Шаруасы өрлеген өңір
60-қадам. СҮТ ЖӘНЕ СҮТ ӨНІМДЕРІ ӨНДІРІСІН ДАМЫТУ ҮШІН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАР ТАРТУ. Негізгі міндет: үш жыл мерзімде ТМД елдері нарығына шығарылатын өнімдерінің жартысына дейінгі экспортын қамтамасыз ету. Жұмыс селода кооперативтік өндірісті дамыту арқылы жаңазеландиялық Fronterra және даниялық Arla үлгісімен ұйымдастырылды.
Жаңаарқа ауданында ауыл шаруашылығы айтарлықтай дамып келеді. Бұл туралы ауданы әкімі Ғабдырахман ОМАРОВ аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Жаңаарқа ауданының басшысы Ғабдырахман Игілікұлы өткен жылдары атқарылған жұмыстарды салыстырмалы түрде айтып, әр саланың өсу динамикасын нақты сандармен келтірді. Табысқа жету жолындағы игі істерді БАҚ өкілдерінің алдында баяндап, жоспардағы жұмыстарға тоқталды
– Ауданда 6117 жеке шаруашылық иесі бар. Осы жекеменшік қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру бойынша жұмыстар қолға алынды. 2017 жылдың сәуір айына дейін аудан бойынша 1 ауыл шаруашылығы кооперативін құру, 2 сүт қабылдау пунктін ашу, 5, 10, 15 басқа арналған 27 отбасылық мал бордақылау алаңдарын құру, сүт таситын 1 автокөлік, 2 рефрижератор алу және 1 кормоцех ашу жоспарлануда.
ҚР «Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру туралы» Заңына сәйкес, бүгінгі күнге «Батыр ауылы», «Рамазан», «Мирас» шаруа қожалықтары бірігу арқылы ет бағытындағы ірі қара малының тұқымын өсіру, «Жанболат», «Ақсан» шаруашылықтары мен «Шынболат», «Мүбарак» жеке кәсіпкерлердің бірігуі арқылы ет дайындау үшін ірі қара малын өсіру бойынша ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін, сол сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу бойынша «Зергер-Агро Жаңаарқа» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып отыр,– деді Ғ.Омаров.
Сонымен қатар, «Агробизнес – 2020» бағдарламаларының негізінде, «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша жоспар жасалып, барлық ауылдық округтерге тапсырмалар берілген. «Құлан» бағдарламасы аясында жоспардағы 418 қылқұйрықтың орнына 455 жылқы, «Алтын асық» бойынша жоспардағы 315 қой орнына 498 қой, «Сыбаға» бағдарламасының жоспардағы 518 сиыр орнына 747 сиыр алынған.
Сол сияқты экспортқа ірі қара мал етін өткізу бойынша жоспардағы 50 тоннаны, 50,3 тоннаға асыра орындаған. Түгіскен ауылдық округіне қарасты «Жеңіс асыл тұқымды зауыты» Біріккен Араб Әмірліктеріне 3320 қой жіберген.
«Береке» бағдарламасының аясында ауданның 8 тұрғыны «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы несие алып, отбасылық бордақылау алаңын ашып отыр. Сонымен қоса, «Игілік» бағдарламасының негізінде 14 жеке тұлға жылқы және сиыр малын өсіру үшін 42,6 млн. теңге несие алды. Пилоттық жоба жолға қойылып, Целинный ауылдық округінде 22 құрылтайшының қатысуымен «Орынбай» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Бүгінгі күні сүтті тұқымды ірі қара малын алу үшін кооператив мүшелері 43 млн. теңге несие алды. Тоқтап тұрған сүт зауытының жұмысын жандандыру көзделген. «Жанболат» шаруа қожалығының 2000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салу және репродуктор-шаруашылық құру бойынша дайындаған инвестициялық жобасы өңдеу цехы болмағандықтан аумақтық Индустрияландыру картасына енгізілмеген. Үстіміздегі жылы Қытайдан өз қаражаты есебінен жобалық құны 20 млн. теңге болатын ет өңдейтін шұжық цехының қондырғыларын сатып алған «Жанболат» шаруа қожалығын Индустрияландыру картасына енгізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «Ескене» шаруа қожалығында іске қосылған бордақылау алаңын 1000 ірі қараға кеңейту арқылы, «Ескене» асыл тұқымды репродуктор шаруа қожалығының негізінде 3000 ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын құру және жылына 5 мың тоннаға дейін ет өңдеу, сою бойынша модульдық кешенін салу мақсатында дайындалған инвестициялық жобаны Индустрияландыру картасына енгізу жоспарланған.
Сондай-ақ, Ғабдырахман Игілікұлы ветеринария мәселесі, ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй жайы, көшелерді жарықтандыру мен абаттандыру жұмыстарының барысы, жолдар мен жылыту жүйесінің жұмысы, әлеуметтік қамсыздандыру жағдайы, шағын кәсіпкерліктің дамуы, білім беру мен денсаулық сақтау салалары және қоғамдық қауіпсіздік туралы кеңінен баяндады.
Нұрдос КӘРІМ