Жаңалықтар

Шатырша айғай салады айдалада (Рымбек Жүнісовке)

Сурет жеке мұрағаттан

Аға, сен қалаға бардың.
Мен де қалаға бардым.
Шатырша далада қалды…

Басы тіп-тік жақпар да,
Жоны – қырат,
Жерге түскен иықтан қолы құлап,
Шатырша айқай салды айдалада,
Естіп жатқан ешкім жоқ оны бірақ:

«Шатыршаның қашанда сайран – басы,
Сайрандашы, күрсінбей, жайраңдашы.
Мына ел қайда барады-ей, жосып осы,
Қай бұтада қалады, ей, қайран басы?!»

Жыр қамында жүргенде, ой қамында,
Елден шалғай осы бір қойлы ауылда,
Елжіреп бір еліктей лағына
Асыр салғам мен де оның қойнауында.

Осында жүр қызы да, бозбала да,
Кемпір-шал ғой қалғаны – боз далада.
– Қалай? – деймін – Шатырша?
– Орнында ғой…
Е, Шатырша орнынан қозғала ма!

«Сайрандаса, осылар сайрандасын,
Жайраңдаса, осылар жайраңдасын.
Тырқыратып тектімді қуып тастап,
Тексізбенен қалды ғой, қайран басым!», –

Деп жылайды қайран тау, жоны қырат,
Жерге түскен иықтан қолы құлап.
Шатырша айғай салады айдалада,
Естіп жатқан ешкім жоқ оны бірақ.

Аға,
Ақынмын деп мен неге қалаға бардым?
Әкіммін деп сен неге қалаға бардың?!
Жыланды – далада қалды…
Қызыларай – далада қалды…
Шатырша – далада қалды…

Қайда барар қайран ел,
Құрағына,
Тауына да қарамай, бұлағына?!
Шатыршаның осы бір жанайқайы,
Шалынса екен құдайдың құлағына.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button