Шеберлігін шыңдай түседі
Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы үшінші оқу-жаттығу жиындарын бастап кетті. Бұл жолы жерлестер Белек қаласында 15 күн бойы шеберліктерін шыңдап, жаңа маусымға тыңғылықты дайындық жүргізбек. Әрі бірқатар бақылау матчын да өткізуді жоспарлап отыр.

Әдеттегідей, жерлестер бұл оқу-жаттығу жиындарында да командалық тактиканы жетілдіруге басымдық береді. Дайындықтың алғашқы кезеңінде футболшылардың физикалық ахуалына айрықша ден қойылып, жалпы және арнайы дене дайындығы кешенді жүргізіледі. Жаттығу үдерісі жүктемені біртіндеп арттыру қағидатына негізделген. Әрі ойыншының төзімділігі мен жылдамдығын, күштік көрсеткіштерін шыңдауға бағытталады.
Одан кейін тактикалық құрылымдарға, ойын сызбасын пысықтауға және алаңдағы өзара үйлесімділікті арттырады. Бапкерлік штаб әр позициядағы бәсекелестікті саралап, ойыншылардың мүмкіндігін бақылау матчтары арқылы жан-жақты бағаламақ. Сондай-ақ, дәл осы жиын барысында жаңа маусымда команда жүгін арқалайтын, яғни, негізгі құрам мүшелері анықталады. Демек, бұл кезең – тек дайындық емес, әр ойыншы үшін өз орнын дәлелдейтін шешуші сынақ.
Оқу-жаттығу жиындары аясындағы алғашқы бақылау матчы ресейлік «Балтика-2» командасына қарсы өтпек. Алайда, бұл жолғы жолдастық кездесулер жабық режимде ұйымдастырылады деп күтілуде. Мұндай шешімді бапкерлік штаб қабылдаған. Ал, мамандар бұл қадам тактикалық сәттерді егжей-тегжейлі пысықтап, ойын жүйесіндегі жаңа элементтерді сырт көзге жария етпей, сынақтан өткізу қажеттілігінен туындағандығын айтады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



