Бас тақырып

ШЕКТЕУ мен ШЕКАРА: жағдай – жіті назарда

Әлеуметтік желіде Қазақстан мен Ресей шекарасында ұзын-сонар кезекте тұрғандардың видеосы кең таралуда. Бірінде – әлемдегі 7 591 шақырым болатын ең ұзын құрлық шекарасын жеңіл көлікпен кесіп өткендерге аяушылық танытса, келесі бірінде – елімізге келушілерді қалжыңмен қағытып, түрлі пікірлер қалдырып жатқаны да бар. Әлбетте, мұның барлығы көршілес елде жарияланған ішінара жұмылдыруға байланысты екені айтпаса да түсінікті. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» демей ме?! Қалай болғанда да, осы қыркүйек айында көршілес елден келушілердің легі артқанын мәлімдеп отыр ресми органдар. Келушілердің өздері жақындығымен қатар, Қазақстанды экономикасы жеткілікті дамығанына, жұмыс істеуге қолайлығына, сондай-ақ, миграциялық ережелердің жайлылығына байланысты таңдағандарын жасырмайды.

 

ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов биыл көші-қон саласы үшін ерекше жыл екенін айтып отыр. Бұған дейін коронавирус инфекциясына байланысты екі жылдан астам көші-қон процестерінде өзгерістер болса, биылғы 11 сәуірден жаңа есеп нүктесі басталғанын мәлімдеді баспасөз мәслихатында. 

– Бүгінде Қазақстан карантин шектеулерін жеңілдетіп, мемлекеттік шекараның құрлықтағы өткізу бекеттері арқылы өту мүмкіндігін ашты. Нәтижесінде, жыл басынан елімізге 4 млн. 399 мың шетелдік келген.
Оның ішінде, Ресейден – 1 млн. 700 мың, Өзбекстаннан – 1,5 млн., Қырғызстаннан – 547 мың, Тәжікстаннан 200 мыңнан астам адам шекарамызды асты. Осы уақыт ішінде Қазақстаннан 4 млн. 155 мың шетелдік шығып кеткен. Оның ішінде Ресей Федерациясының – 1 млн. 666 мың, Өзбекстанның – 1 млн. 770 мың, Қырғызстанның – 540 мың, Тәжікстанның – 196 азаматы бар, – дейді Аслан Базарбайұлы.

Бұдан бөлек, 2019 жылы Қазақстанға 2 млн. 875 мың ресейлік келгенін көрсетеді деректер. Ал, биылғы жылдың 9 айындағы көрсеткіш – 1 млн. 600 мың адам. Алайда, Ресей Федерациясының таяудағы шешімінен кейін өткен аптадан келушілер легі Қазақстанға да ұлғайған.

– Биылғы 22 қыркүйектен бергі уақытта шекарадан өткен ресейліктердің саны күніне 2-3 есе артты. Сондықтан, РФ шекарасы жағынан адамдардың шоғыры өте үлкен. Бұл, әлбетте Ресейге өтетін қазақстандықтарға кедергі келтіруде. Мәселен, күн сайын 40 мыңнан астам қазақстандық шетелге шығады десек, оның 15-17 мыңы Ресейге барады. Яғни, шекарадағы кептелістер оларға да кері әсер етуде, – дейді Аслан Аталықов.

Шекарадағы кептелістен бөлек, ресейліктер легі көптеп келіп жатқан Солтүстік өңірдің, Өскемен мен Алматы қалалары тұрғындарына әсері біршама тиіп тұрғаны жайлы әлеуметтік желіде гуілдеп жүр. «Келушілер легінің кері әсері жанымызға батты» деген пәтер жалдап тұратындар мен студенттердің жанайқайына көз сүрінеді желіде. Бір күннің ішінде пәтер ақысы бірнеше есеге көтерілгені өз алдына, оны табудың өзі мұңға айналған тіпті.

Қарағанды облысы шекаралас аймақ болмағандықтан, ресейлік азаматтардың өңірімізге көптеп келуі байқалмайтынын айтады облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Мұқанов. Ал, келе қалған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік шекараны кесіп өткен күннен бастап, 90 күнге дейін тіркеуден босатылады.

– Ресей азаматтары Қазақстан Республикасында 180 күнтізбелік күн бола алады. Бұл мерзім өткеннен кейін шетелдіктер елден кетуі керек. Ерекшелік – уақытша тұруға рұқсат алған Ресей Федерациясының азаматтарына беріледі. Олар – отбасын біріктіруге, еңбек шарты негізінде, оқу, стационарлық емдеу, миссионерлік қызмет, заңнамаға сәйкес, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін келгендер, – дейді Асхат Мұқанов.

Қарағандыда пәтер жалдау ақысы да өзгеріссіз. Мұндай ақпаратпен облыс орталығындағы «Адмирал» риэлторлық агенттігінің директоры Ирина Барбаева бөлісті.

– Қыркүйекте пәтер жалдау ақысы жоғарылағаны байқалмайды. Әрине, баға қай ауданда орналасқанына және бөлме санына байланысты. Мысалы, ең арзаны 70 мың теңгеден басталса, ең қымбаты, яғни, бизнес-кластағы пәтерлерді 400 мыңға дейін жалға алуға болады, – дейді Ирина Франковна.

Тұрғындар арасында тараған «Қарағандыда пәтер жалдау ақысы 600 мың теңгеге дейін көтеріліпті» деген ақпараттың жалған екенін OLX.kz сайтынан да көріп, көз жеткізуге болады.
Сондай-ақ, Қазақстан шекарасынан өткен ресейліктердің жалпы санына қарап, үрейленуге болмайтын тәрізді. Себебі, ресейліктер үшін Қазақстанның транзиттік әлеуетін де ұмытпаған абзал. Мысалы, қыркүйектің соңғы күндері 40 мың ресейлік ел шекарасынан шығып кеткен.

– Ресейліктер солтүстік шекаралар арқылы Өзбекстан мен Қырғызстанға өтуде. Ал, көші-қон бақылауына келер болсақ, процесс толық реттеледі. Олардың есебі жүргізіледі, болу мерзімі бақыланады. Келіп жатқан Ресей азаматтары тарапынан ешқандай құқық бұзушылық тіркелмеген. Шетелдіктерді бақылау Қазақстан шекарасынан өткен сәттен жүргізіледі. Одан бөлек, паспорт деректері, келу мақсаты миграциялық полицияның ақпараттық жүйесіне келіп түседі. Сондай-ақ, мигранттарды қабылдаушы қонақ үй, хостелдерден ақпарат берілуі керек. Күн сайын бұл ақпараттар учаскелік полиция инспекторларына беріледі, – дейді Аслан Аталықов.

Заңгер, облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Амангелді Баймағамбетов Қазақстан Республикасында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған иммигранттар, оның ішінде ресейлік азаматтар ҚР заңы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылатынын айтады. «Ал, егер өз елдерінде қылмыс жасап, Қазақстанда жасырынып жүрген болмаса, Бас прокуратураның сұрау салуы бойынша ҚР Ішкі істер министрлігі мен Ресей Федерациясы арасындағы келісіммен қылмыс жасаған адам ұсталып, еліне жіберіледі», – дейді ол.

Қыркүйекте елімізде тұруға ықтиярхат алуға сұраныс берген 896 шетел азаматының 115-і ресейлік екенін айту керек. Сондай-ақ, биыл уақытылы есепке қойылмағандықтан 16 мың 240 адам, көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 45 мың 707 шетелдік әкімшілік жауапқа тартылса, оның 2959-ы – ресейлік азамат.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button