Руханият

Шашекеңнің гармоны

Жыр сүлейі Шашубай ҚОШҚАРБАЙҰЛЫНЫҢ қара гармоны Балқаш тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Ақынның саусақ табы қалған қасиетті аспапты көргенде өзінің «Кербез кер» әнінде айтылатын «Он екі взвод гармонмен ән салғанда, қасыма қызкеліншек үймелеген» деген жолдары ойыма оралды.

Он екі взвод гармоны баға жетпес жәдігерге айналған. Ұзақ жылдар жанына серік еткен аспапты музейге тапсырған – өлкетанушы Күләш Сардарбек апай. Хабарласқанда біраз жайға қанықтым.

  • 1973 жылы Балқаштың Жұмысшылар қонысындағы Шашубай ақынның үйіне бардым. Үйге кіргенде немерелері қара гармонын сүйретіп ойнап жүр екен. Келіннің рұқсатымен гармонын, орден-медальдары мен шапанын әкеліп, музейден бұрыш ашып, орналастырдым. Гармонға реставрация жасаттым. Шапаны кейін жоғалып кетіпті. Есімі қазаққа мәшһүр Шашубайдың шапанының етегінде, тізесінде отырып, жыр тыңдаған адаммын. Өйткені, ақын біздің үйге жиі келіп тұрды. Анамыз шебер тігінші еді. Шашекең айтысқа барарда арнайы келіп, киім тіктіретін. Сонда «гармон тартуды қаланың гармоншы татарларынан үйрендім» деп отыратын, – дейді өлкетанушы.

Ақын, әдебиет зерттеушісі Сағынғали Сейітов Шашекеңнің гармон тартуды жиырма үш жасында үйренгендігін «Сөйле, Шашеке» атты өлеңдер мен поэмалар жинағында келтіреді.

«Шашубай 1988 жылы жиырма үш жасында Уәли байдың баласы Сыздық пен Акбар деген ноғайға еріп, Қарқаралыға келеді. Олар Шашубайды қасына жақын етіп алып жүреді. Шашекеңе гармон сатып әпереді. Бұлар Қарқаралыда екі айдай жатады. Қарқаралыда жүргенде Шашубай гармон тартуды үйренеді. Қаланың гармоншы жігіттерімен достасып, солармен бірге гармон тартады. Қарқаралыда екі айдай болғаннан кейін Шашубай еліне қайтады. Баяғы қалпынша жиын-тойларға, ойын-сауықтарға қатынасып, өлең айтады, гармон тартады» – деп жазады әдебиет зерттеушісі.

Міне, содан кейінгі уақытта гармон ақынның жан серігіне айналған. Бірақ, «Ал, гармоным, гармоным, Бас барынша пәрменің, Сөйле, сөйле, Шашубай, Бүгін күнің дәл сенің» – деп шырқай жөнелер иесі жоқ…

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button