Шегіртке шекара білмейді
Қарағанды облысының аграршылары жазғы маусымды тынымсыз еңбектен бастап отыр. Өйткені маусым – жайылым мен егінге қауіп төндіретін зиянкестердің қаптайтын уақыты. Мамандар алдын ала қамданып, мамырдан облыс көлемінде шегірткемен күресу жұмыстарын бастады. Бұл – жыл сайын қайталанатын, алайда, әр жолы жедел әрекетті талап ететін жауапты іс.

Бүгінде 75 мың гектарға жуық алқапта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Оның 55 мың гектары – итальяндық прус деп аталатын аса қауіпті шегірткеге қарсы бағытталса, қалған 20 мың гектардан астамы – үйірлі емес шегірткелерге қарсы өңделді.
Бұл жұмыстар облыстық штабтың қатаң бақылауында.
Зиянкестермен күрес тек дәстүрлі емес, заманауи әдістермен де қатар жүргізілуде. Жер үстінде тоғыз арнайы шашыратқыш жұмыс істесе, ауада екі аса жеңіл ұшақ, дельтаплан мен төрт агродрон күндіз-түні алқаптарды шарлап жүр. Бұл – шығынды азайтып, жылдам әрі нүктелі әсер етудің тиімді жолы.
Облыс бойынша химиялық препараттардың қажетті көлемі алдын ала қамтамасыз етілген. Диқандар мен фермерлерге зиян келтірмей, егіннің өнімділігін сақтап қалу – басты мақсат.
Алдын алу жұмыстары тек залалсыздандырумен шектелмейді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының өңірлік филиалы мамандары күн сайын мониторинг жүргізуде. Биыл облыста 5,4 млн гектар жер зерттелуі тиіс.
– Біз үшін егістіктің жағдайын үнемі бақылап отыру аса маңызды. Әрбір дерек тіркеліп, тиісті шешім қабылданады. Бұл – қауіпті алдын ала анықтап, дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді, – дейді мамандар.
Табиғаттың тілін таппасақ, зияны зор. Осы орайда Қарағанды облысы көрші өңірлермен бірлесе жұмыс істеуге мүдделі. Қазірдің өзінде шекара маңындағы облыстармен ортақ зиянкестерді анықтау және жою жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімдер жасалған. Бұл өзара әрекет етудің, ақпарат алмасудың тиімді тетігіне айналуда.
Егістік пен жайылым – ел байлығы. Оны қорғау – ортақ міндет. Қарағандылықтар бұл істі бейжай қалдырмай, дер кезінде қамданып отыр. Шегіртке шекара білмейді. Ал, онымен күресте үйлесімді жұмыс пен технологиялық мүмкіндікті қатар қолдану ғана нәтиже береді.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»