Шедеврлер шыққан шеберхана
Сегіз шаршы метр. Үйдегі шағын шеберхана. Ұядай бөлме. Отыз жыл болды. Шебер Аманжан Сәдуақасов осы жерден үш мыңдай домбыра шапты. Қолдау көрсетілсе, шағын цехты кеңейтіп, қастерлі өнерді өзгелерге де үйретер едім дейді. Алайда, ол – алыстағы арман-ау. Өйткені, мұны өтініп жүргеніне қанша болды, бір қайырылған ешкім жоқ. «Домбыра күні бәленбай домбырашы күй тартты деген секілді науқандық сипат алып барады» дейді шебер. Онысы да орынды.
Талай «шедевр» шыққан шеберхана. Аршадан домбыра шабатын Арқадағы жалғыз шебер – кезекті тапсырыстың қамында. Әйгілі күйші Секен Тұрысбек екі бірдей домбыраға тапсырыс беріпті. Арша және американдық жаңғақ ағашынан. Дәулескер күйші екеуінің де күмбірін ерекше көріп қалыпты.
– Жаңа домбыра да жүген-ноқта тимеген, ертоқым салынбаған асаудай болады. Бірталай уақыт бастықтыру керек. Соны күтіп отырмын. Домбыраның қалыбы дайын, дегенмен, әлі көп шаруасы бар. Іресі, пернелері салынады. Мойнын жіңішкертемін. Ысқылап тазаланады. Боялады. Сосын тиегі қойылып, ішегі тағылады. Тәуір домбыра дайындауға кем дегенде жарты ай уақыт кетеді, – дейді шебер.
Қадыр Мырза-Әлі айтқан домбыраның қадірін ертеден түсінген Аманжан шебер тоқсаныншы жылы жасаған ең алғашқы домбырасын алып келді. Бетіне қонған шаңды бір қақты да, күмбірлете жөнелді. Қалақ домбыра мен тұмар домбыраға ұқсатып шапқан. «Қанша уақыт өтсе де, жақсы домбыраның дауысы еш өзгермейді, ескірмейді» дейді. Осылайша, шебердің ең бірінші төлтуындысы төрінде тұр. Одан кейінгі бала домбырасы да әлі сақтаулы. Ұлы Рахатқа жасап берген. Рахат та күйді бала кезінен шебер шертеді. Қазір «Senim109» бірыңғай байланыс орталығының басшысы. Қауырт жұмыстан қажып келгенде, арша домбырасын қолына алып, күйін күмбірлетеді, әнін шырқайды. Ал, бала домбыра немерелерінің қолынан түспейді. Тек бұл ғана емес, қалақ домбыра, тұмар домбыра, үш ішекті домбыра, қозықұйрық домбыра, кеңшанақты домалақ домбыра шеберханасында тұр. Кейін мұражайдың кәдесіне жарап қалар дейді. Несін жасырайық, шебер домбыра шабатындар көрмеден де, көп жерден де шақырусыз, шеткері қалды деп өкпелі.
Қателеспесек, 1998 жылы «Үкілі домбыра» байқауы өтіп, аршадан жасалған әйдік домбыра Құрманғазы атындағы жүлдені иеленіпті. Бірден әлгі домбыраны Астрахандағы Құрманғазының музейіне аттай қалап алған. Тағы бір дәстүрлі әннің дүлдүлі Мейірхан Адамбековке арнап жасаған арша домбырасы Алматыдағы мультимедиялық музейдің төрінде тұр. «Ал, қазір көрмеден де, көп жерден де қалдық», – дейді шебер.
Аты алысқа тараған Аманжан шебердің арша домбырасы Нұрғиса Тілендиев, Мағауия Хамзин, Қаршыға Ахмедияровтай күй алыптарын тәнті етті. Ғалым Мұхамедин, Серік Оспанов, Жақсыкелді Кемалов, Аманжол Әлтаев, Дәуренбек Әркеновтердің талғамынан шыққан туындыларға әрине, тапсырыс көп түседі. Бірақ, шебер айына екі домбыра ғана шабады. Бабымен жасалған домбыра шешен болады.
– Қазақтың қара домбырасын қорламауымыз керек. Арзан ағаштан жасалған домбыра нарықты жаулады. Түрлі цехтар бір айда 150-200 домбыраны көлем көрмейді. Бұлай өндіретіндей домбыра құрылыс материалы емес. Шебер ең алдымен күйші, не әнші болу керек. Құр аспапты жасағанға мәз болмай, домбыраның әр дыбысын тереңнен ұғыну керек, – дейді алтынқол Аманжан аға.
