АймақБұқар жырау

Шаруасы шалқыған

Бұқар жырау ауданының Ақөре ауылдық округіндегі «Шатан» шаруа қожалығының басшысы Евгений Әпейісов өсімдік және мал шаруашылығымен айналысып, шаруасын шалқытып отыр.

Сурет ұйымдастырушылардан

Бұрын «Красный Октябрь» кеңшары болған осы ауылда туып-өскен Евгений 1993 жылы осындағы Калинин орта мектебін бітіріп, сол кездегі Қарағанды политехникалық институтының құрылыс конструкцияларының өндірісі факультетіне оқуға түсіп, 1998 жылы одан инженер-құрылысшы мамандығын алып шығады. Бірақ қолында күректей дипломы бар ол мамандығы бойынша жұмыс істемей, бірден жеке кәсіпкерлікпен айналысуға бел буды. Оған бұл жылдарда көптеген өнеркәсіп орындарының тұралап, жұрттың айлап жалақы алмаған жағдайы да себепші болған еді.

Сонымен кәсіпкерлікке ден қойған жігіт «Әпейісов» жеке меншік кәсіпорнын ашып, ет сау­дасына кіріседі. Ісі бірте-бірте оңға басып, Майқұдықта «Ет үйі» мен «Камелотта» мейрамханасын ашқан оның қаражат қоры да қомақтыланып, енді, «Туған жерге туыңды тік» демекші, кешегі өзінің туған жеріне барып, кәсібін одан әрі жалғастыруды ойлаған.

Міне, осы мақсатта Евгений Ерғалиұлы 2012 жылы ауылындағы «Шатан» шаруа қожалығын бұрынғы қожайынынан мал-мүлкі, жері мен техникасын қоса сатып алған еді. Сол уақытта қожалық иелігінде 4 500 гектар жер, соның ішінде 800 гектары жайылым, 30 жылқы мен 160 ірі қара малы болыпты. Ал, техникадан доңғалақты 1 және шынжыртабанды 1 трактор болса, олардың өзі қаңтарылып, сынып тұрған екен.

Бірнеше жыл кәсіпкерлікпен шұғылданып, тәжірибесі толысқан азамат шаруашылығын одан әрі дамытып, өркендету жоспарын жасап, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы алған несиесіне 100 жылқы мен «Әулиекөл» және «Қазақтың ақбас сиыры» тұқымына жататын 100 ірі қара сатып алып, мал қораларын жөндеп, техникалық паркін де жаңартуға көшеді. Жер көлемін де ұлғайтып, өз өнімі есебінен қолдағы малын жемшөппен жабдықтауды да жолға қойды.

Нәтижесінде бүгінде Евгений Әпейісовтің «Шатан» шаруа қожалығының меншігінде 12 500 гектар жер бар да, оның 4 300 гектары егістік алқаптары. Жылма-жыл фермер осы алқаптарының 700 гектарына арпа, 500 гектарына сұлы, 1 200 гектарына бидай дақылдары, 400 гектарына суданка шөбі мен зығыр тұқымдарын сеуіп, одан ойдағыдай өнім жинап жүр.

Бұл егіс жұмыстарын атқару үшін техникасы да жеткілікті. Яғни шаруа қожалығының 5 «К-700», доңғалақты 18 және 1 шынжыртабанды тракторлары, 3 жүктиегіші мен шетелдік «Шенсиман» жүк машинасы тіркемесімен науқандық жұмыстарға қашанда сақадай сай.

– Күзгі орақ мезгілінде егіннен жинап алынған өнімді шашпай-төкпей сақтауға арналған 3 қоймамызда жемазық пен тұқым сақталып, шапқан шөбіміз қоршаулы маяға үйіледі. Жалпы, қожалығымның осы өсімдік шаруашылығында маусымдық жұмыстар кезінде 10 адамға дейін еңбек етеді. Ал, мал шаруашылығында 12 адам еңбек етсе, биыл тағы да 1 мал дәрігері мен 1 есепшіні жұмысқа алдым. Бұлар айына 250 мың теңгеге дейін жалақы алып, вахтамен жұмыс істейтін адамдар үшін қыстағымыз басында жатақхана мен екі үй салып, олардың асханасы, моншасы, тынығу бөлмесі де бар. Суды өзіміздің қазып алған скважинадан алып, электр жарығы да үзіліссіз беріліп тұрады – дейді фермер Әпейісов.

