Бас тақырыпМәселе

Шашылған ырыс, ашынған кәсіпкер

28 желтоқсанда «Қарабас» станциясында жүк тасымалдау пойызының 19 вагоны рельстен шығып кетті. Құрбан болғандар жоқ. Бірақ шығын шаш-етектен. Мың тоннадан артық бидай далада шашылды. Келген шығын – 1 млрд. теңге. Тасымалдаудағы бар жауапкершілікті мойнына алған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вагондарда ақау болды десе, астық иелерінің де өз айтар уәждері бар. Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығының облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Филиал төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты, «Ақ жол» Қазақстан-демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Ермек Әбілдин оқыс оқиғаның барысы туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Ол апат болған сәттен 8 тәулік және 3 жұмыс күні өтсе де, арнайы комиссияның құрылмағанын, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 1 тамыздағы №604 бұйрығымен бекітілген теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін бұзушылықтарды тергеп-тексеру қағидаларының 2 тарауындағы 6-тармақтың бұзылғандығын жеткізді. Яғни, апаттың себебін анықтайтын комиссия 10 күннен кейін ғана құрылған. Жол қозғалысы қауіпсіздігінің ескерілмеуі, әрі апаттық жағдайды. анықтауда комиссияның дер кезінде құрылмауы өрескел заңбұзушылықтар болып табылатындығын, бастысы вагондар мен астық иелерінің. конституциялық құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерінің. бұзылғандығын тілге тиек етті.

Бұл вагондар астығымен бірге «Новоишим» астық компаниясына тиесілі. Баспасөз мәслихатына аталмыш компанияға тиесілі «Сұлтан-Логистик» серіктестігінің өкілі, вагон иесі Серік Қожахметов қатысты. Апат болған уақытта «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі «…Алдын ала мәліметтер бойынша, вагондардың жолдан шығып кетуі жеке меншік иесіне тиесілі бірінші астық тасымалдаушы вагонның доңғалақ жұбының кептелісіне байланысты болды. Орын. алған жағдайды тексеру үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да арнайы комиссия құрылды», – деген ақпарат таратты. Осы орайда, учаскедегі пойыздар қозғалысы көрші жолмен ұйымдастырылғандығы, «Қарағанды-Құлайғыр» бағытындағы екі жолаушылар пойызының кешіккендігі туралы ақпарат таратылған болатын. Алайда, вагон иелері мұндай «алдын ала мәліметтермен» келіспейтіндігін жеткізуде.

– Мен жағдайды естісімен оқиға орнына бірден жеттім. Енді, ол жердегі жағдайды айтудың өзі ауыр. Шашылған. бидай, аударылған вагондар, істен шыққан рельстер. Сол жерде ҚТЖ жұмыскерлері болуы керек, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатты.. Бидайды қапқа салып, жинап жатыр екен. Апат себебін «вагон дөңгелектері жұбының кептелісі» деп түсіндірді.. Бірақ, оқиға орнынан дәнекерленген рельсті байқап қалдым. Біз бірнеше жылдан бері Өзбекстанға бидайды осылай тасымалдаймыз. Бұл – бірінші рет кездесіп отырған жағдай. Жүк пойызы жолға шығарда жауапты. мамандар барлық тексеру жұмыстарын жүргізеді. Содан кейін барып қана жүк жолға шығады. Неге сол кезде бұл ақау анықталмаған? Вагондар – жаңа. Ресейден сатып алғанбыз. Біз жоғарыдағы мәлімдемені естісімен, вагон шығарушы зауыттан арнайы маманды да алдырдық. Сол кезде. вагоннан ешқандай ақау анықталмады. Осындай жайттарды ескере отырып, ешқандай комиссияның анықтау, тексеру шараларынсыз-ақ ҚТЖ-ның алдын ала таратқан мәлімдемесі күдік тудыруда, – дейді Серік Қожахметов.

3-класты бидайдың, іске жарамсыз болған вагондардың, діттеген жерге жетпеген тауардың да арнайы төленетін өз сомасы тағы бар. Бұл шығындардың өтеуі қалай болмақ? Жүк тасымалдау үшін ҚТЖ-ға да қаражат төленгендігі тағы бар. Осындай жайттарды ескере отырып, вагон мен бидайдың меншік иелері, кәсіпкерлер тергеу-тексеру жұмыстарына күмәнмен қарайды. Сол себепті, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә.Смайыловқа, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Б.Асыловқа «Ақ жол» демократиялық партиясы мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлік Өмірғали кәсіпкерлердің жанайқайын жеткізе отырып, нақты дерек-дәйектермен «Депутаттық сұрау салу жобасын» жолдады. Мәтінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жиынның алғашқы сағаттарында – вагондардың иесін кінәлау туралы шешім шығарып, бұқаралық ақпарат құралдарында ештеңемен расталмаған жалған түсініктеме бергені айтылады. Аталған вагондарды ресімдеу кезінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ – тасымалдаушы жүк тиелген вагондарды қандай да бір шағымсыз (коммерциялық және техникалық жай-күйі бойынша жарамды түрде) және вагондардың жүк көтергіштігі. шегінде тасымалдауға қалай қабылдағанын атап өту қажет. Бұл ретте вагондар іс жүзінде жаңа, дайындаушы зауыттың кепілдігінде, вагондардың жүрісі алғашқы депо жөндеуіне жеткен жоқ (3 жыл өткеннен кейін басталады). 2-3 сағат ішінде арнайы тергеуді қалай жүргізуге болатындығы және кінәлі тарапты қалай анықтауға болатындығы туралы ақылға қонымды сұрақ туындайды. Ал, апат болған жерге тараптардың уәкілетті өкілдері әлі келмеген кезде тергеу жөніндегі комиссия құрылмаған-ды. Осы орайда, «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне күмән келтіруге болады. Демек, біржақтылыққа, атап айтқанда, вагондардың апатқа түсуінің нақты себептерін жасыруға болады» деп жазылған депутат сауалында. Кәсіпкерлердің «арнайы құрылған комиссия обьективті жұмыс жүргізсе» деген талабы бар.

Сағыныш ӘБІЛ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button