Сайын дала төсінде тағы бір табиғи қауіп қылаң берді. Шегіртке шабуылы, егіс алқабын жайпағалы, елдің еңбегін еш етпекке шақ қалған-тын. Бірақ, облыс тарабы бұған бейқам қарап отырмады. Шегірткенің шеңгеліне түспеу үшін аспаннан да, жерден де қорған жасалды. Зиянкеспен шайқас басталып кетті…

Облыс аумағында ауыл шаруашылығына зор қауіп төндіретін аса қауіпті зиянды организмдер – үйірлі шегірткелердің екі түрі: итальяндық прус пен саяқ шегірткелер жаппай таралғандығы ақпарат айдынында айқындалған еді. Зиянкестер егін мен жайылымды жайпап, халықтың нәпақасына нұқсан келтіретін, табиғаттың тілсіз жауы. Мәселен, итальяндық прус қауіптілігімен ерекшеленетін, топталып қонып, көзді ашып-жұмғанша егістікті тып-типыл ететін үйірлі шегіртке түрі. Оған қарсы күрес республикалық деңгейде қолға алынып, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің тікелей араласуымен, мемлекет қазынасынан бөлінген қаржы есебінен жүзеге асырылады. Ал, саяқ шегірткелердің де таралу ауқымы кең, бір қарағанда елеусіз көрінгенімен, шындап келгенде ауыл шаруашылығына елеулі залал келтіретін жекелеген зиянкес түрі. Оларға қарсы күрес шаралары жергілікті деңгейде, облыстық және аудандық атқарушы органдардың ұйымдастыруымен, жергілікті бюджеттің қаражатына жүргізіледі.
Аса маңызды бұл міндет – зиян шеккен аумақтарға дереу әрекет ету, уақытылы дәрілеу жұмыстарын үйлестіру. Келелі мәселе облыс әкімінің орынбасары басқаратын облыстық штабтың бақылауында. Штаб мүшелері осы орайда тәжірибелі мамандар мен тиісті сала өкілдерін шұғыл әрекет етуге, ауыл шаруашылығы мен тұрғындардың амандығын қорғауға күн-түн демей жұмылдырылуда. Зиянкестерге қарсы күрестің алғы шебінде ғылыми негізделген зерттеу мен нақты болжау жұмыстары тұр. Атаулы маңызды міндеттер «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» облыстық филиалының білікті мамандарының қатысуымен жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Олар әрбір зиянкестің таралу қарқынын, қауіпті кезеңдерін жіті бақылап, нақты әрі дер кезінде болжам жасап отыратын кәсіби мамандар.
– Ауыл шаруашылығы дақылдарын шегірткелерден қорғау тек жекелеген мекемелердің ғана емес, тұтас өңірдің үйлесімді жұмысын талап ететін кешенді процесс. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары жетекшілік ететін облыстық штаб тұрақты түрде отырыстар өткізіп, ахуалды күн тәртібінде ұстап келеді. Мәселен, ағымдағы жылдың 21 мамырында Ақтоғай ауданында аса маңызды іс-шара облыстық штабтың көшпелі кеңесі ұйымдастырылды. Кеңес жұмысына фитосанитариялық диагностика орталығының жетекші мамандары, аумақтық инспекцияның өкілдері қатысып, нақты жағдаймен танысты. Жергілікті ахуалды талдай отырып, зиянкестермен күрестің тактикалық және стратегиялық шаралары пысықталды. Облыс көлемінде қауіптің алдын алуға бағытталған жүйелі және шұғыл әрекеттің жарқын мысалы осындай. Аймақ үшін маңызды саналатын баянды бастамалар ауыл шаруашылығы саласының тыныштығын, егіс алқаптарының амандығын және жалпы азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарып отыр – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.
Бүгінде облыс аумағында шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес ауқымды түрде жүргізілуде. Жалпы 4 502 гектар жер өңделіп, зиянкестерге қарсы шаралар нақты іс жүзінде қолға алынды. Жұмыстың басым бөлігі заманауи техника мен жоғары технологияның көмегімен атқарылуда. Атап айтқанда, жеңіл авиация жолымен – 3 250 гектар, агродрондар көмегімен – 282 гектар, бүріккіш техникалар арқылы 970 гектар жер химиялық өңдеуден өткізілді. Аудандық бөліністе Ақтоғай ауданында – 2 192 гектар, Қарқаралы ауданында – 1 880 гектар, Шет ауданында 430 гектар жер өңделді. Сонымен қатар, шегірткелердің шоғырлануы мүмкін 34,0 мың гектар мемлекеттік қор жері де ерекше бақылауға алынып, дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осы маңызды іс-шараларды жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 146,3 млн теңге бөлініп, қажетті техника мен құрал-жабдықтар толық дайындалды. Зиянкестердің таралуын тежеуге бағытталған пәрменді шешімдердің нақты нәтижесі осы. Алдағы уақытта ауа райының жағдайына қарай жерді өңдеу жұмыстары белсенді түрде жалғасатын болады.
– Химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін мердігерлер іріктеліп, іске жұмсалатын қаражат көлемі 184 млн 561 мың теңгені құрады. Қазіргі таңда тоғыз бірлік заманауи техника мен дрондар жұмысқа тартылып отыр. Бұл – зиянкестермен күрестегі жаңа деңгей. Сонымен қатар, өңірдегі үйлесімді іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында облыспен шекаралас аймақтардың өкілдерімен өзара ынтымақтастық туралы нақты келісімдерге қол қойылды, – деді облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Жасұлан Ешмұханов.
Шегіртке зиянкестеріне қарсы барлық іс-шаралар облыстық штабтың тұрақты бақылауында. Штаб әрбір аудан мен елдімекендегі ахуалды жіті қадағалап, үйлесімді әрекет етуге бағытталған нақты шешімдер қабылдауда. …Қанаттары күннің көзін көлегейлеген, жердің демін тұншықтырған қара легион. Шегірткелер. Табиғаттың түссіз әрі тасқындап келетін зарар үніндей. Бейне бір өркениетке ашуланған жер-ананың өзі жазалаушы отряд жібергендей. Бірақ, бұл жолы адам да үнсіз қалмады. Бұл жолы дала жалғыз қалған жоқ. Құстың орнын – ұшқыштар, бұлттың орнын – агродрон басты. Даланы қорғайтын жауынгер енді трактор тізгіндеген механизатор, микроскоп артындағы энтомолог, қағазға сызу салған инженер. Ғылым мен ерік-жігер табысып, шегірткенің шеруін кері бұрды. Қарсы шабуыл – техниканың тілімен, тіршіліктің мүддесімен жасалды. Қаупі қайтты ма? Иә. Бірақ, бұл соңғы соғыс емес. Табиғат адамға үнемі ескерту жіберетіндей. Ал, дала, дала қайтадан тыныс ала бастады.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»