Биыл еліміздің басым бөлігінде егін бітік, шөп қалың шығып, малға жақсы жайылым болып тұр. Жаз ортасы ауа басталатын шабындық жұмыстары да берекелі болуы тиіс. Тек бір әттеген-айы – даланы шегіртке басып кетті. Бұл болжанбаған нәрсе емес. Облысымызда, оның ішінде Қарқаралы ауданында саяқ шегірткемен күреске бюджеттен арнайы қаражат бөлініп, алдын алу шаралары жыл сайын жүргізіледі. Егістіктер мен жайылымдарды өңдеу шағын авиакомпаниялардың көмегімен жүргізіледі.
Биыл Қарқаралы ауданында химиялық өңдеу қажет деген жалпы аумағы 7,44 мың гектар жер болжанған еді. Осы аумақтарды саяқ шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 2-12 шілде аралығында жүргізілді. Атап айтқанда, ауылдық округтерден: Қаршығалының – 1,0 мың гектар, Қайнарбұлақтың – 1,0 мың гектар, Қ.Аманжоловтың – 1,5 мың гектар, Н.Әбдіровтің – 0,5 мың гектар, Томардың – 0,5 мың гектар, Теміршінің – 0,94 мың гектар, Ынталының – 2,0 мың гектар жері өңделді.
Саяқ шегіртке тектес зиянды организмдерге қарсы бұл жұмыстарды Александр Камышный басқаратын «Сандерс» ЖШС жүзеге асырды. Серіктестік ұшқыштары ауылдық жерлердің ерекшеліктерін жақсы меңгерген және Қарағанды облысында шегіртке зиянкестерімен күресте мол тәжірибесі бар мамандар. Сондықтан, өңдеу жұмыстарынан кейін шегірткеден келер шығын жоқ.
Егістік жерлер өңделгенімен, шабындықтарды түгел қамту мүмкін емес. Жауын аралатып, күннің райы жайлы болғандықтан шөп те жақсы. Өлеңге тарта ма, өрісті қыбырлаған жәндік басты. Әсіресе, бітік шыққан шөпті шегірткелер шабындыққа жеткізбей қырқып тастай ма деген қауіп күшті. Сондықтан, биыл шөп шабу науқаны ерте басталуы тиіс. Өткен жылдары мал азығынан қысылған ауыл жұртына жер-ана биыл жомарт, тек ертерек қарекет жасаған абзал.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz