Өңірде «Кәсіби маман» байқауының өңірлік кезеңі қорытындыланды. Байқау «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өтуде. Жұмысшы кадрларды даярлаудағы үздік тәжірибелерді қолдау мақсаты көзделді.

Байқауға жұмыс берушілер мен колледждер қатысып, негізгі бағыт – олардың серіктестігін нығайту екенін айғақтады.
Кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, өңірлік кезеңге кәсіпорындар, колледждер мен өндірістік тәлімгерлерден барлығы 10 өтінім түскен. Арнайы комиссия үш аталым бойынша жеңімпаздарды анықтады.
«Кадрларды даярлауға қатысушы үздік кәсіпорын» аталымында «Maker» ЖШС (Қарағанды құю-механикалық зауыты) жеңіске жетті. Компания дуальды оқыту жүйесін белсенді енгізіп, өңірдегі колледждер мен техникалық мектептермен тұрақты байланыс орнатқан. Кәсіпорында еңбек ететін Александр Исупов өндірістегі үздік тәлімгер ретінде танылды.
«Кәсіпорынның үздік серіктес колледжі» аталымында Қарағанды жоғары политехникалық колледжі жеңіске жетті. Оқу орны өндіріс орнымен жоғары деңгейде ықпалдасып, түрлі байқауларға белсенді қатысып, студенттердің кәсіби құзыреттілігін дамытуда ерекше көзге түсті.
Жеңімпаздар күзде Астанада өтетін байқаудың республикалық кезеңінде Қарағанды облысының намысын қорғайтын болады.
– «Кәсіби маман» байқауы кадр даярлау сапасының артуына және бизнес пен білім беру арасындағы серіктестіктің нығаюына ықпал етеді. Бүгінде тәжірибеге негізделген оқыту моделін дамыту бұрынғыдан да маңызды, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.
Өңірде оқу мен тәжірибе тығыз ықпалдасқан дуальды оқыту жүйесі дамып келеді. Облыстық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, жүйеге бүгінде 39 колледж, 828 кәсіпорын, 289 сертификатталған тәлімгер тартылған.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»