Евгений Ерғалиұлы айтып отырған мал шаруашылығында қазірде 1 500 ірі қара өсіріліп, арнайы жабдықталған 5 базында бағып-қағылатын көрінеді. Осының 3 базында 730 сиыр тұрса, қалған 2 базында 500-ден астам өгізшелер бордақыға қойылып, 200-ден аса бұзаулар ұсталады.

Евгений Әпейісов бордақыланып, әбден күйіне келген бұл малдарын сойып, етін өзінің Майқұдықтағы «Ет үйіне» апарып, сатады және Астанадағы «Алтын қазына», Алматының «Первомайский» ет комбинаттарына тірідей жөнелтіп, өткізіп отырады. Ендігі жетпейтіні – өздерінің қасапханасы. Фермер алдағы уақытта оны салуды да ойластыруда.

Бұдан бөлек «Шатан» шаруа қожалығында 150 жылқы түлігі де өсіріледі. Жаз мезгілінде бие байлап, дайындаған қымыздарын өздері де ішіп, артылғанын базарға шығарып, қыс келгенде жылқыларын соғымға сатып, одан бірталай пайда түсіруде.

Келешекте Евгенийдің жоспарында өздерінде сиыр етінен жартылай фабрикаттар мен консервілер шығаратын цех салып, ол өнімдерін экспорттау да бар.

Осылайша туған жерге туын тігіп, еселі еңбегінің арқасында 2015-2020 жылдар аралығында облыстық мәслихаттың депутаты болып, өткен жылы өңіріне «Құрмет» орденін таққан фермер Евгений Әпейісов аудан көлемінде өтетін мәдени-спорттық шараларға да демеушілік жасап, аудан футбол командасының сыртқа жарысқа баратын жол шығынын да көтеріп келеді. Сондай-ақ, жоғында сатып ішіп, енді барында батып ішіп отырған оның қолында барын жерлестерімен бөлісіп, осының алдында облысымызда алғашқылардың бірі болып ауданның Белағаш ауылының тұрмысы нашар 3 отбасына товарлы несие ретінде бес-бестен сауын сиыр берген Атымтай жомарттығы да көпке үлгі. Сол сияқты Қарқаралы ауданының бір шаруа қожалығына да осындай несиеге 148 бұзау ұсынғаны да мақтауға тұрарлық.

«Шатанның» шаруасын шал­қытқан Евгенийге бұл кәсіпкерлік қызметінде Қарағандыдағы «Ет үйі» мен «Камелотта» мейрамханасына иелік етіп отырған жұбайы Галина мен сабақтан қолы бос уақытында жанынан табылатын «Мұрагер» мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы, ұлы Кәрімнің көмегі көп болса, үлкен қызы Карина Астанада студент те, кіші қызы Сафия Қарағанды қаласындағы 38-мектеп-гимназияның 2-сыныбында оқиды.

Евгенийдің ойы мен жоспары мұнымен шектелмейді. Ол қожалықтың жер көлемін кеңейтіп, мал тұқымын асылдандыруды естен шығармайды. Сол үшін жылқы табынына асыл тұқымды 5 айғыр мен сиыр табынына да асыл тұқымды бұқалар сатып алып, қосқан.

Жуырда бұл шаруа қожалығына Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын да арнайы ат ізін салып, мұнда атқарылып жатқан шаруаларға көңілі толып қайтқан. Ендеше осынау жомарт жүректі іскер азаматтың алдағы ісіне сәттілік пен береке тілейік!

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button