Шаруашылық иелері жайылымға қашан жариды?
Өңірде пайдаланылмаған жер учаскелерін қайтару бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Соған қарамастан аймақта жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаюға арналған жайылымдарының тапшылығы бар. Бұл туралы Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин өңірлік коминикациялар алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
Жайылым тапшылығына байланысты мемлекет 5 миллион гектар пайдаланылмаған ауылшаруашылық жерлерін мемлекет меншігіне қайтарған болатын. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев еліміздің жер ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану қажеттігін де атап өткен. Алайда, шаруашылық иелері жайылымға әлі де жарымай отыр.
– Фермерлік іспен айналысу үшін жер учаскелері жеткілікті, қазір облыста жер қатынастары саласындағы бақылау департаментінің пайдаланылмаған жер учаскелерін қайтару бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Осы жұмыстарды жүргізгеннен кейін босатылған жер учаскелерін конкурстық рәсімдер шеңберінде алуға болады. Бірақ, бос жайылым мәселесінде қиындықтар әлі де бар. Басты мәселе – жайылым тапшылығы. Тапшылық жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаюы бойынша байқалады. Бүгінде тапшылық шамамен 750 мың гектарды құрайды. Босатылатын учаскелерді, ең алдымен қосалқы шаруашылықтардың иелері алады, – дейді басқарма басшысы.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