Басты тақырып

Шексіздік ∞

   Адамзат баласын жаратқан Алла ғана шексіз. Өзі сүйген құлы – Адамға көңілі құлап, бірталай шексіз мүмкіндік берген. Мәселен, адамның миы шын мәнінде толықтай жұмыс істесе, компьютеріңізді он орап, жүз есе асып түседі екен. Сол компьютерді ойлап тапқан тағы адам. Әттең осы мүмкіндігімізді пайдалана алмай жүрміз.

Адамға даналықты да, ақындықты да, батырлықты да, дүлей қара күшті де берген. Осы шексіз мүмкіндігімізді барынша армансыз пайдаланған тумаса да, туғандай болып кеткен ағатайым бар. Бүкіл ғылымның атасы – математиканың маманы. Әрине, Аристотель, Әл-Фараби, Ньютон емес. Дегенмен, бүгінгі апыл-құпыл компьютер, робот билеп бара жатқан заманымызда қазақ ұлтының сонау сақ, көне түркі, Шыңғысхан, бертіндегі Қазақ хандығы дәуіріндегі біршама жақсы қасиеттерін жоғалтпаған математик Есмұханбет Смайылов деген ағамыз бар. Бар болған соң, барымды салып ала қағазға шұқшидым.

***

Сонау елең-алаң ХХ ғасырдың сексенінші жылдары. Жаспын. Осы «Орталықтағы» ең азулы бөлімнің меңгерушісімін. Сын жазғанда бірталай аупартком хатшыларының басынан бөркі, астынан креслосы ұшып кеткен. Бір досымның баласы осы ҚарМУ-де сабаққа бармай қойған. Оқу бітіріп диплом алайын деп отырғанда далада қалатын түрі бар. КазГУ-де қатар оқыған және осы жердің кейін достасқан математиктерінің бәрін салдым. Көмектесті. Математикалық анализ сабағына ке

лгенде, тас қамалға ұрындық.

Мағаш, ол кісіге сөзіміз өтпейді. Өзің бар, – деді Нұржан Боқаев бастаған математик достарым.

Н.Боқаев ол кісіге беттей алмайды. Есағаңның шәкірттерінің бірі екен. Басым салбырап, алдына бардым. Қатты ренжіді.

Бала – талантты. Бірақ, жалқау. Газетті сыйлап отырмын. Жас баланың қанатын қырықпайын, және – деп бағасын қойып берді.

***

Есет ағаммен тағдыр тағы жолықтырды. Жұмысыма келді. Баяғыдағы шаруа ойда. Атып тұрып, амандасып жатырмын. Математик мақала әкеліпті газетке. Батыр Баян туралы. Ішім жылып қоя берді. Мағжан ақын ақталмай тұрғанда, Совет үкіметі әлі кәрін төгіп тұрғанда Ж.Бектұров ағамыз пәленбай жыл жасырып келіп, біздің газеттің бас редакторы, батыр Н.Оразбековке әкеліп, Ұлы ақынның «Батыр Баян» поэмасын «Орталықта» жариялатып жіберген. Бүкіл Қазақстанның түпкір-түпкірінен газетімізді сұратып таласа-тармаса оқығаны есімде халықтың. Есет ағамыз сол Батыр Баянның 300 жылдығын тойлау қамымен мақала әкелген ғой газетімізге.

Бір деректерде Баян Қарқаралы жерінде жерленген деген сөз бар екен, – деді сыпайы ғана.

Қарқаралы ауданындағы жер тарихын, ел шежіресін біледі-ау дейтін ағаларыма хабарластым. Батыр Баян туралы дерек шықпады. Содан Есет ағамның мақаласына сәл кіріспе жазып, бүкіл облыс халқына сұрау салып, Ескеңнің мақаласын жылдам жариялап жібердім. Көп күттірген жоқ Балқаш пен Ақжалдан телефон соғылды. «Батыр Баян Ақжалдағы Қарабұлақта жерленген», «Сары Баян» деген жотада» деді сүйіншілі хабар. Мұның бәрін ежіктеп жатпайын. Менің «Батыр Баян қорымы» деген мақаламда (2014 жылы) «Орталық Қазақстанда» жарияланған. Кейін «Құбылыс» деген кітабымда басылған.

Содан не керек, Есет ағамның жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Ойға да барды, қырға да шықты. Қоғам қайраткері М.Нәрікбаев ағасы бастаған Уақ ұрпақтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Павлодарда

Батыр Баянға айбатты да, еңселі ескерткіш орнатты. Осы жазда Ақжалдағы Қарабұлақта жерленіп, ұмыт қала жаздаған Батыр Баянның басын бүкіл сарбаздарымен қоса көтеріп, әдемілеп қоршатты. Мен ағамның ғылым, білім, ұстаздық еңбегіне тоқталмадым. Бір ғана Батыр Баянға сіңірген еңбегі, Уақ шежіресін шығаруға жанталасқан жұмысы, төккен тері бәрінен жоғары тұрады-ау деп пайымдадым. Маған да шарапаты тиді.

Мағаш, қарашы, қазақтың даласы ұшан-теңіз шексіздіктің нағыз өзі ғой. Еуропа ғұламалары осы даланы көрсе, математикадағы шексіздікті (бесконечность) зерттеу мұнан да алға басып кетер еді, – деп Қарабұлақтан сонау Шуға шейін керіліп жатқан кең даласына кеудесін кере мерейлене қарады. Мен осы тәмсілден «Санжетпес» деген «Ой-тамызық» жаздым.

Абай, Шәкерім бастаған қазақ әдебиетінің классиктерін оқитыны, көңіліне тоқитыны, домбыра шертіп, әсем даусымен ән салатыны, жанынан ән шығаратыны – бір басқа әңгіме. Бір сөзбен айтқанда, Есет ағам – сегіз қырлы, бір сырлы ел ағасы.

Жанымызда жүрген соң кім-кімнің қадірін біле қойсын?!

Қазақ халқының Шоқан бастаған марғасқалары шетінен жан-жақты болған. Мәселен, Шоқан әскери офицер бола жүре «Манасты» жазып алады, Әлихан атамыз мамандығы орманшы бола тұра саясаттан бастап, журналистикаға шейін түбірлейді. Ахаң мұғалім бола тұра қазақ тілі мен әдебиетін зерттейді, Мағжан психологияны, Жүсіпбек педагогиканы зерделейді. Қаныш атамыз геолог бола тұра «Едіге» жырын жинайды. Е.Бөкетов химик бола тұра, Шекспир мен Маяковскийді аударады, өзі физик, ғасыр адамы Т.Көкетаев көкем Нияз батырды ұлықтаудың жолында жүр. Есет ағамды да осы шоғырдың өкшесін басқан бүгінгі нағыз зиялылар сапында деп білемін.

***

Батыр Баян Уақ ішінде Шоға руынан екен. Осыған байланысты Төле бидің «Уақ болсаң, Шоға бол, екі айылға тоға бол» деген сөзі бар екен. Тоға – айылбас, белбеудің доғасы. Есет ағамыз Шоға екен. Ертоқымы ауайын деп тұрған ел-жұртқа Тоға бола беріңіз, Есет аға.

Мағауия СЕМБАЙ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button