Шарықтаған ән, шалқыған күй
«Шалқымада» (концерт залы) шалқыған күй, шарықтаған ән. Ненің құрметіне дерсіз? Тәттімбет атындағы академиялық оркестр мен Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті мұнда 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Ән – жүректің емі» атты қайырымдылық концертін қойды.
«Тән жарасы жазылар, жан жарасын, қайдам?!» дейтін баяғыда үлкендер. Сіз тән сырқатын жазатын медицина мамандарының жан жарасы – шер тарқатып, шырқап ән салғанын көріп пе едіңіз? Көрмесеңіз, біз көріп, көзайым болдық. Көпшілікке баратын бұл жазбамыз көрген көздің көзақысы болсын, ендеше. Сонымен, концерттің көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Үкібай болса, жекелеген орындаушылары – Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің студенттері. Оркестрдің сүйемелдеуімен де, домбырамен жеке шығып та ән салды олар. Ән салғаны былай тұрсын, күй тартқандарын көргенде, екі көзіміз төрт болды. Бұрын Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті студенттерін көңілді тапқырлар командасынан (КВН) көруші едік. Енді, құбылып бұлай шыға келгенде, таң қалмасқа қоймады.
Қайырымдылық концерті оркестрдің орындауындағы Түркештің «Көңіл ашар» және Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйімен ашылды. Іле Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ маңдайлым» әнін оркестрдің сүйемелдеуімен Дана Ералиева орындап шықты. Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің студенті. Концерт барысында бұл кісі орыстардың халық әні «Ах, Самара, қалашығын» сол елдің тілінде орындап, тәнті етті елді. Басқа саланың маманы бола тұра, жаман орындаған жоқ. Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін Жанерке Дүйсенбаев орындады. Олар да осы университеттен.
Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың атақты «Арыс жағасында» әнін аталған оқу орнының студенттері Мақсат Сражадинов пен Самат Қайырбаев салды. Жекелеген орындаушылардың арасында оркестр қазақтың ұлттық өнерінен бөлек, И.Тамариннің «Музыкальный привет», В.Малярдың «Авреми» шығармаларын орындап отырды. Таң қалғанымыз өз алдына, тұщынғанымыз осы тұстар.
Сөйтіп отырғанымызда, ортаға үкілі домбыра ұстаған қыз шығып, халық әні «Аққұмды» шырқап кеп жіберді. Шарықтатпаса да, өз деңгейінде қалықтатты «Аққұмды». Бұл да Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің студенті Мадина Рымтаева. П.Чайковскийдің «Баркаролласын» Алия Тахуадина, И.Матвиенконың «Конь» әнін аталған университет студенттерінен құрылған «Жігіттер» тобы орындай алды. Қазақстандық эстрада жұлдыздары «Жігіттер» квартетіне жетпейді, әрине. Десе де, өздерінің десі бары қуантты. Сәкен Сейфуллиннің «Біздің жақтасын» Жанерке Дүйсенбаева жақсы-ақ алып шықты. Арқаның әнұраны іспетті бұл әнді қазір кейбір әншілер де нақышына келтіріп орындай алмай жатады. Соған қарағанда, медицина саласына икемделіп жүрген студенттің аз-кем кемістігі кешірімді сияқты.
Жалпы концерт жақсы өтті. Қазақтың халық әндерімен қоса, халық композиторларының шығармалары, тіпті, вальсі де шырқалды. Соңында аталған оқу орны студенттерінің оркестрмен хор айтқаны да керемет болды.
Жәнібек ӘЛИМАН