Қашау ұстаған отыз жыл. Соның нәтижесі міне, талай мәрте теледидардан сөйледі. Тілшілер очеркінің кейіпкері болды. Шебер соның бәрінде ойын ашық айтты. Домбыра шабу өнерін өгейсітпеу керектігін. Бірақ, бірақ, бәрі – үнсіз…
Шеберіміз – ән мен жырдың бесігі Ақтоғайдың тумасы. Талдықорғандағы Жетісуға танымал «Алтын дән» ансамблінің жанынан құрылған шеберханаға шақырылған кезден бастап домбыра жасауға кіріскен. Арада уақыт өтеді. І.Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институты басшылығының қолқасымен оқу орнының ішінен шеберхана ашады. Шәкірт баулып, аспаптары бір-екі жылдың ішінде республикалық байқауларда топ жарады.
Кім білсін, шебер Жетісуда қалар ма еді… Алматыдағы кезекті бір домбыра жасаушылардың додасында қола жүлдені қанағат етіп тұрған Аманжан шебердің қасына Мағауия Хамзин келеді. Келеді де «елге қайт» деп ақылын береді. Өйткені, Қарағанды, Балқаш «орыстанып» кеткен еді ол кезде.
Ағаның айтқанын аманат етіп қабылдап алған ол бірден шешімін қабылдайды. Балқаш әкімдігі ұлттық орталық ашып жатқан кез еді. Орталықтың шеберханасын береді. Баспанасын да тарту етеді. Бес жылға келісімшарт жасасады. Сол уақытта өнер ұйымдарын қажетті аспаппен қамтиды. Сөйтіп, уағдаласқан уақытқа дейін еңбегін етеді де, Қарағандыға қоныс аударады.
Содан бері тоғызыншы қабаттағы үйінің сегіз шаршы метр шағын шеберханасында тіршілік кешіп жатыр. Күйбең емес, күй тіршілік. Арша домбырасына ағайын айлап-жылдап кезекке тұрады. Сондай беделі бар. Енді елге берері бар. Шәкірт тәрбиелеп, домбыра жасау өнерінің жас өркендеріне білгеніммен бөліссем дейді. Бірақ, оған бір өзі әзер сиятын шеберханада мүмкіндік жоқ.
Сіз бен біз ойлағандай, шеберханаға көп қаржы да қажет емес. Екі-үш станок, басқа да керек-жарағын алуға 5 млн. теңге жетеді.
Егер ойдағымыз орындалса өңірдегі өнер ұжымдары алыстан арбаламас еді, қу ағаш сабаламас еді. Аманжан ағаның бренд домбырасына қол жеткізетін еді.
– Қазір түгел оркестр, ансамбль Алматы, Шымкентке тәуелді. Егер, басшылық қолдаса, шеберхана жағынан көмектессе, сол аспапты өзіміз-ақ жасар едік. Маған ол жерден бір тиын қажет емес. Үш-төрт жігітті жаныма алып, баулып, үйретер едім. Оларға – өнер, қолөнерімізге – насихат. Нан табады. Алпыстан астық, енді қанша өмір қалды, бір Алла біледі. Жастарға үйретіп кету керек қой, – дейді шебер.
Әңгімеміздің соңына қарай Аманжан шебер Домбыра күні маңызын жоғалтып жатқанын айтып, тағы бір күрсінді. «Бәленбай домбырашы анау алаңда күй тартты» деген секілді науқандық сипат алғанын айтып.
– Құрманғазының күйлеріне қазақтың құлағы қанық. Тәттімбетті шертпе күйдің атасы деп біледі. Салған әні алты қырдың астынан жеткен Біржан сал, Ақан сері, Әміре сынды дүлдүлдердің мұрасы «Алтын қорда» сақтаулы. Алайда, солардың жан серігі болған домбыраны шапқан шеберлерден дерек жоқ. Ал, қазіргі домбыра жасаушыларды осы бір мерекеде ұлықтау керек деп ойлаймын. Я болмаса, шеберлер күнін белгілеу керек. Біз көп дүние сұрамаймыз, – дейді. Сөйтіп, әңгіме-дүкенімізге осылай нүкте қойды.
Шебер өзінің шығарған «Өкініш» күйін шертіп берді. Өзінің домбырасы – тіпті шешен. Бірақ күйші нендей өкініш екенін жұмбақ күйінде қалдырды…
Шеберхананың есігінен шыққанымыз сол еді, шебер есіктің шетін жедел шүберекпен қымтап жатты. Әйтпесе, ондағы шаң үйге кіреді.
«Алтынқол шеберді шағын шеберханаға қамап, тынысын тарылтқанымызды-ай…» деген ойдың жетегінде редакцияға жеттім…
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz