ЖаңалықтарҰлытау

Шеңбердің шырайы енген күн

Мұқым елдің назарын Ұлытауға аударған Халықаралық «Көкмайса – 2018» этнофестивалінің аясында Ұлы Жеңіс күні мерекесінде шалғайдағы Торғай даласымен шекаралас жатқан Шеңбер селолық округінің орталығы Қорғасын ауылында шырайы шұрайлы, тағылымы татымды іс-шаралар атқарылды. Ұлт бесігіндегі ұлы дүбірді қызықтау үшін Ұлытауға алыстан арнайы келген қауым сол күні аттарының басын Қорғасынға бұрды.

Ел мен жердің тарихын танып-білуге ынтызар меймандар, алғашқы кезекте, ертеректе ағылшын алпауыттары қорғасын кенін өндірген шахталар мен кенді өңдеуге арналған  өндірістік кешен қондырғыларын, Қараторғай өзенін бойлап жатқан тау шатқалындағы дала көкжалы Кейкі мергеннің үңгірін, бөлек бітімді Мақат сағанасын тамсана тамашалады.
Ұлы Жеңіс күніне және туған жердің тұғырлы қалпын, өткені мен бүгінін, атпал азаматтарын әспеттеу мақсатымен селолық округ әкімдігі қаламгерлер арасында жариялаған байқау нәтижесі бойынша Елордадағы «Кәусар» баспасынан жарық көрген «Шежірелі Шеңбер» жинағының таныстырылым рәсіміне арналған салтанатты жиын ауыл клубында өтті.
Аудан әкімі, ҚР Мәдениет қайраткері Әнуар Омар руханият саласындағы өзгелерге өнеге боларлықтай әрекет-жетістіктері Жеңіс күні паш етіліп отырған ауыл басшылығы мен тұрғындарын ақжарыла құттықтады. Шуақты мерекеде дәстүрлі негізде ұйымдастырылатын іс-шаралардың көлемі кеңейіп, мазмұны байытылуы, Шеңбердің «шеңберінен» шығып, аудан аумағынан асып, халықаралық деңгейдегі «Көкмайса» фестивалінің бағдарламасына енгізілуі, сол арқылы шоқтығы биіктей түсуі мерейді өсіретін қадам екендігін ерекше атап өтті.
Жарасымды бастаманың рухты оятып, сананы сілкінтуге себесін болғанына, тындырымды істерге шағын ауылдағы елдің ымыра-бірлігі дәнекерлік еткеніне назар аударды. Ауыл тұрғындарына бақ-береке тілеген Әнуар Серікбайұлы өзінің «Елдіктің өлшемі» тақырыбы телінген алғысөзімен ашылатын жаңа жинақтың тұсауын кесіп, орама лентасын қиды. Байқау қорытындысына сәйкес, журналистика жанрында бас жүлде иегері атанған Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетінің бас редакторы Ізтай Белгібайұлына арнайы сертификат пен қомақты қаржылай сыйақыны табыс етті.
Осы орайда, қаламгерлер байқауы қоржынына поэзия және журналистика жанрлары бойынша 50-ге тарта туынды түсіп, олардың талапқа сай деп танылған басым бөлігі «Шежірелі Шеңбер» кітабына енгенін айта кету ләзім. Қатысушылар қатарында сексен жастың сеңгіріне шыққаны да, мектеп оқушылары да, есімдері елге етене мәлім қаламгерлер мен қанаттары әлі қатая қоймаған үміткерлер де болды. Тыңнан түзілген шығармалар Алматы, Астана, Қарағанды,  Жезқазған, Балқаш, Қаражал, Сәтбаев қалаларында, сондай-ақ, Ұлытау ауданы аумағында тұратын авторлардан келіп түсті.
Ел құлағын елеңдеткен ерекше сыннан әдебиетке бейімі бар шеңберлік талапкерлер де қалыс қалмады. Құзырлы қазылар алқасының ұйғарымымен журналистер арасында ІІ орынды
мемлекеттік қызмет ардагері Жақыпбек Дайыров еншілесе, ІІІ орын жүлдесі қарағандылық Болат Сыздыққа бұйырды. Поэзия жанры бойынша белгілі ақын Ғазиз Ештанаев ат оздырды. Жүлделі ІІ және ІІІ орындарды, тиісінше, сәтбаевтық ақындар Дәуренбек Бұланбаев пен Мұса Тілеуов өзара бөлісті.
«Жезқазған ТВ» ЖШС (құрылтайшы-директоры Шыңғыс Әлеухан) және өздері өмір сүрген кезеңде ел мен жердің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан тұлғалардың атындағы олардың ұрпақтары тағайындаған (жалпы саны – 10) қаржылай сыйақылар да байқауға қатысушылар арасынан өз иелерін тапты.
«Ең жас қатысушы» номинациясын №2 Қорғасын орта мектебінің 6-сынып оқушылары, балғын ақындар Аяла Сартай мен Аяулым Әмірәліге айтыс әлемін «Дәридай» әуенімен «әлдилеген» жыр жүйрігі Мұқаш Сейтқазинов табыстап, батасын берді. Туындылары жинаққа енген ақындар мен ақындардың барлығына Алғыс хаттары тапсырылды.
Сонымен қатар, осы өңірден түлеп ұшқан қаламгерлер Шоқан Оспанбековтің «Терісаққанның басы – Желдіадыр» және Мұқанбетжан Әбілұлының «Арғанаты – ата жұртым» кітаптарының да тұсауы кесілді. Ауыл азаматтары киелі қаламды серік еткен қос қарияның иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Салтанатты жиында тыл ардагерлеріне аудан әкімінің мерекелік тарту-таралғысы табыс етілді. Жергілікті өнерпаздар әсем әндерді әуелетті.
Мерекелік бағдарламаның шырайын ат бәйгесі енгізе түсті. Тайлар 6 шақырымға тақым созса, құнандар 12 шақырымдық қашықтықты еңсерді. Ал, аламан бәйгеде бабы келіскен сәйгүліктер 30 шақырымды құрайтын жарыс жолында бауырын жазып, көсіле шапты. Бәйгеде көршілес Қостанай облысының Аманкелді және Арқалық аудандарынан, Шеңберге іргелес селолық округтерден келген сондай-ақ, жергілікті бапкерлер қосқан қылқұйрықтылар бақ сынады.
Мәреге оза шауып жеткендері және жүлделі орындарға іліккендері сертификаттар мен сыйақыларды еншіледі. Осы орайда аламан бәйгенің жүлде қорының қаржысын «Көкмайса – 2018» фестиваліне дем беруші тұлға, танымал меценат, Ұлт ұланы Марғұлан Сейсембай бөлгенін айрықша атап өткен жөн.
Қазақ күресінен өткен балуандар бәсекесінде алыс-жақыннан жиналған сайыпқыран жігіттер сайысқа түсті. Нәтижесінде Шеңбердің намысын қорғаған спорт шебері Ернар Төлеш «Түйе балуан» атағын жеңіп алып, бас жүлдені қанжығасына бөктерді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button