Спорт

«Шахтер» футбол клубының U17, U18 және U21 командасы жаңа маусымға дайындықты аяқтады

Қарағандылық «Шахтер» футбол клубының U17, U18 және U21 командасы Шымкент қаласында негізгі құраммен бірге оқу-жаттығу жиындарына аттанған еді. Бұл – клуб тарихында алғаш рет тіркелген ерекше тәжірибе. Бүгінде жасөспірімдер командасының бас бапкері Игорь Солошенко мен Рафаэль Хамидулловтың басшылығымен командалар жаңа футбол маусымына дайындық жұмыстарын толық аяқтады.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Қазіргі таңда клуб жастарына барынша көңіл бөлуде. Себебі, дәл осы жерден шыққан футболшылар алдағы уақытта клубтың негізгі құрамында өнер көрсетпек. Сондықтан, бапкерлік штаб бүгіннен бастап жастарды дайындап, бақылау жұмыстарын жүргізуде.

Оқу-жаттығу жиындары аясында негізгі құрамның ойыншылары Игорь Шацкий, Михаил Габышев пен Рифат Нурмугамет жас футболшылармен кездесті. Жас ойыншыларға кәсіби мансабы жайында сөз қозғап, жаттығу үрдісін баяндады. Сонымен қатар, жастар кәсіби футболшыларға көкейіндегі сұрақтарын қойып, мардымды жауап та алды. Сондай-ақ, клубтың 2010 жылы туған тәрбиеленушілері «Түркістан» және «Оңтүстік» жастарымен жолдастық кездесу өткізіп, өзара тәжірибе алмасты.

Ал, Игорь Солошенко болса, оқу-жаттығу жиындарының жоғары деңгейде өткенін баса айтты.

– Оқу-жаттығу жиындарының басты мақсаты – 2026 жылғы маусымға дайындалу. Мұнда барлық жағдай жасалған. Керектінің бәрі бар. Жаттықтырушылар штабында да ешқандай мәселе жоқ. Жаттығулар үшін екі алаң берілген. Жиын залы да бар. Біз осында келгенімізге қуаныштымыз. Осындай оқу-жаттығу жиындарының негізінде клубтың мүмкіндігі артатыны сөзсіз, – деді ол.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button