Бас тақырып

Шектен шыққан шенеунік қызметтен шеттетілді

Облыстың мемлекеттік қызмет істері департаментіндегі Әдеп жөніндегі кеңес отырысында алкогольдік ішімді ішіп, қызметтік көлікті басқарған кент әкімінің мәселесі сөз болды. Мемлекеттік қызметкер Әдеп кодексіндегі белгілі заңдылық нормаларды өрескел бұзған және бұған дейінгі әрекеттері үшін белгіленген тәртіптік шарадан қорытынды шығармаған.

Сурет: sputnik.kz сайтынан

Кеңеске жиналғандар Бұқар жырау ауданы Ғабиден Мұстафин кентінің мемлекеттік қызметшісіне қатысты тәртіптік істі қарастырды. Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметшіні «атқаратын қызметінен босату» түрінде тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылды.

Айта кеткен жөн, шенеунік 2018 жылы Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынысымен қызметтік көлікті мас күйінде басқарғаны үшін қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Жүргізуші куәлігі жоқ болса да, 2020 жылы көлік жүргізгені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Өрескел заң бұзушылық әрекеттері не қарай әкімге бірнеше рет ескерту жасалған.

Қызметтегі нормаларды бұзу бойынша істі қараған Әдеп кеңесі кент әкімін атқарып отырған мемлекеттік қызметінен босатуды ұсынып отыр.

Сондай-ақ, кеңесте Осакаров ауданы білім бөлімінің лауазымды тұлғасының ұйым қызметкерлеріне «Білім» кәсіптік одағына кіруді ұсынғаны анықталды. Бұл ретте Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметшіні «сөгіс» түрінде тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылды.

Жиында лауазымды тұлғалар тарапынан Әдеп кодексінің талаптары бұзылғаны анықталып, тиісті шешімдер қабылданды. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссияның қызметі, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңнаманы бұзудың алдын алу, әдеп нормаларын жетілдіру мәселелері қарастырылды. Мемлекеттік қызмет саласындағы кемшіліктер мен заңбұзушылықтар айтылды.

Департамент басшысы Ербол Жолданғар «Мемлекеттік қызметте жауапсыздыққа жол жоқ» екенін тілге тиек етті. Кеңес құрамындағы нәзік жандарды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, гүл шоқтарын сыйлады.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button