күн сайын жаңаша оқиғаларға толы. Бұл сала маған тәртіп, стратегиялық ойлау, командамен жұмыс істеудің маңыздылығын үйретті. Жай күндері де, төтенше жағдайларда да бірлік пен ұйымшылдықтың құндылығын түсінуге мүмкіндік берді, – дейді ол.
Әскери қызметте жүріп, Зульфия Нұрмұханқызы отбасын жиі көре бермейді. Дегенмен, қызметі арқылы тек жетістік пен жеңіс емес, сонымен қатар, тәуекел мен жауапкершілікті де ескеру керек екенін түсінгенін айтады.
– Әскери медицина – бұл тек мамандық емес, бұл – миссия. Осы жолды таңдап келгендердің жүйкесі төзімді болғаны жөн. Шұғыл әрі дұрыс шешім қабылдауды үйренуі керек. Басты құндылықтар – адам денсаулығына қамқорлық, оның қадір-қасиетін құрметтеу және кәсіби этиканы сақтау. Бұл қағидалар сапалы медициналық көмектің, дәрігер мен науқас арасындағы сенімді қарым-қатынастың негізі, – дейді әскери дәрігер.
Бүгінде Зульфия Нұрмұханқызы бала арманының жетегінде жүріп, үлкен мақсаттарға жетті. Мықты ерік-жігерді шыңдап, абыройлы міндетті адал да асқан жауапкершілікпен өтеуде. Жас маман ретінде тек әскери медицина саласында емес, арманына ұмтылған кез келген жасқа үлгі болған Зульфияға қашанда ел қорғаны болу сезімін арқалап жүру – зор жауапкершілік.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»