Шекспир шындығынан – Абай ақиқатына
Гамлет – ар-ұят пен адамдық қасиеттің құрбаны. Алғашында адасқан адам деп қалуыңыз мүмкін. «Гамлет» деген аруақ үнінен қалғып бара жатып оянады. Бұл дүниелік дауыс еместігі бірден байқалады. Спектакль басталған бетте оны сізде бірден аңғара қоясыз (қоюшылардың шеберлігі). «Гамлет…» дейді ол мәңгіліктен тіл қатып. Мүмкін түсі шығар. Бірақ, ақиқатқа көзі жеткен жанға өң мен түстің айырмашылығы шамалы…
Иә, Гамлет – көкірек көзі ашылып кеткен кемел болмыс. Дат елінің патша сарайындағы принц (тақ мұрагері). Аруақ – кезінде әділ патшалық құрған әкесі. Тақ мұрагері (принц) өлген әкесінің бейнесін көріп, Гамлет онымен өңінде тілдеседі. Демек, Гамлет ол дүние мен бұл дүние арасындағы жан. Қазіргі емес, ертедегі қазақ даласындағы бақсыларды еске түсіреді онысы (Тәңір мен табиғат арасындағы құбылыс). Бірақ, патша сарайындағы тақ мұрагеріне осыншама баз кешетіндей не көрінді?! Көргені – шын өмірдің ақиқаты, жалған емес. Меніңше, Гамлеттің екінші аты – ақиқат. Алайда, алысты көріп, ақиқатты тани бастаған жанға бұл дүниеде орын жоқ (Сұм өмір абақты ғой саналыға. М.Жұмабаев). Мың жерден тақ мұрагері, принц болса да солай. Көзің ашылып кетті екен – жаның дертті. Өйткені, маңайындағылар кеще. Билік басында отырған патшадан бастап, уәзір біткен тек мансап құлы болса, бұқараны жылы жауып қой. Бұл – ертеден келе жатқан әңгіме. Бір қызығы, спектакльдегі (патша сарайындағы) талас-тартыс – біздің бүгінгі биліктегі жағдайларға қатты ұқсап кетіп отырады. Бір жағы бұл – спектакльдің шынайылығы болса, екінші жағы – 1600 жылы жазылған У.Шекспирдің әйгілі «Гамлет» трагедиясы өзектілігінің уақыт өткен сайын арта түскені. Ақиқат – қай заманда болсын ақиқат.
С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында тұсауы кесілген У.Шекспирдің «Гамлет-тәпі» қойылымы осындай ойларға жетелейді. Спектакль өте жоғары деңгейде қойылды. «Гамлет» трагедиясына «Тәпі» сөзін тіркеп, «Трагифарс» деп айдарлапты. Осы жерде айта кететін бір ерекшелік – Шекспирдің шындығын қазақтың ұлттық танымына орап бергені режиссердің. Мәселен, спектакль барысында Гамлеттің қасиетті Құран-Кәрімді оқуы, патша сарайындағы ханшаға пендеуи бақай-есептен арылу үшін мешітке бар деуі, қазақтың ұлттық әнінің орындалғанын айтар едік. Сөйтсе де, режиссердің онысы өте ұтымды шыққан. Тәпі болса – тышқан түсіретін қақпанның түрі. Гамлет-тәпі анау-мынау емес, билік басындағыларды қақпанға түсіреді. Оларға әкесін қалай өлтіргені туралы әдемі бір көрініс қойып беріп, жауыздықтарын әшкерелейді. Естуімше, жапондардың өздері қырылып көретін спектакльін тамашалаған өзге ұлт өкілдері түсіне бермейді екен. Әлемдік туындыны сол қалпында ұсынғанымызбен, халыққа түсініксіз болып жатса, керегі не?! Ақиқат біреу болғанымен, 17-ғасырдағы ағылшындардың танымы біздің ұлттың түсінігімен сәйкесе бермесі анық қой. Осының бәрінің орайын келтірген қоюшы режиссер – Ш.Айманов атындағы халықаралық сыйлықтың, халықаралық театр фестивальінің лауреаты Қ.Қасымовтың еңбегі – еңбек. Туындының қоюшы суретшісі – ҚР мәдениет қайраткері Ұ.Несіпбай.
Біз спектакльді залда емес, сахнада отырып тамашаладық. Кәдімгі сахнада. Гамлет орташа ғана бөлменің аумағындай тордың ішінде. Қазақша айтқанда, жалғанның қулық-сұмдығынан алшақ қылуетте. Яғни, ол – өз әлемі. Гамлет үшін әкесі – бұрынғы патшаны улап өлтіріп, оның әйелін мұрагерлік жолмен алған інісі билеп отырған Дат елі үлкен түрме. Өзінің таза, бейкүнә әлемінен сыртқа шыққысы жоқ. Шықса, былғанарын біледі. Қалғандары (патша мен шешесі, уәзірлер, ханша) әлгі торды айналады да жүреді. Бұл да режиссердің жетістігі деп білдік.
Әсіресе, бізге ұнағаны – Қазақстан Жастар сыйлығының лауреаты, ҚР мәдениет қайраткері Дунай Еспаевтың Гамлет ролін әсерлі сомдап шыққаны. Оның ішқұса болып жатқаны, күйінгені, маңайындағы мансапқорларды мысқылдап, жануарлар бейнесіне енгені, «түнгі сиқырмен» тілдесіп, әрі-сәрі күй кешкені, қай әрекеті болсын нанымды шықты. Тіпті, Гамлеттің ашу-ызадан мысқылдаған тұстары – езуге күлкі үйірді. Шеберлік деп соны айт. Қашанда күлдіртіп не жылата алмаса ол – өнер емес. Егер Гамлет образын сомдауда зәредей кемшін болғанда, спектакль түкке тұрғысыз болып қалар еді. Дунай аға өлген Гамлетті тірілтті десе, артық айтқандық емес шығар.
Гамлет – бұл дүние қызығын тәрк етіп, тақуалық жолға түскен трагедиялық тұлға. Тақ мұрагері болғанына қарамай, қылуетте отырған ол әлемді билемек болған мүйізді патша Ескендір Зұлқарнайын өмірінің ақырын еске алады. Ақыр соңында ол да Гамлеттің күйін кешірген. Бұл оны ерте түсініпті. Осы жерден ойқастап Абай ақиқаты шыға келеді. Жалпы, шығармадағы Шекспир шындығы Абай ақиқатына жетелейді, бірақ…
Театрға барып тұрайық, ағайын!
Жәнібек ӘЛИМАН